Жаңалықтар

Контент кедейлігі мен тілдік шектеу: қазақ тілі қайда қалды?

Astana International Forum аясында өткен маңызды пікірталастардың бірі – жасанды интеллект саласындағы жаһандық теңсіздік тақырыбына арналды. Бұл сессияда сарапшылар тек технология туралы емес, мәдени, тілдік және инфрақұрылымдық әділеттілік жайында сөз қозғады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

WIRED журналының инновациялар жөніндегі аға редакторы Джереми Уайт модератор болған жиында сарапшылар цифрлық теңсіздіктің күннен-күнге ушығып келе жатқанын айтты. Әсіресе бұл алшақтық жасанды интеллект жүйелерінде айқын көрінеді. Ол бірден өткір сұрақ қойды:«Шын мәнінде, дамыған мемлекеттер жасанды интеллектке қажетті инфрақұрылым мен мүмкіндіктерді технологиясы дамымаған елдерге беруге дайын ба? Бұл шынайы бола ала ма?» Бұл сауалға БҰҰ Бас хатшысының цифрлық және жаңа технологиялар жөніндегі арнайы өкілі Амандип Сингх Гилл нақты және терең жауап берді. Ол бұл процесті қайырымдылықпен шатастырмауға шақырды:«Бұл  жай жомарттық емес,  ортақ мүдде. Егер біз ЖИ-дің демократиялық, әділетті түрде дамуын қаласақ, онда оған әртүрлі өңірлердің, әртүрлі мәдениеттер мен тілдердің деректері қажет. Қазіргі модельдер шектеулі тілдік контекстпен оқытылып жатыр, сондықтан олар біржақты дүниетаным қалыптастырады».
«Мысалы, Африкада ЖИ-ге қатысты орасан зор таланттар бар. Біз оларды көрмейміз, өйткені инфрақұрылым жоқ. Бұл елдерге технология тұрғысынан көмектесу – бүкіл әлемнің АИ-ді бай әрі бейтарап етуіне ықпал етеді. ЖИ – жаһандық жүйе. Егер оны аз ғана тіл мен аз ғана мәдениет негізінде дамытсақ, онда ол бәріне ортақ құрал бола алмайды».
Сондай-ақ, спикер қазіргі әлемде ескірген құрылғылар мен серверлердің көптігіне назар аударды.
«Дамыған елдерде жыл сайын жаңартылатын қымбат инфрақұрылым мен техникалық жабдықтарды біз жай ғана тастаймыз немесе қайта өңдейміз. Ал осы құрылғылар әлі де жұмыс істей алады. Біз оларды дамушы елдерге бағыттасақ, бұл – цифрлық әділеттілікке жасалған нағыз қадам болар еді. Ол өңірлерде бұл ресурстар жылдар бойы пайдалы болар еді».
Амандип Сингх Гилл форумда жаһандық деңгейдегі «контент кедейлігі» деген ұғымды да алға тартты. Оның айтуынша, бүгінде 2,6 миллиард адам интернетке мүлде қосыла алмай отыр, ал интернетке қосылғандардың өзі ақпарат тұтынушысы ғана. Яғни, адамдар көп жағдайда дайын контентті пайдаланады, бірақ өздері жаңасын жасамайды.
«Интернетте өз тілінде, өз мәдениетінде ақпарат жасайтын адамдардың үлесі өте аз. Бұл – әлемдік цифрлық жүйенің басты осалдығы. Біз тек тұтынушы халыққа айналып барамыз. Ал ЖИ сол тұтынушы контентке қарап үйренеді. Әділетсіз модельге апарады».
Сарапшының айтуынша, бүгінгі таңда АИ жүйелері 6-7 тілдің аясында ғана дамып жатыр. Оның басым бөлігі – ағылшын, қалғаны – Батыс Еуропа тілдері.
«Мысалы, түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде, АИ үшін дерек жоқтың қасы. Менің қолымдағы ақпаратқа сүйенсек, қазақ тіліндегі мәліметтер ағылшынмен салыстырғанда 2000 есе аз. Бұл – қауіпті жағдай. Тілді елемеу – халықты елемеу деген сөз».
 
Барлық жаңалық