Үкімет отырысында айтылған сандар көп адамға ауыр естілуі мүмкін. Бірақ оның бәрі бір сұраққа келіп тіреледі – алдағы жылдары ел қалай өмір сүреді, ақша қайдан келеді, мемлекет шығынды қалай жабады? Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ұсынған болжамды қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік, деп жазады Ozgeris.info.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында 2026-2035 жылдарға арналған Қазақстан экономикасының даму болжамын таныстырды. Бұл құжат елдің алдағы 10 жылдағы бағытын көрсететін негізгі жоспарлардың бірі саналады.
Министр экономика қалай дамуы мүмкін екенін 3 түрлі нұсқамен көрсетті. Біріншісі – ұстамды сценарий. Бұл ең сақ болжам. Онда экономика жылына орта есеппен 4,3% өседі деп есептелген. Екіншісі – базалық сценарий. Мұнда өсім 4,5% деңгейінде болады деп күтіледі. Үшіншісі – баламалы, яғни жақсырақ нұсқа. Егер жағдай қолайлы болса, экономика жыл сайын 5,1% өсіп отырады деген есеп бар.
Жұманғариннің айтуынша, осы сценарийлердің бәрінде де ел экономикасы біртіндеп ұлғаяды. Алдағы 10 жылда жалпы ішкі өнім көлемі 473,2 трлн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қарапайым тілмен айтсақ, елде өндірілетін тауар мен көрсетілетін қызметтің жалпы көлемі осындай деңгейге шығады деген сөз.
Экономика өскен сайын бюджетке түсетін ақша да артуы тиіс. Министрдің мәліметінше, 2035 жылы мемлекеттік бюджетке түсетін кіріс 66,8 трлн теңгеге дейін жетеді. Бұл – мемлекет жалақы, зейнетақы, жәрдемақы, жол, мектеп, аурухана сияқты шығындарды осы кіріс есебінен өтейді дегенді білдіреді.
Маңызды тұстардың бірі – Ұлттық қорға қатысты жоспар. Болжам бойынша, 2029 жылдан бастап Ұлттық қордан бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт көлемі 2 трлн теңгеге дейін төмендейді. Яғни, мемлекет қордағы ақшаны бұрынғыдай көп пайдаланбай, өз табысына көбірек сүйенуге көшпек.
Сонымен қатар бюджет тапшылығын да азайту көзделіп отыр. Қазір бюджет шығыны кірістен көп болатын кездер бар. Жоспар бойынша, бұл айырмашылық 2029 жылы жалпы ішкі өнімнің 0.4%-ына дейін қысқарады. Ал 2030 жылдан бастап республикалық бюджет мүлде тапшылықсыз болады деп күтіледі. Бұл – мемлекет қарызға батпай, өз ақшасына өмір сүреді деген сөз.
Министр ұсынған құжатта алдағы 3 жылға арналған нақты сандар да бар. 2026 жылы мемлекеттік және жергілікті бюджеттен түрлі бағдарламаларға 37.4 трлн теңге бөлінеді. 2027 жылы бұл сома 39,6 трлн теңгеге жетеді. 2028 жылы 41,6 трлн теңге жұмсалады деп жоспарланған. Бұл қаржы экономикаға, әлеуметтік салаға және инфрақұрылымға бағытталады.
Ұлттық қордың жағдайы да бөлек айтылды. Жұманғариннің сөзінше, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2026 жылғы 60.8 млрд доллардан 2035 жылы 109,9 млрд долларға дейін ұлғаяды. Яғни, қордағы жинақ азаймайды, керісінше көбейеді деген жоспар бар.
Бұл болжамдар сыртқы жағдаймен де байланысты. Бұған дейін Ұлттық банктің сауалнамасына қатысқан сарапшылар мұнай бағасына қатысты өз бағасын айтқан. Олардың пікірінше, 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың бір баррелі орта есеппен 69,5 доллар болады. Бұл да бюджет кірісіне әсер ететін маңызды фактор.
Сол сияқты сарапшылар Қазақстан экономикасының 2026 жылғы өсу қарқыны бойынша болжамын қайта қарап, 4,6%-дан 4,7%-ға дейін көтерген. Яғни, экономика бұрын ойлағаннан сәл жылдамырақ өседі деген үміт бар.