💰 Экономика

Кредитті кешіртудің заңды жолы қандай?

Кредитті кешіртудің заңды жолы қандай?

Қазақстанда несие жүктемесі күн өткен сайын ауырлап барады. Бірі ипотеканы жаба алмай жүрсе, енді бірі бірнеше микроқарыздың арасында қалған. Кей азамат жұмысынан айырылып, табысы азайса, енді бірі денсаулығына байланысты қарызын өтей алмай қалған. Осындай жағдайда халық арасында «банкрот болып, қарыздан толық құтылуға бола ма?» деген сұрақ жиі қойылады. Осы сұрақтарға жауап берейік, деп жазады Ozgeris.info.

Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми деректеріне сүйенсек, елімізде жеке тұлғалардың банкроттығының үш түрі қарастырылған: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Бұл тетіктер азаматтың қарыз көлеміне, мүлкінің болуына және табысына қарай қолданылады.

Соттан тыс банкроттық

Соттан тыс банкроттық – ең қарапайым рәсімдердің бірі. Ол банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарызы 6 миллион 920 мың теңгеден аспайтын азаматтарға арналған. Бірақ мұнда бірнеше шарт бар. Азамат қатарынан 12 ай бойы қарыз төлемеуі керек, атында ешқандай мүлік болмауы тиіс және банкпен немесе микроқаржы ұйымымен қарызды реттеу бойынша келіссөз жүргізуі қажет. Бұл рәсім тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллектор алдындағы берешектерге ғана қолданылады. Салық қарызы немесе жеке тұлға алдындағы қарыз бұл тізімге кірмейді.

Заңда әлеуметтік осал топтарға арнайы жеңілдік те қарастырылған. Егер азамат 6 ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алып жүрсе немесе қарызы 5 жылдан астам уақыт өтелмесе, онда ол қарыз көлеміне қарамастан соттан тыс банкроттық рәсіміне жүгіне алады. Бұл өзгеріс әсіресе ұзақ жылдан бері төленбей келе жатқан берешегі бар азаматтарға мүмкіндік беріп отыр.

Өтініш беру тәртібі де жеңілдетілген. Азаматтар соттан тыс банкроттық бойынша өтінішті электронды үкімет порталы, E-salyq Azamat мобильді қосымшасы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы бере алады. Бұл рәсімде көп құжат талап етілмейді. Жеке сәйкестендіру нөмірін көрсету жеткілікті. Бірақ ерлі-зайыпты болса, жұбайының келісімі қажет. Сонымен қатар өтініш беруші Қазақстан Республикасының азаматы болуы және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуі керек.

Picture background

Сот банкроттығы

Ал қарызы 6 миллион 920 мың теңгеден асатын азаматтар үшін сот банкроттығы рәсімі қарастырылған. Бұл кез келген кредитор алдындағы берешекке қолданылады. Мұнда борышкердің мүлкі электронды аукцион арқылы сатылып, түскен қаражат кредиторлардың талабын өтеуге жұмсалады. Көпшілікті алаңдататын сұрақтың бірі – көлік пен баспананың тағдыры.

Мысалы, азаматтың банк алдындағы қарызы 1 миллион теңге болып, бірақ атында 2 миллион теңгелік көлігі болса, ол көлік жалғыз табыс көзі болғанына қарамастан сатылуы мүмкін. Өйткені заң бойынша борышкердің меншігіндегі барлық мүлік банкроттық массасына енгізіледі. Түскен қаражат қаржы басқарушысының шығынын жабуға және кредиторлардың талабын өтеуге жұмсалады. Ал қалған қарыз кешірілуі мүмкін. Егер мүліктің құны қарыздан жоғары болса, азамат банкроттық емес, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсіміне жүгінуге міндетті.

Дегенмен заң жалғыз баспананы толық тартып алуға мүмкіндік бермейді. Егер тұрғын үй кепілде болмаса, кредиторлар оған талап қоя алмайды. Ал ипотекадағы үй банк кепілінде тұрғандықтан, өндіріп алынуы мүмкін.

Сот банкроттығына өтініш беру үшін азамат тұрғылықты жері бойынша сотқа жүгінеді. Бұл кезде:

· кредиторлар тізімі;

· қарызды растайтын құжаттар;

· мүлік туралы мәліметтер ұсынылады.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл тұрақты табысы бар азаматтарға арналған мүмкіндік. Мұнда адам ресми түрде «банкрот» деп танылмайды. Сот арқылы қарызды 5 жылға дейін бөліп төлеу жоспары бекітіледі. Бұл рәсімнің артықшылығы – азаматтың банкрот мәртебесін алмауы. Заң бойынша банкроттыққа өтініш бермес бұрын банкпен немесе микроқаржы ұйымымен қарызды реттеу бойынша келіссөз жүргізу міндетті. Азамат банкке ресми өтініш жазып, не себепті төлем жасай алмай отырғанын түсіндіруі керек. Сонымен қатар өз ұсынысын да көрсетуі қажет. Мысалы:

· пайыздық мөлшерлемені азайту;

· төлемді кейінге шегеру;

· несие мерзімін ұзарту;

· ипотекалық мүлікті өз бетінше сату секілді жолдар ұсынылуы мүмкін.

Егер банк жауап бермесе, өтініштің көшірмесі немесе электронды түрде жіберілгенін растайтын құжат дәлел ретінде қабылданады. Ал банк ұсынысты қабылдамаса, азамат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне алады.

Picture background

Қандай қарыздар кешірілмейді?

Банкроттық барлық қарызды кешіреді деген түсінік қате. Заңда кешірілмейтін берешектер нақты көрсетілген. Олардың қатарында:

· алимент;

· адам өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян;

· қылмыстық құқықбұзушылық бойынша өндірілетін шығындар;

· сот шешімімен мемлекетке төленетін төлемдер бар.

Банкроттықтың салдары қандай?

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері банкроттықты қарыздан құтылудың жеңіл тәсілі ретінде қарастырмауға шақырады. Өйткені оның салдары ауыр болуы мүмкін. Банкрот болған азамат 5 жыл бойы несие ала алмайды. Қайта банкроттық рәсіміне тек 7 жылдан кейін ғана жүгіне алады. Сонымен қатар 3 жыл бойы оның қаржылық жағдайына бақылау жүргізіледі. Бұл кезеңде азаматтың мүлкі мен қаржылық операциялары тексеріліп отырады.

Сот банкроттығы кезінде елден шығуға да уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Бұл рәсім аяқталғаннан кейін ғана алынады.

Бүгінде банкроттық рәсіміне өтініш бергендердің саны көп болғанымен, бәрі бірдей мақұлданбай отыр. Ресми мәліметке сәйкес, рәсім басталғалы бері 378 мыңнан астам өтініш түскен. Бірақ олардың 72,8 пайызы кері қайтарылған. Негізгі себеп – азаматтардың заң талаптарына сай келмеуі. Кейбірінің атында өзі білмейтін мүлік немесе акциялар анықталған. Кей жағдайда адамдар банкпен қарызды реттеу рәсімінен өтпеген болып шығады.

Сарапшылар банкроттыққа жүгінбес бұрын азаматтарға ең алдымен қаржылық жағдайын толық саралап алуға кеңес береді. Өйткені бұл – жай ғана қарыздан құтылу емес, адамның қаржылық беделі мен болашақтағы мүмкіндіктеріне әсер ететін маңызды шешім.

 

Барлық жаңалық