Елімізде қаржы саласына үлкен өзгеріс келгелі тұр. Пайызсыз несие беру тетігі барлық банкке енгізілмек. Бұл бастама «ислам терезесі» деп аталады. Яғни, бұдан былай исламдық үлгідегі қаржыландыруды тек арнайы ислам банктері ғана емес, кез келген қаржы ұйымы қолдана алады. Осыған байланысты қоғамда «пайызсыз несиені қалай аламыз, қандай талап қойылады» деген сұрақтар көбейді, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл жүйе әлемде бұрыннан бар. Қазіргі таңда исламдық қаржыландыру 90 мемлекетте қолданылады. Бір жылда оның үлесі 4,5 триллион доллар көлеміне дейін өскен. Сарапшылар сұраныс соңғы 7 жылда екі есе артқанын айтады. Қазақстанда бұл жаңашылдық 2009 жылы енгізілген. Бірақ арада 16 жыл өтсе де, нарықтағы үлесі 1 пайыздан аспаған. Дүниежүзінде Сингапур, Малайзия сияқты елдер бұл бағытты кеңінен дамытып, экономикасына тиімді қосымша арна ретінде қалыптастырған.
Енді «бұл жүйе қалай жұмыс істейді?» деген сұраққа келейік. Сарапшылардың айтуынша, мұндай тетік ең алдымен жас отбасыларға, жаңа мамандық алған жастарға, кәсібін енді бастап жүрген азаматтарға қажет. Оларға тұрмыстық жағдайын жақсарту, үй алу, кәсібін дамыту үшін ұзақ мерзімге бөліп төленетін қаражат беріледі. Бұл қаржының басты ерекшелігі – пайыз есептелмейді, тек шариғат талабы бойынша жасалған келісімдегі нақты төлем ғана қаралады.
Қазір елімізде екі ислам банкі жұмыс істейді. Олар – шетелдік Әбу-Даби және отандық Заман банкі. Бірақ мұнымен тоқтап қалмайды. Өйткені жаңа заң бойынша исламдық тетіктерді қолдану үшін жеке банк ашудың еш қажеті жоқ. Кез келген банк исламдық үлгіде несие беріп, депозит қабылдай алады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай өзгеріс бәсекелестікті күшейтіп, банк секторына жаңа ойыншыларды тартпақ. Сондай-ақ халық пен бизнес үшін қаржы қызметтерін қолжетімді етеді.
Мұндай жүйеде дәстүрлі несиелердің орнына басқа атаулар қолданылады. Мысалы, иджара – исламдық лизинг. Дәстүрлі лизингте мүлікті пайдаланғаны үшін пайыздық мөлшерлеме төленсе, иджарада тек жалға алу төлемі бар. Ал мурабаха – ислам ипотекасы. Бұл модельде банк пәтерді өзі сатып алып, үстіне белгілі бір ақы қосып клиентке қайта сатады. Мудараба – ислам депозиті. Банк оған салынған ақшаны бір кәсіпорынға немесе жобаға салып, түскен табысты клиентпен бөліседі. Бірақ қаржы тек халал кәсіпке ғана жұмсалады.
Исламдық қаржыландыру барлық салаға бірдей берілмейді. «Қара тізім» бар. Оған алкоголь өндірісі, темекі, қару-жарақ саудасы, шошқа еті, құмар ойындары, лотерея және ойын-сауық индустриясы кіреді. Тағы бір ерекшелігі – исламдық қаржы тек көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын тауарға беріледі. Сол себепті криптовалюта, фьючерс, своп сияқты операцияларға шектеу қойылған.
Заң жобасы әзірге парламент қарауында жатыр. Жыл соңына дейін қабылдануы тиіс. Президент бұл жаңашылдықты биылдан қалдырмай енгізуді тапсырған.
