🤖 Digital

Курьердің орнын дрон мен робот баса ма?

Курьердің орнын дрон мен робот баса ма?

Бірнеше жыл бұрын дрон арқылы тауар жеткізу ғылыми-фантастикалық фильмдердегі көрініс сияқты көрінетін. Бүгінде бұл технология Қазақстанда да шынайы өмірге еніп жатыр. Кейбір өңірлерде дрондар тапсырыс жеткізе бастады, ал олардың жұмысын толықтыру үшін роботтар сынақтан өтуде. Алайда мамандардың айтуынша, мәселе тек ұшатын аппараттарда емес. Негізгі мақсат – адамның қатысуын барынша азайтатын тұтас автономды логистикалық жүйе құру, деп жазады Ozgeris.kz Thetech.kz-ке сілтеме жасап. 

Freedom Lifestyle Group компаниясының атқарушы директоры Ерлан Есімсейітовтің айтуынша, компания жекелеген технологияларды емес, бір-бірімен байланысқан толыққанды экожүйені қалыптастырып жатыр.

«Біз кешенді автономды логистикалық платформа құрып жатырмыз. Жүйе біртұтас тізбек ретінде жұмыс істейді. Алдымен дрон қоймадан ұшып шығып, тапсырысты арнайы дрон-киоскке жеткізеді. Қазір негізінен жеке секторға қызмет көрсетіп жатырмыз. Бірақ шын мәнінде халықтың басым бөлігі көпқабатты тұрғын үй кешендерінде тұрады. Сондықтан келесі кезеңде жеткізу дәл осындай нүктелерге бағытталады. Кейін дрон-киосктен тапсырысты робот-ит қабылдап алып, тұрғын үйдің кіреберісіне дейін жеткізеді. Қазір кей жағдайда консьерж көмектеседі, ал болашақта роботтардың өзі манипуляторлармен жабдықталып, тапсырысты клиентке тікелей бере алады. Біз бөлек өнімдерді емес, әр элементі өзара байланысқан бірыңғай автономды жеткізу жүйесін жасап жатырмыз», дейді ол.

Қазір көпшілік автономды логистика туралы сөз болғанда ең алдымен дрондарды елестетеді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, ең күрделі міндет аспанда емес, жерде шешіледі. Логистика мамандары мұны «соңғы миля» немесе «соңғы метрлер мәселесі» деп атайды. Яғни тауардың түсірілген жерден тұтынушының қолына жеткенге дейінгі ең соңғы кезеңі.

Дәл осы аралықта түрлі кедергілер кездеседі: тұрғын үйлердің құрылымы әртүрлі, кіреберістердің орналасуы өзгеше, жол бойында адамдар, көліктер немесе басқа да тосқауылдар болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін робот-ит технологиясы қолданылып жатыр.

«Көпшілік дрон ең күрделі технология деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде ең қиын бөлік – тапсырысты түсірген жерден клиенттің есігіне дейін жеткізу. Робот-ит осы мәселені шешуге арналған. Бұл жасанды интеллект тұрғысынан өте күрделі жүйе. Алғашқы кезеңде ол операторлардың бақылауымен басқарылды. Болашақта толық автономды жұмыс істеуге көшеді. Негізінде оның жұмыс қағидасы робот-шаңсорғышқа ұқсайды. Әуелі айналаны сканерлейді, кейін маршрут құрады. Жасанды интеллект көмегімен кедергілерді анықтап, оларды айналып өтеді. Бұл бүкіл жүйенің негізгі элементтерінің бірі саналады», дейді Ерлан Есімсейітов.

Автономды жеткізу жүйесінің мүмкіндігі жыл сайын артып келе жатқанымен, оның дамуына әсер ететін бірқатар фактор бар. Ең алдымен бұл – инфрақұрылым мәселесі.

Бүгінде дрондар компания қоймаларынан, соның ішінде Arbuz қоймаларынан ұшады. Толық жүктемемен олар үш шақырымға дейінгі қашықтықты бағындыра алады. Бір рейсте салмағы 10 келіге дейінгі жүкті жеткізуге мүмкіндік бар. Сондықтан қызметтің қамту аумағы қоймалардың орналасуына тікелей тәуелді.

do6ymplg

«Қазір дрондардың ұшу қашықтығы толық жүктемемен шамамен үш шақырымды құрайды. Сондықтан негізгі шектеу технологияда емес, инфрақұрылымда жатыр. Қызметтің қаншалықты кең аумақты қамтитыны қоймалардың орналасуына байланысты. Сол себепті болашақтағы дамудың негізгі бағыты – инфрақұрылымды кеңейту», дейді компания өкілі.

Қазақстан жағдайында табиғи ерекшеліктер де маңызды рөл атқарады. Әсіресе Астанадағы ауа райы автономды логистика жұмысына айтарлықтай әсер етеді. Желдің күшеюі немесе температураның төмендеуі дрондардың ұшуына кедергі келтіруі мүмкін. Бұған қоса қазіргі кезде ұшулар тек күндіз жүзеге асырылады.

Тағы бір маңызды мәселе – қауіпсіздік талаптары мен әуе кеңістігін реттеу.

«Бізде барлық қажетті құжаттар, лицензиялар мен рұқсаттар бар. Операторлар арнайы дайындықтан өткен. Дегенмен Астана – мемлекеттік мекемелер шоғырланған қала. Қауіпсіздік мақсатында кей кезеңдерде шағын авиацияның ұшуына уақытша шектеулер қойылады. Бұл да жұмыстың қарқынына әсер етеді. Ал Алматыда жағдай біршама жеңіл. Мемлекеттік органдармен барлық қажетті келісімдер бар және елеулі шектеулерсіз жұмыс істеп жатырмыз», дейді Ерлан Есімсейітов.

Сарапшылардың айтуынша, технологиялық тұрғыдан жүйе қазірдің өзінде жұмыс істеуге дайын. Сондықтан алдағы жылдары негізгі өзгеріс жаңа қалаларға шығу және қамту аумағын кеңейту арқылы жүзеге аспақ.

Мысалы, компания Шымкентте жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Кейін автономды жеткізу жүйесі басқа өңірлерге де таралуы мүмкін.

«Масштабтаудың логикасы түсінікті. Жаңа қалаларға шыққан сайын қамту аумағы кеңейеді. Болашақта дарк-сторлар мен шағын қоймалар желісі көбейеді. Соның арқасында жеткізу радиусы да, қызмет көрсетілетін аумақ та ұлғаяды. Сондықтан өсім технологияға емес, ең алдымен инфрақұрылымға байланысты болады», дейді ол.

Бүгінде әлемнің ірі қалаларында автономды логистикаға деген қызығушылық артып келеді. Сарапшылардың болжамынша, алдағы жылдары дрондар мен роботтар жеткізу қызметінің ажырамас бөлігіне айналады. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалып отырған жоқ. Қазір көрініп жатқан өзгерістер – үлкен трансформацияның алғашқы кезеңі ғана. Ал болашақта тапсырысты курьер емес, аспаннан ұшып келген дрон мен жермен қозғалған робот жеткізетін күннің қалыпты құбылысқа айналуы әбден мүмкін.

Барлық жаңалық