Әлемдік мұнай нарығында бір елдің жағдайы өзгерсе, өзгелер де елең ететіні белгілі. Соның бірі – Венесуэла. Мұхиттың арғы жағындағы бұл елде саяси немесе экономикалық тұрақсыздық басталса, мұнай бағасына қатысты әңгіме бірден күшейеді. Осындай жағдайда Қазақстан экономикасына қауіп бар ма, бюджет пен Ұлттық қорға салмақ түсе ме деген сұрақтар жиі қойылады. Осы тақырыпта мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат берді, деп жазады Ozgeris.info.
Абзал Нарымбетовтың айтуынша, бүгінгі Венесуэла бұрынғы мұнай алыбы емес. Бір кездері тәулігіне 3-4 млн баррель мұнай өндірген ел қазір шамамен 1 млн баррельге әрең жетіп отыр. Ал осыдан 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш тіпті жарты млн баррельден де төмен болған. Сарапшы мұның бәрі кездейсоқ емес екенін айтады.
«Инфрақұрылым ескірді, инвестиция құйылмады, сыртқы технология мен инновация тоқтады, салалық біліктілік төмендеді. Соның салдарынан мұнай газ саласы біртіндеп тоқырауға түсті. Кен орындарындағы қысым азайды. Оның үстіне Венесуэла мұнайы өте ауыр. Сағыз сияқты қою, кей жерде мүлде ақпайды. Мұндай мұнайды өңдеу үшін көп ақша керек. Сондықтан өзіндік құны да қымбат», дейді сарапшы.
Тағы бір маңызды мәселе – ішкі тұтыну мен экспорт. Абзал Нарымбетов бұл тұста Қазақстан мен Венесуэланы салыстыруға болмайтынын айтады.
«Қазақстанда 2 млн баррель мұнай өндірілсе, оның шамамен 70%-ын экспортқа шығарамыз. Ал Венесуэлада жағдай мүлде басқа. 1 млн баррель өндірсе де, оның қаншасын сыртқа сата алады деген үлкен сұрақ бар. Себебі санкцияға байланысты олар мұнайын кез келген елге өткізе алмайды. Ресей мұнайы сияқты, санкцияда болған соң бағасы да төмен. Қазір инфрақұрылымды жаңғыртатын инвестор да, ірі компания да байқалып отырған жоқ», дейді ол.
Мұнай бағасы төмендесе, Қазақстан бюджеті қалай болады деген сұрақ та жиі көтеріледі. Сарапшы бұл мәселеге эмоциямен емес, есеппен қарау керек дейді.
«Қазір мұнай бағасы 60 доллар шамасында. Бұл төмен баға. Біз 2022 жылы 100 долларды көрдік, 2023 жылы 80 доллар болды, 2024 жылы 70 доллар деңгейінде тұрды, ал қазір одан да төмендеп бара жатыр. Бірақ бір нәрсені ұмытпау керек. 2016-2019 жылдардағы 60 доллар мен қазіргі 60 доллар бірдей емес. Себебі доллардың сатып алу қабілеті өзгерді», дейді Абзал Нарымбетов.
Оның айтуынша, Қазақстан бюджетінде дефицит болуы мұнай бағасына ғана байланысты емес.
«2024-2025 жылдары мұнай 75 доллардан төмен болса, бюджетте дефицит болатыны алдын ала белгілі еді. Бірақ бұл жаңа құбылыс емес. Біз 2007 жылдан бері Ұлттық қордан жылына орта есеппен 10 млрд доллар алып келеміз. Қазір Ұлттық қор үшінші бюджет сияқты болып қалды. Мұнай 100 доллар болған кезде де қордан ақша алдық. Соңғы 15-18 жылда осы үрдіс өзгерген жоқ. Баға түссе де, көтерілсе де бұл процесс тоқтайды деп ойламаймын. Ал Венесуэладағы жағдай жақын арада мұнай бағасына айтарлықтай әсер етеді деу қиын», дейді сарапшы.
Абзал Нарымбетов Қазақстан мұнайы мен Венесуэла мұнайының айырмашылығына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл екеуін бір деңгейде қарастыру дұрыс емес.
«Венесуэла мұнайы ауыр. Ал Қазақстандағы Қашаған мен Теңіз мұнайы жеңіл, конденсаты көп. Сондықтан біздің мұнайдан өнім көп шығады, мұнай газ химиясына өте қолайлы. Қазір Теңіз маңында полиэтилен мен полипропилен өндіретін кластерлер салынып жатқаны да сондықтан», дейді ол.
Сарапшының сөзінше, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ Қазақстан мұнайының 70%-ын береді, ал экспорттың 80%-ы осы үш жобаға тиесілі. Бұл жобалардың мұнайы толықтай сыртқа жөнелтіледі және оларды ішкі нарыққа бұру мүмкін емес, себебі халықаралық келісімшарттар солай жасалған.
«Теңіздегі болашақ кеңейту жобасына 50 млрд доллар инвестиция салынды. Chevron, ExxonMobil, Лукойл, ҚазМұнайГаз сияқты инвесторлар бұл қаржыны 2033 жылға дейін қайтарып алуды көздейді. Олар үшін мұнайдың 50 немесе 60 доллар болуы шешуші емес. Негізгі есеп өндірілген көлемге жасалады. Сондықтан сыртқы саяси оқиғалар бұл жобаларға қатты әсер етеді деп айту қиын. Олар үшін репутация, техника және экология бірінші орында», дейді Абзал Нарымбетов.
Сарапшының пайымынша, Венесуэланың қайтадан әлемдік мұнай нарығында ықпалды ойыншыға айналуы үшін кемінде 4-5 жыл, тіпті 10 жыл уақыт қажет. Ол үшін санкциялардың алынуы және ірі мұнай газ компанияларының қайта оралуы шарт.
«Кейде сырттағы жаңалықтарға қарап, асығыс қорытынды жасаймыз. Бірақ мұндай мәселеге реалист, прагматик ретінде қарау керек. Венесуэлаға ірі компаниялар қайтып келмейінше, санкциялар шешілмейінше, үлкен өзгеріс болмайды. Ал санкция дегеніміз бір күнде алынатын дүние емес. Мұны Ресей мысалынан жақсы көріп отырмыз», деп түйіндеді Абзал Нарымбетов.