Қазақстан өз болашағын шетелдің қолына беріп жатыр. Ғалымдардың жаппай елінен безуі тек Қазақстанда емес, жалпы Орталық Азия елдерінде орын алып жатқан мәселе. Салдарынан ғылымның дамуы тежеліп тұр. Соңғы жылдары білікті ғалымдар мен зерттеушілер Еуропа, Солтүстік Америка мен Ресейге жаппай қоныс аударуы тұрақты сипатқа ие болуда. Оның басты себебін сарапшылар ғылымға жеткілікті деңгейде қолдамайтынын және қаржы бөлінбейтінін атап өтті. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Ғылымға бөлінетін қаржы тым аз
Елімізде 2020 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) ЖІӨ-нің небәрі 0,12%-ы ғана бөлінген. Әлемдік орташа көрсеткішпен салыстырғанда 1,7%-ға төмен. Ал ЭЫДҰ елдері ғылымға орта есеппен ЖІӨ-нің 2,5%-ын бөледі. Төмен қаржыландыру ғылыми жобалар жасауға, жаңа технологиялар сатып алуға немесе зерттеушілерге лайықты жалақы төлеуге жеткіліксіз. 2021 жылы отандық зерттеушілердің орташа жалақысы - 150 000 теңге болған. Ал Еуропалық Одақ елдерінде ғалымдардың айлық жалақысы орта есеппен 3000 доллардан асады. Осындай айырмашылық шетелге кетудің басты себебіне айналған.
Өзбекстанда бұл көрсеткіш 2020 жылы 0,13%-ды құрады, Қырғызстанда - 0,11%, Тәжікстанда - 0,1%-дан да төмен болды. Оларда да ғалымдар мардымсыз жалақыға өмір сүруге мәжбүр.
Ғылыми инфрақұрылымның тозуы
Елімізде көптеген университеттер мен ғылыми орталықтар әлі күнге дейін ескі жабдықпен жұмыс істеп келеді. Әлемдік ғылыми дерекқорлар, атап айтқанда Scopus пен Web of Science ақылы болғандықтан, оларға қолжетімділік те шектеулі. 2020 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстандағы ЖОО-лардың тек 12%-ы ғана осы базаларға толық қол жеткізе алған. Ғалымдарда заманауи құрал-жабдық болмаған соң, сапалы зерттеу жүргізу мүмкін емес. 2018–2022 жылдары аралығында биотехнология саласында жұмыс істеген қазақстандық зерттеушілердің 60%-ы елден кеткен. Негізгі себеп қажетті зертханалық жағдайдың жоқтығы.
Мансаптық өсу мүмкіндіктері аз
Қазақстанда ғылыми мансап нақты жетістіктермен емес, көбіне шенеуніктік құрылымдармен және формалды жүйелермен өлшенеді. Жастар үшін ғылымда өсудің ашық әрі әділетті жолы жоқ. Бұл жағдай Қырғызстан мен Тәжікстанда тіпті күрделірек. 2021 жылғы Eurasian Research Institute зерттеуіне сәйкес, Қырғызстандағы жас ғалымдардың 70%-ы, ал Тәжікстандағы 65%-ы грант алуда немесе қызметтік өсу кезінде жемқорлыққа тап болған. Өзбекстанда ғылыми жетекшілерді тағайындау қабілетке емес, лоялдылыққа қарай жүзеге асады.
2019 жылы 320 PhD дәрежесі бар ғалым елден кеткен. Олардың 75%-ы Еуропа мен АҚШ-қа қоныс аударған. Өзбекстанда сол жылы 200-ге жуық зерттеуші эмиграциялаған. Жас ғалымдар, әсіресе 35 жасқа дейінгілер, халықаралық журналдарда жарияланымға қол жеткізе алатын елдерге кетуді жөн көреді.
Ғалымдардың беделі төмен
Қазақстанда ғылым саласына мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылғанымен, қоғамдағы зерттеушілердің беделі әлі де төмен. Ғалым мамандығы бизнесмендермен немесе мемлекеттік қызметкерлермен салыстырғанда тартымды көрінбейді. Бұл жағдай Қырғызстан мен Тәжікстанда да байқалады. 2020 жылғы әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша, аталмыш елдерде ғалым мамандығы ең беделді 20 мамандықтың қатарына да кірмеген. Сонымен қатар, инфляция мен экономикалық тұрақсыздық жағдайды нашарлата түседі. 2022 жылы Тәжікстанда инфляция 8,3%-ға, Қырғызстанда 13,9%-ға жетіп, ғалымдардың нақты табысын төмендеткен.
