📰 Сарапшылар пікірі

Кредит төлей алмағандардың үйін тартып ала ма?

Кейінгі кездері қарызын төлей алмай жүрген адамдарға түрлі жалған хабарламалар келіп жатыр. Біреулер өзін полиция қызметкерімін деп таныстырады, енді бірі коллектор атынан хабарласып, қорқытады. Олар «үйіңізді тартып аламыз» деген сияқты сөздермен азаматтарды әдейі дүрліктіріп, психологиялық қысым көрсетеді, деп жазады Ozgeris.info.

Заңгер Рауан Есберген мұндай әрекеттерге сенбеу керегін айтады. Оның сөзінше, ең басты қағида – жалғыз баспанаға ешкім қол сұға алмайды.

«Егер адамның атына тіркелген жалғыз үйі болса, ол үйді ешкім тартып ала алмайды. Қарызын төлей алмаса да, ол үйді алып қоюға заң бойынша тыйым салынған. Тек сот шешімі шыққан жағдайда сот орындаушысы арест қоюы мүмкін. Бірақ арест дегеніміз – үйді тартып алу емес, ол тек уақытша шектеу. Яғни, үйді сатуға, сыйға беруге немесе басқа біреуге рәсімдеуге болмайды. Ал үйдің өзінде тұрып, пайдалана беруге азаматтың құқығы сақталады» дейді сарапшы.

Кейбір алаяқтар WhatsApp арқылы  жалған құжаттар жібереді. Оған сеніп қалған адамдар уайымдап, ақшасын беріп қоятын жағдайлар бар. Рауан Есбергеннің айтуынша, мұндай хабарламалардың ешқандай заңды күші жоқ.

«Шын мәнінде сот шешімі шықса, ол тек ресми мемлекеттік жүйе  арқылы келеді. Ал WhatsApp немесе телефон арқылы келген хаттар жалған болып табылады. Сондықтан ондай хабарламаларға ешқашан сенбеңіздер. Бұл – коллекторлардың немесе алаяқтардың заңсыз әрекеттері» дейді заңгер.

Кейбір азаматтарға капитан, тергеушімін деп өзін таныстыратын адамдар хабарласқан. 

«Егер сондай хабарласулар болса, бірден полицияға барып арыз жазу қажет. Себебі өздерін полиция қызметкері ретінде таныстыратын адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғалады. Олар сіздің жеке мәліметтеріңізді заңсыз жолмен алып отыр. Бұл да қылмыс болып есептеледі. Сондықтан қорқып, уайымдаудың қажеті жоқ. Дереу құқық қорғау органдарына жүгіну керек» дейді ол.

Қарызын төлей алмай жүрген бір апаға үйіңізге барамыз, мүлкіңізді тәркілейміз деген мазмұндағы смс келген. Онда сот шешімі бар, 7 миллион теңге қарызды өндіру үшін акт жасалады деген жалған ақпарат көрсетілген. Мұндай хабарламаларды алған адам шынымен қорқып, уайымдап қалады.

Рауан Есберген мұндай жағдайды былай түсіндіреді:

«Конфискация тек қылмыстық істер кезінде сот үкімімен жүзеге асады. Ал қарыз үшін үйді тәркілеу шарасы болмайды. Егер сот шешімі шықса, оны тек сот орындаушысы хабарлайды және ол да тек ресми мемлекеттік арналар арқылы жеткізіледі. Ал WhatsApp арқылы келген хабарламалардың бәрі – өтірік. Бұл азаматтарды қорқытып, психологиялық қысым көрсету ғана» дейді сарапшы.

Маманның кеңесі бойынша, мұндай жағдайда ең бастысы – сабыр сақтау. Егер күмәнді хабарламалар келсе, бірден полицияға немесе заңгерге жүгіну қажет. Коллекторлар немесе алаяқтар сіздің қорқынышыңызды пайдаланып, ақша алуға тырысады. Сондықтан ешқашан телефон арқылы келген жалған құжаттарға сенуге болмайды.

Барлық жаңалық