«Өлсең де кредит кешірілмейді» деген сөзді көп адам жай ғана эмоция ретінде қабылдайды. Бірақ өмірде мұндай жағдайлар расымен кездесіп жатыр. «Қаржылық сауат» телеграм-арнасы осы мәселені көтеріп, ресми жауап алу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сауал жолдаған, деп жазады Ozgeris.info «Қаржылық сауат» телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Бұл мәселе нақты заңмен реттеледі және банк те өз тәртібімен әрекет етеді. Сондықтан мұндай жағдайға тап болғанда эмоциямен емес, нақты ережені біліп әрекет ету маңызды. Агенттіктің ресми жауабына сүйенсек, бұл жерде бірнеше негізгі қағида бар, және олардың әрқайсысы мұрагер үшін өте маңызды. Ең алдымен, көпшілікті қызықтыратын сұрақ – несиені міндетті сақтандыру енгізіле ме? Қысқа жауап – жоқ.
«Қазақстанда қазір «несиені міндетті сақтандыру» деген талап жоқ және енгізу жоспарда да жоқ. Заң бойынша (Азаматтық кодекстің 806-бабы) ешкімді өз өмірін сақтандыруға мәжбүрлеуге болмайды. Бұл – толықтай ерікті шешім. Банк сізге сақтандыруды ұсынуы мүмкін, бірақ оны талап етуге құқығы жоқ. Яғни, адам өзі қаласа ғана сақтандырады, қаламаса, бас тарта алады. Бірақ кейін осындай жағдай болғанда бұл шешімнің салдары болатынын көп адам кеш түсінеді», деп жауап берген «Қаржылық сауат» арнасына.
Келесі маңызды мәселе – қарыз кешіріле ме? Бұл жерде де нақты жауап бар: жоқ, автоматты түрде кешірілмейді. Банктерге марқұмның қарызын толық немесе ішінара есептен шығару туралы міндет қойылмаған. Яғни, заң банкке «міндетті түрде кешір» деп айтпайды. Әр банк әр жағдайды жеке қарайды. Мұрагердің әлеуметтік жағдайы, қаржылық мүмкіндігі, басқа да факторлар ескерілуі мүмкін, бірақ шешімді банк өз ішкі саясатына қарай қабылдайды. Сондықтан бір жерде қарыз жеңілдетілуі мүмкін, ал басқа жағдайда толық талап етілуі мүмкін.
Ең күрделі мәселенің бірі – мұра рәсімделетін 6 ай ішінде пайыз бен өсімпұл есептеле ме деген сұрақ. Өкінішке қарай, заңда бұл кезеңде пайызды тоқтату керек деген нақты норма жоқ. Яғни банк қаласа, есептейді, қаламаса тоқтатады. Бұл толықтай банктің өз шешіміне байланысты. Сондықтан кей жағдайда қарыз уақыт өткен сайын ұлғайып кетуі мүмкін. Бұл – қазіргі заңнамадағы ең даулы және халық үшін тиімсіз тұстардың бірі.
Тағы бір маңызды жайт – неге банктер әртүрлі шешім қабылдайды? Бір банк пайызды тоқтатса, екіншісі бәрін толық өндіріп алуы мүмкін. Агенттік бұл жерде де нақты жауап береді, банктерде бірыңғай ереже жоқ. Әрқайсысы тәуекелді өз бетінше бағалайды және ішкі саясатымен жұмыс істейді. Яғни, бұл жерде «бәріне ортақ бір заң бар» деп ойлау қате. Сондықтан мұрагердің өзі банкке барып, жағдайды түсіндіріп, келіссөз жүргізуі өте маңызды.
Енді мұрагер үшін ең маңызды нәрсе – өз құқығын білу. Бірінші қағида – жауапкершіліктің шегі бар. Мұрагер марқұмның қарызын толық емес, тек өзіне өткен мүліктің құны шегінде ғана өтейді. Мысалы, сізге 1 млн теңгенің мүлкі қалды, ал қарыз 10 млн теңге болса, банк сізден 1 млн теңгеден артық талап ете алмайды. Бұл заңмен қорғалған норма. Яғни, сіз өз қалтаңыздан артық ақша төлеуге міндетті емессіз. Екінші маңызды қадам – банкпен дер кезінде байланысу. Туысыңыздың қайтыс болғаны туралы құжатты банкке бірден өткізіп, өтініш жазу керек. Пайызды тоқтату немесе өсімпұлды қайта қарау туралы дәл осы кезде айту қажет. Бұл қадам қарыздың өсіп кетуін кем дегенде тежейді. Уақыт өткізіп алсаңыз, жағдай қиындауы мүмкін. Үшінші мүмкіндік – мұрадан толық бас тарту. Егер қарыз мүліктен көп болса, мұрадан бас тартуға болады. Бұл – заңды жол. Яғни, сіз қарызды да, мүлікті де қабылдамайсыз. Кей жағдайда бұл ең дұрыс шешім болуы мүмкін.
«Қандай қорытындыға келуге болады? Несие аларда сақтандырудан қашпаған дұрыс сияқты. Полис артық шығын болмас. Шындап келгенде, ол басыңа күн туғанда ата-анаң мен бала-шағаңды банкке телміртпейтін жалғыз қорған болып тұр. Әйтпесе, ажал айтып келмейді, артымызда қарыз қалатын болса, оның зардабын жазықсыз жақындарымыз тартады. Ал, сақтандырылсақ, қарызды компания жабады да, маңдай термен жиған үй/мүлкіміз туыстардың қолында қалады. Банк — коммерциялық ұйым. Ол бәрібір тиынын түгендеп алуға барын салады. Сондықтан, несиені сақтандыруға мән бере жүрген дұрыс секілді. Шешім өзіңізден», дейді «Қаржылық сауат» телеграм-арнасы.