Қоғам

Медицина қызметкерлерін соққыға жығу: Заң мен жаза тосқауыл бола ма?

Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мемлекет деңгейіндегі мәселеге айналды. Соңғы уақытта ауруханалар мен жедел жәрдем бөлімдерінде дәрігерлерге шабуыл жасау оқиғалары жиілеп кетті. Ақ халатты абзал жандар жұрттың өмірін құтқарамыз деп, өздері соққыға жығылуда. Мысалы екі күнде екі дәрігерге жасалған қастандықтан кейін қоғамда наразылық күшейді, мемлекет бақылауды өз қолына алды. Қазір Қылмыстық кодекске өзгерістер әзірленіп жатыр. Ал өңірлерде шұғыл шаралар қолға алынуда. Осы ретте маңызды сұрақ туындайды. Қабылданып жатқан шаралар мен жаза енгізу тетіктері расымен де тосқауыл бола алады ма? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.

Медицина қызметкерлеріне күш көрсету фактілері

17 шілдеде Қостанай облыстық ауруханасында науқас хирург дәрігерге шабуыл жасап, соққыға жықты. Дәрігер отадан шығып, келесі келушілерді қабылдауға дайындалып жатқан. Алайда сыртта тұрған пациент оның басына ауыр соққы беріп, есінен тандырып тастаған. Қазір ол Ұлттық шұғыл медицина орталығында ем қабылдап жатыр, жағдайы бірқалыпты. Дәрігерге шабуыл жасады деген күдікпен облыстың 34 жастағы тұрғыны ұсталды. Қажет тергеу және тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

“Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды”, – делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.

Бұл орын алған бір ғана шулы оқиға емес. Дәрігерлер мен медбикелер соңғы жылдары жиі қысымға ұшырайтынын айтып шағымдана бастады. Оларды қорқыту, балағаттау, агрессия арқылы күш көрсету тыйылмай тұр. Бұрын мұндай жағдайларға қоғам да, дәрігерлердің өздері де немқұрайлы қараса, қазір мәселе ушығып, мемлекеттік деңгейдегі күн тәртібіне шықты.

Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің Telegram-арнасында түсіндірді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсынысын қолдайды.

Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге "Заң және тәртіп" қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек.

Соңғы айларда тіркелген бірнеше ауыр жағдайларға тоқталып өтейік.

Астана, 2025 жылғы қаңтар. Мас ер адам жедел жәрдем фельдшеріне шабуыл жасады. Салдарынан зардап шегуші бас сүйегі жарақатын алды. Сот кінәліні 1,5 жыл шартты жазаға кесіп, материалдық өтемақы төлеуге міндеттеді

Қарағанды, 16 шілде. 42 жастағы ер адам дәрігердің қабылдауына кіре алмағанына ашуланып, есікті бұзып кіріп, медбикені ұрған. Әйелге ми шайқалуы диагнозы қойылды. Ол саусақ сүйектері сынып, ауруханаға түсті. 

Қостанай, 17 шілде. Ең резонансты оқиға. Науқастың қолынан зардап шеккен дәрігер — облыстық аурухананың урология бөлімінің жетекші мамандарының бірі, хирург-уролог Антон Кистанов. Антон Николаевич бұл мекемеде 6 жылдан бері жұмыс істейді. Ол ондаған адамның өмірін құтқарып қалған тәжірибелі дәрігер. Өзі 34 жаста. Қазір ол біреудің емес, өзінің өмірі үшін күресіп жатыр. Үйінде оны жас жұбайы мен жаңа туған сәбиі күтіп отыр. Дәрігер басынан қатты жарақат алып, бассүйегінің негізі сынған. Күдікті ұсталды.

Соңғы алты жыл ішінде Қазақстанда медицина қызметкерлеріне 170-тен астам шабуыл жасалған. Бұл тек ресми статистика.

Мемлекет қандай шараларды қолға алды?

Өңірлерде тиісті шаралар қабылдана бастады. Республика бойынша 115 медициналық мекемеге полиция бекеттері қойылды. Жалпы саны 400-ге жетеді деп жоспарлануда. Денсаулық сақтау министрлігінің пікірінше, бұл шара қауіп-қатерді азайтып, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Учаскелік, патрульдік және ювеналды инспекторлар қабылдау бөлімдерінде кезекшілікке кірісті. Олар қоғамдық тәртіпті қадағалап, төтенше жағдайда дереу әрекет етуі тиіс. Медициналық персоналды қорғау олардың негізгі міндеті болмаса да, дәл қазір олардың көмегі ауадай қажет.

"Медицина қызметкерлеріне жасалатын зорлық-зомбылық фактілерінің жиілеуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жедел стационарлардың, перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларының қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы полиция бекеттерін орналастыру туралы шешім қабылдады", - деп жазды Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Сонымен қатар қоғамда медицина қызметкерлерінің мәртебесін полиция қызметкерлеріне теңестіру туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Әсіресе, қауіпті жағдайда бірінші болып шақыртуға шығатын дәрігерлерге құқықтық қорғаныс жетіспейді деген пікір басым.

Қатаң жаза мен нақты жауапкершілік

Денсаулық сақтау министрлігі Қылмыстық кодекске өзгерістер дайындап қойды. 2025 жылдың қыркүйегінде тиісті заң жобасы Мәжіліске енгізіледі. Негізгі ұсыныстар мыналар:

- Медицина қызметкеріне күш көрсету қаупі үшін - 2 жылға дейін бостандығын шектеу;

- Бір медицина қызметкеріне физикалық күш қолданса - 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

- Егер шабуыл төтенше жағдай режимінде жасалса - 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

- Егер бір мезетте бірнеше медицина қызметкеріне қарсы топпен шабуыл жасалса - 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

Енді тек күш қолдану емес, қорқыту мен қауіп төндірудің өзі қылмыстық жауапкершілікке негіз болмақ.

Министрдің айтуынша, бұған дейін депутаттар тарапынан үш мәрте ұқсас ұсыныстар айтылған екен, алайда қолдау таппаған. Қазір ведомство осы жағдайлардың себебін зерттеп жатыр. Бұл жолы үкімет заңның қабылдануына мүдделі екенін мәлімдеді. 

Сарапшылардың пікірінше, заң шабуылдарға тосқауыл болуы мүмкін, десе де дәрігерлерге деген сенім мен құрмет бірінші орында болуы керек. Себебі ол шабуылдың болмауына негіз болатын шынайы қалқан. 

Барлық жаңалық