Өзбекстандағы мектептердің бірінде мұғалім бірінші сынып оқушысын ұрған сәт түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Кадрларда мұғалімнің оқушыны ұрсып, оның бетінен бірнеше рет қолымен ұрғаны көрінеді. Әлеуметтік желі қолданушылары баланың тапсырманы дұрыс орындамағаны үшін жазаланған болуы мүмкін деген болжам айтты.
Наманган облысының Мектепке дейінгі және мектептік білім басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға 16 қыркүйекте шамамен сағат 10:30-да Қасансай ауданындағы №39 мектепте, үшінші сабақ кезінде болған. Бастауыш сынып мұғалімі 1 «Б» сынып оқушысына кітаптағы мәтінді оқи алмағаны үшін күш қолданған.
Қазір мектепте жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Мамандар оқиғаға және оған жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға береді.
Тексеру қорытындысы бойынша мектеп басшылығы мен мұғалімге қатысты заңнамаға сәйкес шара қолданылатыны хабарланды.
Айта кетейік, Өзбекстанда жақында оқу процесі кезінде балаларға физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткен педагогтердің жауапкершілігі күшейтілген.
Егер мұндай әрекеттен неғұрлым ауыр қылмыс белгілері анықталмаса, мұғалімге 1-ден 5 базалық есептік шамаға дейін (440 мыңнан 2,2 млн сумға дейін) айыппұл салынуы және бір жылға педагогикалық қызметпен айналысуына тыйым салынуы мүмкін.