Танымал әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желіде қыз тәрбиесіне қатысты ой-пікірін бөлісті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Актриса екінші қызы Алуамен түскен суреттерін жариялап, ана ретінде ұстанымын ашық жеткізген.
«Біліп жүріңіздер! Менің қызым – өз үйінде қонақ емес, ол – менің жалғасым. Мен оны “біреудің босағасын аттайсың” деп емес, өз арманы, таңдауы, еркі бар жеке тұлға деп тәрбиелеймін. Қызыма қырық үйден тыйым емес, керісінше қолдау көрсетілуі керек», – деп жазды ол.
Желі қолданушылары продюсердің бұл пікіріне қолдау білдіріп, қыз баланың отбасыдағы орны ерекше екенін атап өтті. Пікірлердің бірінде: «Қыз – қонақ емес, қыз – құт. Қыз бар үйдің шамы сөнбейді» десе, енді бірі «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» деп жазған.
Көпшілік ана сөзінің салмағы ауыр екенін айтып, қыз баланы қадірлеу – қоғамның айнасы екенін жеткізді.