Батыс Қазақстан облысында бір тәулік ішінде із-түзсіз жоғалған үш адам табылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді. Бұл жөнінде ozgeris.info сайты хабарлады.
Алғашқы жағдайда 2014 жылы туған бала жоғалып кеткен. Баланы іздеуге полиция департаментінің барлық бөлімшелері жұмылдырылды. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде бала қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірінен табылып, ата-анасына тапсырылды. Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.
Екінші жағдайда полиция қызметкерлері 1993 жылы туған әйелді тапты. Оның анасы ақпан айының соңында полицияға жүгініп, қызын өткен жылдың тамыз айынан бері көрмегенін айтқан. Жүргізілген іздестіру шаралары нәтижесінде әйелдің жүрген жері анықталды.
Сонымен қатар полиция 1994 жылы туған жас жігітті де тапты. Ол 2 наурыз күні кешке үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Оның қозғалыс бағыты бейнебақылау камералары арқылы анықталды. Нәтижесінде ер адам қаладағы қараусыз қалған үйлердің бірінен аман-есен табылды. Белгілі болғандай, ол ақыл-ой кемістігімен ауырады. Қазір ол ата-анасына тапсырылды.
Полиция азаматтарды балаларға мұқият болуға, жақындары жоғалған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға және ерекше қамқорлықты қажет ететін адамдарға назар аударуға шақырады.