Күн райы жылынып жұрт табиғат аясына асығатын шақ туды. Осыған орай құтқарушылар өрт қауіпсіздігі мен су жағасындағы тәртіпті қатаң сақтауға шақырады. Талаптарды елемеу үлкен айыппұлға немесе қылмыстық іске ұласуы әбден мүмкін деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Кәуап немесе барбекю пісіретін пештерді кез келген ғимараттан кемі он метр қашықтықта орнату шарт. Жанында міндетті түрде өрт сөндіргіш құрылғы немесе он литрлік су толы ыдыс тұруы қажет. Бұл тәртіпті бұзып құрғақ шөптің үстінде немесе үйге тым жақын жерде от жаққандарға ескерту жасалады немесе 21 625 теңге айыппұл салынады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 410-бабына сәйкес бір жыл ішінде ереже қайта бұзылса жаза пұлы 43 250 теңгеге өседі.
Көктемгі сенбілік кезінде де барынша абай болған жөн. Аула мен саяжайды қураған шөптен үнемі тазартып отыру маңызды. Құрғақ әрі желді күндері қоқыс өртеп от жағуға қатаң тыйым салынған. Ауа райы қолайлы болған күннің өзінде қалдықтарды арнайы орында ғана жағуға рұқсат етіледі. Ол жер құрылыс нысандарынан елу метр алыс болуы және үнемі бақылауда тұруы тиіс.
Сөндірілмеген сіріңке мен темекі тұқылын жерге тастауға болмайды. Балаларды оттан алшақ ұстап су жағасында қараусыз қалдырмау керек. Егер өрт шығып адам денсаулығына зиян тисе немесе бөтеннің мүлкіне нұқсан келсе 43 250 теңгеден басталатын айыппұл жазылады. Шығын көлемі бөлек өтеледі. Ал кісі өлімі немесе ауыр жарақат тіркелген жағдайда кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Өрт байқалған сәтте дереу 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мүлдем басқа талаптар жұмыс істейді. Ұлттық саябақтарда тек арнайы жабдықталған орындарда ғана кәуап пісіруге болады. Бұл тәртіпті бұзған жеке тұлғалар 367-бап бойынша 432 500 теңге төлеуге мәжбүр болады. Лауазымды тұлғалар мен шағын бизнес иелері үшін бұл сома 1 081 250 теңгені құрайды.