Қоғам

Вице-премьер Қазақстандағы азық-түлік бағасы туралы пікір білдірді

Вице-премьер Қазақстандағы азық-түлік бағасы туралы пікір білдірді

Вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстандағы азық-түлік бағасының өсуін қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуімен ғана байланыстыру дұрыс емес екенін айтты. Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазады ozgeris.info.

Министрдің айтуынша, Қазақстан кейбір азық-түлік өнімдерімен өзін толық қамтамасыз ете алмайды. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар өнімдердің басым бөлігі бойынша ел өзін 70–90 пайыз көлемінде ғана қамтамасыз етеді. Сондықтан нарықтағы кейбір өнімдердің импорт болуы да бағаға әсер етеді.

Жұманғариннің сөзінше, қазіргі уақытта азық-түлік бағасы әлем бойынша өсіп жатыр. Сонымен қатар қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне шетелде сұраныс артып келеді. Сол себепті фермерлер өнімдерін экспортқа шығаруға мүдделі.

«Біз оларға өнімді ішкі нарықта сатуды ұсынамыз. Бірақ фермерлер өз табысын арттырғысы келеді. Сондықтан кейде ішкі нарықта да бағаны көтереді. Біз оларға экспортты толық шектеу қоя алмаймыз, өйткені бұл саланың дамуына кері әсер етуі мүмкін», – деді вице-премьер.

Ол сондай-ақ Қазақстанға Ресейден де едәуір көлемде азық-түлік өнімдері жеткізілетінін атап өтті. Ресейдегі азық-түлік инфляциясы шамамен 2 пайыз деңгейінде, бұл да Қазақстандағы бағаға ықпал етеді.

Жұманғариннің айтуынша, азық-түлік бағасының өсуін тек 4 пайыздық ҚҚС мөлшерлемесімен байланыстыру дұрыс емес. Бұл – бірнеше фактордан тұратын күрделі процесс.

Министрдің пікірінше, мәселенің негізгі шешімі – отандық өндірісті дамыту және ішкі нарықты жергілікті өнімдермен толықтыру.

Айта кетейік, биыл ақпан айында Қазақстандағы айлық инфляция деңгейі 1,1 пайызды құраса, азық-түлік бағасы 1,3 пайызға өскен.

Барлық жаңалық