📰 Сарапшылар пікірі

Тегін жер телімін қалай аламыз?

Тегін жер телімін қалай аламыз?

Қазақстанда әр азаматқа мемлекеттен тегін жер алу құқығы берілген. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «жер алып береміз» деген түрлі ұсыныстар көбейіп, бұл тақырыпқа қызығушылық артты. Алайда Krisha.kz мамандарының түсіндіруінше, заң жүзінде мүмкіндік болғанымен, іс жүзінде жер алу оңай шаруа емес, ол уақыт пен шыдамды талап етеді, деп жазады Ozgeris.info.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, азаматтар жер телімін үш мақсатта тегін ала алады. Біріншісі – жеке тұрғын үй құрылысы (ИЖС – жеке үй салу үшін берілетін жер). Мұндай жер телімінің көлемі 10 сотыққа дейін беріледі және ол көбіне қала аумағында немесе елді мекен ішінде орналасады. Екіншісі – жеке қосалқы шаруашылық (ЛПХ – үй салып, мал ұстап, егін егуге арналған жер). Бұл бағытта суармалы жер болса 15 сотыққа дейін, ал суарылмайтын жер болса 25 сотыққа дейін беріледі. Үшіншісі – бау-бақша немесе саяжай мақсатындағы жерлер. Мұндай телімдер 12 сотыққа дейін беріледі және көбіне маусымдық пайдалануға арналған.

Бұл жер түрлерінің айырмашылығы өте маңызды. Мысалы, ИЖС пен ЛПХ жерлері толыққанды тұрғын үй ретінде есептеледі. Онда үй салып, заңдастырып, тұрақты тіркеуге тұруға болады, ипотека рәсімдеуге немесе зейнетақы қаражатын пайдалануға мүмкіндік бар. Ал саяжай жерлері тек уақытша тұруға арналған. Онда тұрақты тіркеуге тұруға болмайды, банк арқылы ипотека алу мүмкін емес және ондағы үйді заңдастыру да қиын.

Krisha.kz сарапшылары бұл мәселені былай түсіндіреді:

«Қазақстанда тегін жер алу құқығы бар. Бірақ басты мәселе – бос жердің тапшылығы мен инфрақұрылымның жетіспеуі. Көп жағдайда жер бар болғанымен, оған су, жарық тартылмаған. Сондықтан әкімдіктер мұндай жерді бірден бере алмайды. Ал кей өңірлерде мүлде бос жер жоқ. Сол себепті азаматтар жылдап кезек күтуге мәжбүр».

Жеке қосалқы шаруашылық немесе саяжай үшін жер алу тәртібі біршама өзгеше. Бұл жағдайда азамат жерді өзі іздеуі керек. Ол үшін Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының (ЕГКН) картасын пайдаланып, бос жерлерді қарайды. Картада белгіленбеген, бос тұрған аумақтарды анықтап, соның сызбасын жасап алады. Кейін сол учаске бойынша өтінішті eGov порталы немесе халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы береді.

Алайда бұл процесс оңай емес. Себебі бос жерлер өте аз, әсіресе ірі қалалардың маңында. Оның үстіне арнайы «дайын бос жерлер тізімі» жоқ – әр азамат өзі іздеуі тиіс. Бұл көп уақыт пен мұқияттылықты қажет етеді.

«Әлеуметтік желілерде «жер алып береміз» деп жүрген делдалдардың пайда болуы да осыдан. Олар жерді тез тауып береміз деп уәде береді. Бірақ шын мәнінде олар процесті жеделдете алмайды. Бұл – тек өтініш беруге көмектесетін ақылы қызмет. Ал жер беру мәселесін тек мемлекет шешеді», дейді сарапшылар.

Ал жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер (ИЖС) алу үшін арнайы кезекке тұру қажет. Бұл ең кең таралған әрі ең ұзақ процесс. Өтініш eGov порталы арқылы беріледі: «Жылжымайтын мүлік» бөлімінен «Жер қатынастары» қызметін таңдап, «ИЖС үшін жер телімін алу кезегіне қою» қызметіне тіркелу керек.

Бірақ бұл кезек өте баяу жылжиды. Себебі жер тек инфрақұрылымы дайын болған жағдайда ғана беріледі. Яғни су, жарық, жол секілді негізгі коммуникациялар болуы тиіс. Қазіргі таңда бұл кезекте шамамен 4 миллионға жуық адам тұр. Ал күту мерзімі кей өңірлерде 10–15 жылға дейін созылады.

Кезекте тұрған азаматтар өз мәртебесін екі жолмен тексере алады: eGov порталындағы арнайы қызмет арқылы немесе кадастр жүйесіндегі жеке кабинетте. Онда кезек нөмірі, тіркелген күні және өңірі көрсетіледі.

Жалпы алғанда, Қазақстанда тегін жер алу – қағаз жүзінде қолжетімді мемлекеттік қызмет. Бірақ іс жүзінде бұл – ұзақ әрі күрделі процесс. ЛПХ мен саяжай үшін белсенді ізденіс қажет болса, ИЖС үшін ең бастысы – уақыт пен шыдам. Сондықтан мамандар азаматтарға барлық рәсімді тек ресми арналар арқылы жүргізуді және делдалдардың уәдесіне сақтықпен қарауды ұсынады.

 

Барлық жаңалық