Атырау облысынан шақырылған 19 жастағы Бекет Мырзағалиевтің анасы «Ақ Жайыққа» ұлының ауруханаға жатқызылмағанын және қазіргі уақытта өзін жақсы сезініп жүргенін айтты,
деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұған дейін «Ақ Жайық» Бекеттің ауруханада жатқанын хабарлаған болатын. Қайғылы оқиғадан кейінгі алғашқы сағаттарда ақпарат өте аз болды: туыстары оның аман қалғанын ғана біліп, оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілді деп болжаған. Тек таңертең Ақтауға келіп, ұлымен кездескен кезде ғана отбасы оның ауруханаға жеткізілмегенін білді.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жаттығу жауынгерлік тапсырмасын орындау кезінде болған. Оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі аман қалған.
Бекет Атырау облысының Махамбет ауылынан шыққан. Ол 2025 жылғы 3 қазанда мерзімді әскери қызметке аттанып, Ақтаудағы №29011 әскери бөлімінде қызмет еткен.
Анасының айтуынша, оқиға туралы хабар алған соң отбасы бірден Ақтауға жолға шыққан.
«Құдайға шүкір, балам тірі. Таңертең Ақтауға келіп, оны көрдік. Дені сау, өзі жүріп жүр. Ұлым өз күшімен жағаға жеткен. Қалған мәліметтер, менің ойымша, тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болады. Балаларымыз әлі тым жас, олардың бастан өткергені өмір бойы жадында қалады»,-деді Қарлығаш Мырзағалиева.
Ол сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты.
«Бұл — бүкіл Қазақстан үшін өте ауыр қасірет. Қазір ата-аналардың не сезініп отырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қаза болған жігіттердің аналары мен әкелеріне шын жүректен көңіл айтамын. Енді ешкім мұндай жағдайды бастан өткермесін», — деді ол.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы тергеу аясында анықталып жатыр.