💰 Экономика

Пайызсыз пайда: мұсылман инвестор ақшасын қайда салады?

Пайызсыз пайда: мұсылман инвестор ақшасын қайда салады?

Елімізде исламдық қаржы құралдарына қызығушылық артып келеді. Бұрын бұл ұғым көбіне банктік өнімдермен ғана байланыстырылса, бүгінде шариғат талаптарына сай инвестиция салуға ниетті азаматтардың қатары көбейіп келеді. Әсіресе пайыздық табыстан бас тартып, қаражатты нақты экономикамен байланысты активтерге орналастыруды қалайтындар үшін бұл бағыттың маңызы зор, деп жазады Ozgeris.info.

Қаржыгер Тұрар Әбдидің айтуынша, исламдық инвестиция жай ғана белгілі бір компаниялардың акциясын сатып алмаумен шектелмейді. Оның түпкі негізінде қаржы мен жауапкершіліктің тепе-теңдігі жатыр.

«Көпшілік исламдық инвестиция десе алкоголь өндіретін не құмар ойынмен айналысатын компаниялардың акциясын алмауды ғана түсінеді. Алайда мәселе әлдеқайда терең. Ислам қаржысының негізгі қағидаларының бірі – рибаға, яғни өсімқорлыққа тыйым салу. Ақша өздігінен ақша туғызбауы керек. Табыстың негізінде нақты сауда, серіктестік немесе өндірістік қызмет тұруы қажет. Сол себепті мұсылмандарға дәстүрлі депозиттер, пайыздық несиелер мен тұрақты сыйақы төлейтін облигациялар қолжетімді қаржы құралдары қатарына кірмейді. Бұдан бөлек, алкоголь, темекі, құмар ойын, қару-жарақ өндірісі, дәстүрлі банк секторы, сақтандыру компаниялары, ересектерге арналған индустрия немесе шошқа өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорындардың бағалы қағаздары инвестициялық қоржыннан толық шығарылады», дейді қаржыгер.

Picture background

Әлемдік исламдық қаржы нарығы соңғы онжылдықта қарқынды дамып келеді. Қазір шариғат талаптарына сай жұмыс істейтін инвестициялық қорлардың активтері триллиондаған доллармен есептеледі. Бұл құралдарды тек мұсылмандар ғана емес, тәуекелі төмен әрі этикалық қағидаларға негізделген инвестиция іздейтін өзге инвесторлар да пайдаланады. Дегенмен тәжірибеде бәрі бірдей қарапайым емес. Кейде негізгі қызметі рұқсат етілген ірі технологиялық компаниялардың өзі депозиттен пайыздық табыс алуы немесе шариғат талаптарына толық сәйкес келмейтін бөлімшелерге иелік етуі мүмкін.

Осы тұста исламдық қаржыда «тазкия», яғни, табысты тазарту қағидасы қолданылады.

«Мысалы, Apple немесе Microsoft секілді компаниялардың негізгі қызметі халал саналады. Бірақ олардың бос қаражаты банктерде сақталып, пайыздық табыс әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда арнайы сарапшылар мен қосымшалар компания кірісінің қандай бөлігі шариғат талаптарына сәйкес келмейтінін есептейді. Инвестор дивиденд алған кезде сол үлесті қайырымдылыққа аудару арқылы табысын тазартады. Бұл садақа емес, қаржыны шариғат талаптарына сәйкестендіру міндеті болып саналады», дейді Тұрар Әбди.

Picture background

Исламдық қаржы жүйесінде тағы бір маңызды міндет бар. Ол – зекет төлеу. Егер адамның жалпы мүлкі нисаб мөлшерінен асса, жыл сайын оның белгілі бір бөлігі мұқтаж жандарға беріледі.

«Инвестор акция сатып алды, табысын тазартты екен деп міндеттен толық босап кетпейді. Егер оның жалпы капиталы нисаб деңгейінен жоғары болса, зекет төлеуі қажет. Қазіргі есеппен нисаб шамамен 85 грамм алтынның құнына тең келеді. Бұл қағида исламдық қаржының әлеуметтік жауапкершілік қағидатымен тығыз байланысты», дейді сарапшы.

Қаржы нарығында шариғат талаптарына сай инвестиция жасауды жеңілдететін дайын құралдар да бар. Олар исламдық индекстерге негізделген биржалық қорлар арқылы жұмыс істейді.

Сарапшының айтуынша, SPUS, HLAL, UMMA секілді халықаралық қорлар мыңдаған компанияның ішінен шариғат сүзгісінен өткен кәсіпорындарды іріктеп береді. Соның арқасында инвестор әр компанияны жеке тексеріп отырмай-ақ, исламдық қағидаларға сай қалыптастырылған қоржынға қаражат сала алады.

Сөйтіп, исламдық инвестицияның мақсаты тек табыс табу емес. Бұл – қаржыны этикалық қағидалармен ұштастырып, нақты экономикаға қатысуға негізделген жүйе. Сондықтан мұндай инвестиция түрі бүгінде әлемдік қаржы нарығындағы ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың біріне айналып отыр.

 

Барлық жаңалық