Елімізде көптеген оқиғалар тек БАҚ қатысуынан кейін шешіліп жатады. Сондай жағдайдың бірі екі жыл бұрын болған. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Бірнеше күн бұрын «ҚазАвтоЖол» «Үшарал – Достық» автожолында орнатылған қардан қорғау қоршауларының жағдайына ресми түсініктеме берді. Айта кетейік, дәл сол күні orda.kz сайтында жобаның толық сипаттамасы жарияланды. Тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» , мердігер – «АБК-Автодор НС» ЖШС, жобалаушы – «Қаздорпроект» ЖШС.
Құжаттарға сәйкес, трасса бойына екі қатардан тұратын 3300 метр қоршау салынуы керек еді. 2023 жылдың 2 қазанында құрылыс ресми түрде пайдалануға тапсырылды.
Алайда, 15 қарашада құрылым қатты желге шыдас бермей, қирап қалды. Арада екі жыл өткен соң әлеуметтік желіде шу көтеріліп, жауапты тарап түсініктеме беріп отыр.
«Қатты дауыл желінің жылдамдығы 34 м/с дейін жетуі салдарынан қоршаудың бір бөлігі бұзылды. Бұл факт РГП «Қазгидромет» қорытындысы және Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының зертханалық тексеруі арқылы расталды. Учаске мердігер ұйымның кепілдік қызметінде тұр. «АБК-Автодор НС» ЖШС-ге ресми талапхат жолданды, мердігер кемшіліктерді жоюға тартылады. Барлық проблемалар мердігердің міндеттерін дұрыс орындамауынан туындаған, ұлттық компанияның қызметімен байланысты емес», – делінген ресми хабарламада.
Объектінің нақты құны әлі анықталған жоқ. «Свидетель» сайты Adata.kz арқылы «ҚазАвтоЖол» мен «АБК-Автодор НС» арасындағы келісім-шарт туралы ешқандай ақпарат таппады. Белгілісі, республикалық маңызы бар жолдың жалпы ұзындығы – 184 шақырым, ал жобаның құны – 61,2 млрд теңге.
Журналистер болмаса…
БАҚ аталмыш мәселеге назар аудармаса не болар еді? Қираған қоршаулар сол күйі қалар ма еді? Себебі арада екі жыл өтті. Бұл уақыт ішінде қоршауларды қалпына келтіруге болады.
Азаматтық кодексте мердігер өз жұмысының сапасына жауап беруге тиіс. Өкінішке орай, оны қолдану механизмі жұмыс істемейді. Сондықтан мұндай оқиғалар тек БАҚ арқылы ғана жария болып отыр.
Әлемдік тәжірибе
Еуропада азаматтық қоғам бюджеттен бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуын бақылай алады. Мысалы, Германияда «Салық төлеушілер одағы» үкіметтің ең абсурдты шығындарын жариялады:
- Шведтік батарея зауыты Northvolt банкротқа ұшырап, 600 млн еуро жоғалды.
- Радебург қаласында 900 мың еуроға салынған көпір ешқандай жолға жалғанбаған.
- Фульдабрюк қаласындағы веложол ағаштар отырғызылған қоршауға тіреліп қалған.
- Любек қаласында 5 млн еуроға алынған гибридті паром бір жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмай тұр.
- Кобленцте 17,5 млн еуроға салынған балшық өңдейтін қондырғы шикізат жетіспеушілігіне байланысты тоқтап қалған.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Қазақстанғада осындай тәуелсіз ұйым қажет сияқты. Халық мемлекеттік жобаларды, бюджеттен бөлінген қаржылардың жұмсалуын қадағалап, кемшіліктерді уақытында жариялай алатын еді.