Танымал продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында өткен өмірінен сыр шертіп, қызықты естелігімен бөлісті. Бұл туралы Ozgeris.info хабарлайды.
Продюсердің айтуынша, бұл оқиға Алматыда өткен алғашқы Вена балы кезінде болған. Ол кезеңде Баян Алагөзова шамамен 36 жаста болып, авторлық телебағдарламаның жүргізушісі ретінде танылып жүрген еді. Сол кеште оның сахнадағы серіктесі белгілі өнертанушы әрі тележүргізуші Святослав Бэлза болған.
Кеш жалпы алғанда жоғары деңгейде өткенмен, продюсер кейбір мас күйдегі бизнес өкілдерінің әрекеті өзін қолайсыз жағдайға қалдырғанын жасырмады.
Араға бір күн салып, Баян Алагөзова Святослав Бэлзаны тікелей эфирге қонақ ретінде шақырған. Бір сағатқа созылған сұхбат аяқталған соң, танымал тележүргізуші продюсерге күтпеген ұсыныс жасағанын еске алады.
Оның айтуынша, Святослав Бэлза Баян Алагөзованы Мәскеуге көшіп, «Культура» арнасында жұмыс істеуге шақырған. Ол продюсердің дикциясын, жүргізушілік шеберлігін және көрерменмен байланыс орната білу қабілетін жоғары бағалап, арна есебінен пәтер жалданып, ай сайынғы жалақысы үш мың доллар болатынын айтқан.
Алайда Баян Алагөзова бұл ұсыныстан бас тартқанын жеткізді.
«Жауабым бірден – “жоқ” болды. Мен әрдайым, қазір де өз орнымның туған жерімде екенін білемін. Осында мен өз жолыммен келе жатырмын. Бұл жол – қызықты, мазмұнды, жобалар мен адамдарға бай. Мен бақытты адаммын, мен шығармашылықпен өмір сүріп келемін», – деп жазды продюсер.