Ғалымдардың кетуінің салдары
Ғалымдардың жаппай кетуі өңірлік дамуға тікелей қауіп. Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша, 2015-2020 жылдары аралығында Орталық Азия ғылыми әлеуетінің шамамен 15%-ынан айырылған. Бұл ғылыми жарияланымдар санына да әсер етті: 2020 жылы әлемдік ғылыми мақалалардың 0,03%-ы-Қазақстанға, 0,02%-ы-Өзбекстанға, ал Қырғызстан мен Тәжікстанға-0,01%-дан аз үлеске тиесілі болды. Кадр тапшылығы өзекті мәселелерді, нақтырақ, климат, су, денсаулық сақтау салаларын шешуге кедергі келтіруде.
Не істеу керек? Мамандар бірқатар шешім жолдарын ұсынды:
1. Ғылымды қаржыландыруды арттыру. Қазақстан 2027 жылға дейін ғылымға ЖІӨ-нің 1%-ын бөлуді көздеп отыр. Бірақ бұл жоспардың жүзеге асуы үшін қаржыны бөлу жүйесі ашық әрі әділетті болуы тиіс. 2022 жылы елімізде ғылыми гранттардың тек 30%-ы ғана конкурс арқылы берілген.
2. Ғылыми инфрақұрылымды жаңарту. Назарбаев Университеті мысал бола алады. 2010 жылы ашылып, 2021 жылы инженерлік сала бойынша әлемнің үздік 1% университетінің қатарына кірді. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан да осындай ғылыми орталықтарға мұқтаж. 2023 жылы Орталық Азия елдері ғылыми инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қойды, бірақ нақты іске асыру әлі басталмаған.
3. Академиялық мансапты реформалау. Хирш индексі секілді халықаралық бағалау жүйесін енгізіп, жемқорлықты жою қажет. Қырғызстанда ғалымдардың тек 15%-ы, Тәжікстанда 10%-ы ғана жоғары импакт-факторлы журналдарда мақала жариялаған. Сапалы зерттеулерге ынталандыру болмаған жағдайда нәтиже де болмайды. Сондықтан халықаралық журналдарға жарияланым үшін сыйақы беру жүйесін енгізу маңызды.
4. Шетелдегі ғалымдарды елге қайтару. Қытай мен Үндістан бұл бағытта табысты тәжірибе көрсетіп отыр. Қытайдың «Мың талант» бағдарламасы арқылы 7000-нан астам ғалым елге қайтып, ірі гранттар алды. Қазақстанда 2011 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы бар, бірақ ол оқу мақсатында құрылған. 2015–2020 жылдары бағдарлама арқылы 120 ғана ғалым оралды, олардың 40%-ы кейін қайта шетелге кеткен. Репатриация бағдарламалары нақты шарттармен, тұрақты келісімшартпен және ғылыми жобаларға қаржылай қолдаумен қамтамасыз етілуі тиіс.
5. Ғылымның беделін көтеру. Ғалымдарды насихаттау, жетістіктерін көрсету және ғылымды мектеп бағдарламасына енгізу кәсіби беделді арттырады. 2022 жылы Өзбекстанда «Жас ғалым» бағдарламасы іске қосылып, 500 оқушы зерттеу жобаларымен айналысты. Мұндай бастамалар Қазақстанда да, өңірдің басқа елдерінде де жүйелі түрде іске асуы қажет.
6. Өңірлік ғылыми ынтымақтастық. 2021 жылы Орталық Азия елдері ғылыми әріптестік туралы декларацияға қол қойды. Алайда нақты жобалар әлі де жоқ. Бірлескен консорциум құрып, мысалы, Амудария мен Сырдарияның су ресурстарын басқару сияқты жобаларды қаржыландыру қажет. Мұндай бастамаларға өңірдің барлық елі тең дәрежеде қатысуы тиіс.
Ғалымдардың елден кетуі кадрлардан ғана емес, ғылым арқылы елді дамыту мүмкіндігінен де айырылу. Егер нақты және жүйелі өзгерістер жасалмаса, Орталық Азия жаһандық ғылымнан шеттеп қала береді.