Үкімет отырысында Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын толық іске асыруды тапсырды деп жазды ozgeris.info сайты.
Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет еліміздің Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Қазіргі таңда сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Конституцияның барлық новеллалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде», — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктеді.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы бағытта жоспарлы жұмысты одан әрі жалғастыруы қажет», — деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне де тапсырмалар берілді.
«Халықтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру жөніндегі кешенді бағдарламаны уақтылы әзірлеп, Конституцияның тың қағидаттарын мектептер мен колледждердің және университеттердің үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз ету қажет», — деді Премьер-министр.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңнаманы қайта қарау мәселесі де көтерілді.
«Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, белгіленген мерзімдерде қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізіп, барлық заңдар мен бағдарламалық құжаттарды өзектендіру жұмыстарын аяқтау қажет», — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы барлық орталық және жергілікті атқарушы органдарға аталған іс-шаралар жоспарын толық жүзеге асыруды тапсырды.