Өтемақы кінәлі адамның анықталғанына немесе келтірілген шығынды өтегеніне қарамастан беріледі.
Оны кәмелетке толмаған жыныстық зорлық-зомбылық құрбандары, адам саудасы мен азаптаудан зардап шеккендер, сондай-ақ қылмыс салдарынан денсаулығына ауыр зиян келген немесе АИТВ/ЖИТС жұқтырған азаматтар ала алады.
Жәбірленуші қайтыс болған жағдайда өтемақыны оның заңды өкілдері немесе жақын туыстары алуға құқылы.
Төлем мөлшері қылмыс санатына қарай 30-дан 50 АЕК-ке дейін белгіленеді. Жәбірленуші ретінде танылған күннен бастап өтемақы алуға үш жыл ішінде өтініш беруге болады.
Құқық қорғау органы азаматты жәбірленуші деп таныған кезде оған өтемақы алу тәртібін жазбаша түсіндіруге міндетті. Өтінішті банктік шотты көрсете отырып, істі жүргізіп жатқан тергеушіге немесе анықтаушыға беруге болады.
Мемлекеттік өтемақыны алу азаматтың кінәлі адамнан материалдық және моральдық зиянды сот арқылы толық өтеуді талап ету құқығын шектемейді.