Алматыда өзін «Қазақтың Робин Гуды» ретінде танытып, қоғам алдында қайырымдылықтың символы болып көрінген «Елге көмек» қорының басшысы Ілияс Сариевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Politico.kz сайтына сілтемемен.
Тергеу деректеріне сәйкес, Сариев қажылық пен умра сапарына барғысы келген азаматтардан ақша жинап, оларды қасиетті жерлерге жіберуге уәде еткен. Алайда кейін жиналған қаражаттың бір бөлігі құмар ойындарға жұмсалғаны анықталған.
Сотта MM Travel туристік компаниясының басшысы Ақтоты Дүйсеева куә ретінде жауап беріп, жаңа деректерді ашты. Оның айтуынша, Ілияс Сариев көпшілікке «компанияға қатысым жоқ» деп айтқанымен, шын мәнінде MM Travel-ды екеуі 2023 жылы бірге құрған. Құжат жүзінде компания Дүйсеева атына тіркелгенімен, барлық қаржы Сариевтің бақылауында болған.
«Ілияс қажылыққа жиналған ақшаны қолма-қол алып отырды, бірақ оны қайтармады. Соның кесірінен жиырма адам сапарға бара алмай қалды», — деді Дүйсеева.
Кейін оның телефон қосымшасынан букмекерлік платформаларға ақша аударғаны анықталған.
Тергеу барысында Сариевтің «Елге көмек» қоры арқылы да халықтан ақша жинап, «мұқтаж жандарға көмек беремін» деп уәде еткені, бірақ уәделерін орындамағаны белгілі болды. Осы іске байланысты алты адамның шағымы тіркелген.
Қазіргі таңда Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша айып тағылған. Дүйсеева өз кінәсін ішінара мойындап, келтірілген шығынды өтеуге уәде берді.
Бұрын қайырымдылық ісімен танылған Ілияс Сариевтің бұл әрекеті қоғамның наразылығын тудырды.Келесі сот отырысы 16 қазанға белгіленген.