Қоғамда исламдық қаржыға деген қызығушылық артып келеді. Алайда сұраныс көбейген сайын бұл салаға қатысты әртүрлі қате түсініктер де жиілей бастады. Осы бағыттың мәнін тереңірек білу үшін
Астана халықаралық қаржы орталығы жанындағы исламдық қаржы бағытын басқаратын Мадина Тукуловамен жиі кездесетін жеті мифті талдап шықты. Біріншісі – исламдық қаржы тек мұсылмандарға арналған. Бұл көп тараған қате пікір. Исламдық қаржыны кез келген адам пайдалана алады. Талап біреу ғана. Қаражат бөлінетін жоба шариғатқа қайшы болмауы тиіс.
«Исламдық қаржы деп аталуы оның дінге байланғанынан емес. Ол белгілі бір ережелерге бағынғандықтан солай аталады. Ал оны пайдалану құқығы барлық азаматқа ортақ. Мұсылман емес елдерде де бұл жүйе жақсы дамып отыр. Сол себепті оны тек бір діннің өнімі деп қарау дұрыс емес», дейді ол.
Екінші миф – ислам банктері табыс таппайтын ұйымдар. Кей адамдар ислам банктері ақша таппайды деп ойлайды. Бұл да шындыққа жанаспайды. Олар да пайда табады, бірақ дәстүрлі банк сияқты пайыз арқылы емес, шариғат тыйым салмайтын өзге тәсілмен жұмыс істейді.
«Ешбір қаржы ұйымы қаражатты тегін таратпайды. Ислам банктерінің де өз табысы бар. Олар ұсынатын өнімдер шариғатқа сай болуы тиіс. Мысалы, сақтандыру жүйесі де басқаша. Егер белгілі бір кезеңде сақтандыру жағдайы болса, клиент өтемақы алады. Егер болмаса, келісімді қайта созады немесе өз қаржысын кері алады. Бұл қаражат сол уақыт ішінде инвестицияға салынады», дейді маман.
Үшінші миф – ислам банктері халыққа ақша бермейді. Дәстүрлі банк түсінігіндегі несие бұл жүйеде жоқ. Бірақ ислам банктері қаржы бермейді деген сөз емес. Олар өзге тәсілдермен қаржыландырады. Мадина Тукулова мысал келтіреді:
«Мурабаха, исламдық ипотека, тауарды бөліп төлеу, кейін сатып алу шартымен жалға беру сияқты өнімдер бар. Сондай-ақ убывающая мушарака деп аталатын үлгі қолданылады. Мұнда банк пен клиент мүлікті бірге сатып алады. Мысалы, банк 80 пайызын, клиент 20 пайызын алады. Клиент банкке тиесілі бөлік үшін жалға ақы төлейді. Өз үлесін көбейткен сайын төлем өзгеріп отырады».
Төртінші миф – исламдық қаржы дінді пайдаланып бизнес жүргізеді. Бұл да жиі айтылатын қате түсініктердің бірі. Мадина Тукулова бұл мәселені былай түсіндіреді:
«Қазақстанда соңғы жылдары діни сенімін ұстанатын азаматтар көбейді. Олар да бизнес жүргізгісі келеді, табыс тапқысы келеді. Бірақ кейбір қаржылық өнімдер шариғатқа сай келмегендіктен олар пайдалана алмайды. Исламдық қаржы сол азаматтарға да тең мүмкіндік беру үшін қажет. Бұл жерде дінді пайдалану емес, белгілі бір топтың қаржы құралдарына қол жеткізуіне жағдай жасау маңызды», дейді маман.
Мұсылман адам инвестиция жасай алмайды деген пікір де бар. Бұл да дұрыс емес. Инвестиция жасайды, бірақ таңдалатын құрал шариғат талаптарына сәйкес болуы керек. Сарапшының айтуынша, исламдық қаржының халықаралық ережелері бар. Сол нормаларды бақылап отыратын ұйымдар жұмыс істейді. Қазір тіпті белгілі бір активтің талапқа сай келетінін тексеретін мобильді қосымшалар да бар. Мысалы, Sahih Invest құралымен активті бірден тексеруге болады. Дәстүрлі облигациялар шариғатқа сәйкес келмейді. Бірақ сукук бар. Бұл оның исламдық нұсқасы. Арнайы исламдық бағалы қағаздар мен шариғатқа сай индекстер де қолданылады.