Қоғам

Ақпарат министрлігі танымал журналистің отбасына көңіл айтты

Ақпарат министрлігі танымал журналистің отбасына көңіл айтты

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі журналист, спорт комментаторы Ғалым Қамашұлы Сүлейменнің дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтты,деп хабарлайды Ozgeris.info

Ғалым Қамашұлы еңбек жолын 1994 жылы «Өркен-Горизонт» газетінде бастап, 1996–2004 жылдары «Egemen Qazaqstan» газетінде спорт шолушысы қызметін атқарды. 2004 жылы «Sports&kz» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Кейін «Aiqyn» республикалық газетінде еңбек етіп, «Берен» спорт журналының жұмысына атсалысты.

Өмірінің соңына дейін «Egemen Qazaqstan» газетінде журналистік қызметін жалғастырып, YouTube желісіндегі «Берен/Beren live» арнасы арқылы отандық спортты кеңінен насихаттады. Сондай-ақ қазақ телевизиясында көптеген спорттық жарысты жүргізіп, кәсіби комментатор ретінде көпшілікке танылды.

Ғалым Қамашұлының қазақ спорт журналистикасын дамытуға қосқан үлесі лайықты бағаланды. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының стипендиаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың екі дүркін лауреаты болды.

Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Ғалым Қамашұлының жарқын бейнесі, ғибратты ғұмыры мен өнегелі еңбек жолы халық жадында мәңгі сақталады.

Марқұмның жаны жәннаттан жай тауып, иманы саламат, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын.

Барлық жаңалық