Португал футболының аңыз ойыншысы, «Манчестер Юнайтед» клубының бұрынғы вингері, 39 жастағы Луиш Нани Ақтөбе қаласына келді. Танымал футболшыны әуежайда ФК «Ақтөбе» клубы басқарма төрағасы Арман Оспанов пен облыс әкімдігі өкілдері салтанатты түрде қарсы алды деп хабарлайды Оzgeris.info.
Қонақты ұшақ трапынан бастап қарсы алған Арман Оспанов португалиялық футболшымен жеке жүздесті. Ұлттық киімдегі қыздар Наниға қымыз бен бауырсақ ұсынып, қазақы дәстүрмен құрмет көрсетті. Бұдан кейін аты аңызға айналған ойыншыға стадион, ойын алаңы және клубтың өзге де футбол инфрақұрылымы таныстырылды.
Клубтың ресми ұстанымына сәйкес, Луиш Нанидің сапары 2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша ФК «Ақтөбенің» жас тәрбиеленушілерін марапаттау шарасына орай ұйымдастырылған «сюрприз» ретінде ұсынылып отыр. Алайда бейресми дереккөздер португалиялық футболшымен келісімшартқа қол қойылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Инсайдерлердің мәліметінше, ФК «Ақтөбе» Луиш Наниге айына шамамен 70 мың АҚШ доллары көлемінде рекордтық жалақы ұсынуы ықтимал. Бұл ақпаратты клуб басшылығы әзірге ресми түрде растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
Ақтөбедегі сапары барысында Луиш Нани жасөспірім футболшылармен кездесіп, Өнер орталығында өткен іс-шараға қатысты. Ол жас ойыншылармен доп теуіп, автограф-сессия ұйымдастырды. Бұл кездесу жас спортшылар үшін үлкен мотивация болғаны атап өтілді.
ФК «Ақтөбе» тарапынан Луиш Нанимен келісімшартқа қатысты ресми мәлімдеме ерте дегенде дүйсенбі күні жариялануы мүмкін. Сонымен қатар, кездесулер кезінде клубтың белсенді фанаттық тобының көзге түспеуі жанкүйерлер арасында түрлі сұрақ тудырып отыр.