Көп жылдан бері Орталық Азиядағы өндіріс жарысында Өзбекстан алда жүретін. Әсіресе өңдеу өнеркәсібінің өсім қарқыны жөнінен көрші елдің көрсеткіші жоғары болатын. Бірақ биыл жағдай өзгерді. 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Қазақстан өңдеу өнеркәсібінің өсімі жағынан Өзбекстаннан озып шықты. Бір қарағанда бұл жай ғана статистика сияқты көрінуі мүмкін. Алайда сарапшылар мұны ел экономикасындағы терең өзгерістердің белгісі деп бағалайды, деп жазады Ozgeris.info.
Қаңтар-сәуір аралығында Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі 109,9 пайызды құрады. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 108,5 пайыз болды. Айырмашылық аса үлкен емес. Бірақ мәселе пайызда емес. Мәселе – трендтің өзгеруінде.
Соңғы жылдары Қазақстан экономикасы туралы сөз болғанда мұнай мен металлға тәуелділік жиі айтылатын. Ал өңдеу өнеркәсібі жөнінен мысал ретінде көбіне Өзбекстан көрсетілетін. Себебі көрші ел мақтадан бастап дайын киімге дейінгі өндірістік тізбекті қалыптастырып, өңдеу секторын жүйелі түрде дамытты. Сондықтан бұл жолғы нәтиже көп сарапшының назарын аударды.
Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, екі елдің өнеркәсіптік құрылымы ұқсас көрінгенімен, ішкі мазмұны әртүрлі.
«Қазақстан мен Өзбекстанның өнеркәсіптік моделі ұқсас болғанымен, олардың ішкі мамандануы әртүрлі. Екі елде де металлургия өңдеу өнеркәсібінің негізгі тіректерінің бірі болып отыр. Қазақстанда металлургияның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі шамамен 42 пайызға жетеді. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 34 пайыздан асады. Бірақ биылғы алғашқы төрт айда екі елде де металл өнімдері өндірісінде аздап төмендеу байқалды», дейді сарапшы.
Әдетте мұндай жағдайда өндіріс өсімі де баяулауы керек еді. Бірақ Қазақстанда басқа салалар бұл төмендеудің орнын толтырып қана қоймай, жалпы өсімді алға сүйреді. Ең алдымен көзге түсетіні – машина жасау. Биыл бұл сала бірден 23,3 пайызға өсті. Мұның өзі кездейсоқ көрсеткіш емес. Машина жасау экономикадағы ең күрделі салалардың бірі саналады. Себебі ол ондаған қосымша өндірісті қатар қозғайды.
Автокөлік құрастыру, ауыл шаруашылығы техникасы, теміржол вагондары, электр жабдықтары, қосалқы бөлшектер өндірісі – бәрі осы саламен тығыз байланысты.
«Бұл жай ғана бір саланың жетістігі емес. Машина жасау дамыса, оның артында автомобиль өндірісі, ауыл шаруашылығы техникасы, теміржол техникасы, электр жабдықтары, қосалқы бөлшектер, инженерлік қызметтер және білікті кадрлар нарығы бірге қозғалады», дейді Айбар Олжаев.
Биылғы өсімнің тағы бір ерекшелігі – бірнеше саланың қатар қарқын алуы. Мәселен, фармацевтика өндірісі 35,2 пайызға артқан. Резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі 30,8 пайызға өскен. Құрылыс материалдары шығаратын кәсіпорындардың өсімі 27,7 пайызға жеткен. Дайын металл бұйымдары өндірісі бірден 46,6 пайызға ұлғайған. Азық-түлік өндірісі де 14,4 пайыздық өсім көрсетіп отыр.

Яғни өсім бір ғана мұнайдың немесе металдың есебінен қалыптасып жатқан жоқ. Экономиканың бірнеше бағыты қатар жанданып келеді. Бұл неліктен маңызды?
Себебі дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, тұрақты экономикалық өсім шикізаттан емес, өңдеу секторынан келеді. Шикізат қымбаттаса табыс көбейеді, арзандаса кіріс азаяды. Ал дайын өнім шығаратын мемлекеттер жаһандық нарықтағы өзгерістерге әлдеқайда төзімді болады. Өзбекстан бұл бағытта әлі де күшті ойыншы болып қала береді. Әсіресе тоқыма және жеңіл өнеркәсіп саласында көршілеріміздің тәжірибесі мол.
«Өзбекстанның өз артықшылығы бар. Бұл ел жеңіл өнеркәсіпте, әсіресе тоқыма, киім және аяқ киім өндірісінде мықты позицияға ие. Сондықтан өңдеу өнеркәсібінде тоқыма, киім және былғары өнімдерінің үлесі шамамен 15 пайызға жуық. Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 1 пайыз шамасында ғана», дейді экономист.
Дегенмен сарапшылар дәл осы айырмашылық Қазақстанға жаңа мүмкіндік беретінін айтады. Егер ауыр индустрия мен машина жасауға сүйенген қазіргі модель жеңіл өнеркәсіппен, фармацевтикамен және жоғары технологиялық өндірістермен толықса, еліміздің өндірістік әлеуеті бірнеше есе артуы мүмкін.
Сондықтан Қазақстанның биыл өңдеу өнеркәсібінің өсімі жөнінен Өзбекстанды басып озуы жай ғана статистикалық жаңалық емес. Бұл ел экономикасының жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіретін белгі. Алдағы жылдары осы қарқын сақталса, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі шикізат экспорттаушы ғана емес, ең қуатты индустриялық орталыққа да айналуы мүмкін. Қазіргі көрсеткіштер соған бастар жолдың алғашқы нышанын байқатып отыр.