Инвестор Аман Әлімбаев байлықтың өсуі кездейсоқ шешімдерге емес, ойлау жүйесіне байланысты екенін айтады. Көп адам капиталды сақтаудың ең түсінікті жолы деп жылжымайтын мүлік пен банк депозитін көреді. Алайда әлемдегі ең ауқатты адамдардың портфелінде бұл құралдар бар болғаны 11% ғана алады. Қалған бөлігі мүлде басқа логикамен құрылған, деп жазады Ozgeris.info.
Айтуынша, бай адамдар ақшаны жай сақтауға емес, болашақта табыс әкелетін жүйеге орналастырады.
«Егер ұзақ уақыт бойы ауқатты инвесторлар мен family office құрылымдарының қалай әрекет ететінін бақыласаң, мәселе сәтті мәміледе емес, капиталдың архитектурасында екенін түсінесің», дейді А.Әлімбаев.
UBS Global Family Office Report 2025 деректеріне сүйенсек, ауқатты отбасылардың активтерді стратегиялық бөлуі мынадай. Капиталдың 56%-ы дәстүрлі активтерге, яғни, акциялар мен облигацияларға салынады. Ал 44%-ы баламалы инвестицияларға бағытталады. Оның ішінде private equity, жылжымайтын мүлік және хедж стратегиялар бар. Бұл орташа инвестордың портфелінен түбегейлі өзгеше көрініс.
«Көпшілік жеке инвесторлар депозит пен нақты жылжымайтын мүлікке байланып қалады. Шешімдерді жағдайға қарай қабылдайды. Біртұтас инвестициялық архитектурасы болмайды. Соның салдарынан капитал жылдар бойы тоқырап тұрады немесе нарықтан әлдеқайда баяу өседі», дейді инвестор.
Әлімбаевтың пікірінше, ең маңызды айырмашылық осында. Бай адамдар қорғаныш активтеріне емес, болашақ табыстың көздеріне инвестиция салады. Ұзақ мерзімді капитал өсімі тарихта дәл осы бағытта қалыптасқан.
«Акциялар мен облигациялар бар стратегияларда тәуекел мен сабыр үшін сыйақы бар. Сондай ақ жеке бизнесте капитал өседі. Бұл жай болжам емес, зерттеулермен дәлелденген», деп атап өтеді ол.
Бұл тұжырымды Credit Suisse Global Investment Returns Yearbook аясындағы Dimson Marsh Staunton зерттеулері, McKinsey Global Private Markets Review және Cambridge Associates ұзақ мерзімді активтер кірістілігі туралы талдаулары растайды. Аталған зерттеулер ұзақ көкжиекте жаһандық портфельдер депозит пен жылжымайтын мүліктен жоғары нәтиже көрсететінін көрсеткен. Тіпті дағдарыстарды ескергеннің өзінде. Family office құрылымдарының тағы бір ерекшелігі бар. Олар бір активтен екіншісіне жүгірмейді. Олар алдын ала стратегиялық аллокацияны анықтайды. Портфельді тұрақты түрде ребаланс жасайды. Дағдарысты қорқыныш емес, мүмкіндік ретінде пайдаланып, тәуекелі жоғары активтердің үлесін арттырады. Осылайша, байлардың байи беруінің себебі болашақты болжау қабілетінде емес.
«Олар табыс емес, актив категорияларымен ойлайды. Активтердің кең ауқымын пайдаланып, портфельді теңгеріп отырады. Инвестицияға 10-15 жылдық көкжиекпен қарайды. Кризистен кризиске емес, капитализацияға жұмыс істейді», деп түйіндейді инвестор.
Бұл ойлар қарапайым естілгенімен, көпшіліктің жіберетін басты қатесін айқын көрсетеді. Байлық бір сәттік шешімдерден емес, ұзақ мерзімді жүйелі көзқарастан құралады.