📰 Сарапшылар пікірі

Лизингтегі айыппұлды кім төлейді?

Лизингтегі айыппұлды кім төлейді?

Жеке тұлғаларға автокөлікті лизингке беру 2025 жылдың соңында іске қосылды. Бірақ алғашқы тәжірибе бір мәселені анық көрсетті, айыппұлды кім төлеуі керек? Көлікті мінген адам ба, әлде құжат жүзінде иесі болып саналатын лизинг компаниясы ма? Осы түйінді сұраққа Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков нақты ұсыныс айтты, деп жазады Ozgeris.info.

Respublica партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбылқасымоваға және Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбаевқа ресми хат жолдады. Ол хатта жеке тұлғаларға арналған автолизингті толық іске қосуға кедергі болып отырған құқықтық және цифрлық мәселелерді жою ұсынылды.

«Жеке тұлғаларға лизинг тетігі 2025 жылдың соңында іске қосылды. Сол кезде автокөлікті жеке тұлғаға беру жөнінде пилоттық келісім жасалған. Алайда практика көрсеткендей, жүйелі өзгеріс енгізілмесе, бұл құрал толыққанды жұмыс істемейді Қазіргі тәртіп бойынша көлік тіркелген кезде меншік құқығы лизинг компаниясында қалады. Демек, барлық операциялық төлемдер мен әкімшілік айыппұлдар автоматты түрде лизинг берушіге жіберіледі. Ал көлікті нақты жүргізіп жүрген – жеке тұлға. Айыппұл уақытында төленбесе, лизинг компаниясының есепшоттары бұғатталуы мүмкін. Кейін компания бұл соманы төлем кестесіне қосуға немесе лизинг алушыға жеке шот ұсынуға мәжбүр болады. Яғни6 жауапкершілік пен пайдаланушы арасындағы сәйкессіздік туындайды. Тағы бір құқықтық түйін бар. «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің 31-бабының 2-тармағы көліктің нақты иесін айыппұлға тартпауға мүмкіндік береді. Бұл да лизинг жағдайында айыппұлды дұрыс бағыттауға кедергі келтіреді», деді ол.

2026 жылдың 4 ақпанында өткен жиында Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімін – ӘІЖБТ – жаңарту мүмкін емес екенін мәлімдеген. Бұл шешім 2025 жылғы 9 желтоқсанда қабылданған Президенттің №1117 Жарлығына байланысты. Аталған жарлық QazTech платформасынан тыс жаңа объектілер жасауға мораторий енгізген. Дегенмен ӘІЖБТ мемлекеттік кредиттік бюро арқылы құрылған Бірыңғай сақтандыру деректер базасымен интеграцияланған. Ал бұл бюро Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қарамағында.

Осыны негізге ала отырып, депутат деректер базасына «Лизинг алушы» деген жеке баған қосуды ұсынды. Шетелдік көліктерге қолданылатын механизмге ұқсас тәсіл ұсынылып отыр – автокөлікті нақты пайдаланушы туралы мәлімет сақтандыру келісімшарты негізінде қалыптасып, кейін ӘІЖБТ жүйесіне жіберіледі.

Олжас Құспековтің пікірінше, мұндай шешім 5 маңызды мәселені реттеуге көмектеседі – көлікті нақты пайдаланушыны дұрыс анықтау, айыппұлды бағыттау тәртібін жүйелеу, құқықтық белгісіздікті жою, құқық қолдануда бірізділік орнату, лизинг қатысушыларының мүддесін теңгеру. Сонымен қатар Қазақстандағы лизинг моделін халықаралық тәжірибеге жақындатады.

Депутат ұсынысты қарап, нақты шешім жөнінде 2026 жылғы 17 ақпанға дейін жауап беруді сұрады. Оның айтуынша, жеке тұлғаларға арналған лизинг – азаматтар үшін қаржылық мүмкіндікті кеңейтетін маңызды қадам. Бірақ бұл жүйе тиімді жұмыс істеуі үшін құқықтық және цифрлық инфрақұрылым бір-бірімен үйлесімді болуы керек. Әйтпесе айыппұл мәселесі секілді түйіндер бүкіл тетіктің дамуын тежеп қалуы мүмкін.

Барлық жаңалық