Алматы мен Астананың көшелерімен жүріп өтсеңіз, бұрынғы зауыттардың орнын сауда орталықтары басқанын, тарихи ғимараттардың орнын жаңа бизнес нысандар алып жатқанын байқайсыз. Кеңестік индустрияландыру дәуірінің ізі біртіндеп өшіп, оның орнына коммерциялық мүдделер мен ұлттық идеологияға сай жаңа кеңістіктер бой көтеруде. Осылайша қала келбеті өзгеріп келеді, сондай-ақ ұлт жады, тарихи мұра да қайта жазылуда. Елімізде қалалар қарқынды дамып келе жатыр, десе де бұл даму өткеннен не алады, болашаққа не береді? Ozgeris.info тілшісі зерттеулерге сүйеніп саралап көрді.
Индустриядан сауда орталықтарына дейін
Еліміздің қалалары көптеген өзгерісті бастан кешірді. Ең алдымен зауыттардың жабылуынан басталды. Кеңес Одағы кезінде, әсіресе 1920–1930 жылдары Алматыда көп зауыттар салынған. Олар тек жұмыс беріп қана қоймай, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандардың да ашылуына себеп болды. Алайда 1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған соң, көп зауыттар қаржысыз қалып, біртіндеп жабыла бастады. Мысалы, бұрынғы Алматылық мақта-мата комбинаты 15 гектар жерде орналасқан еді, алайда 1996 жылы жабылып қалды. Ал 2000-жылдары аталмыш жерді көпқабатты үйлер мен сауда орталықтары алмастырды.
Қазір қалалардың бәрі саудаға, ақша табуға бейімделіп бара жатыр. 2000 жылдан 2020 жылға дейін Алматыда 50-ден астам ірі сауда орталығы салынған. Олардың көбі бұрынғы зауыттар тұрған жерге салынған. Жердің бағасы да қатты өсті. Алматының орталығында бір шаршы метр жердің бағасы 1990-жылдармен салыстырғанда бірнеше есе қымбаттап кеткен.
Діни нысандар да қайта жанданып жатыр. Кеңес кезінде жабылған мешіттер тәуелсіздік алғалы қайта ашылуда. Мысалы 2019–2022 жылдары Астанада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт салынды. Ол 10 гектар жерде орналасқан және 235 мың адамға арналған. Жаңа мешіт ислам дәстүрі мен мемлекеттің қолдауын қатар көрсететін нысан.
Сонымен қатар, Қазақстанда тарихи-мәдени мұраны сақтау мен оны ұлттық идеологияға сай қайта қалыптастыру бағытындағы саясат та белсенді жүргізіліп келеді. 2017 жылы басталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мәдени мұраны сақтауды мақсат тұтса да, басымдық көбіне ұлттық тарихқа қатысты нысандарға беріледі. Мысалы, Астанадағы «Бәйтерек» монументі - «Мәңгілік Ел» идеясының көрінісі ретінде 2002 жылы бой көтерді.
1991–2020 жылдар аралығында Қазақстан бойынша кеңестік кезеңдегі ескерткіштердің шамамен 80%-ы (шамамен 500 нысан) жойылып немесе басқа орынға көшірілген. Мұндай өзгерістер ұлттық жадыны қайта жазу және ұлттық бірегейлікті алға тарту мақсатымен түсіндіріледі.
Өндірістен бизнес-орталықтарға
Өзбекстанда да осыған ұқсас үрдістер байқалады. Кеңестік кезеңде салынған Ташкенттегі авиациялық зауыт 1930-жылдары өңірдің басты өнеркәсіп орнына айналған еді. Алайда 1991 жылдан кейін өнеркәсіптің 40%-ы жабылып немесе басқа мақсаттарға бейімделді. «Ташсельмаш» зауытының орнына 2010-жылдары коммерциялық нысандар бой көтерді. 2015 жылы бұрынғы механикалық зауыттың орнында «Самарқанд Дарвоза» сауда орталығы ашылды.
Өзбекстанда да діни кеңістіктер кеңінен қайта жанданды. Кеңестік кезеңде 70%-дан астам мешіттер жабылып, қойма, клуб немесе мұражай ретінде пайдаланылды. 1991 жылдан кейін бұл мешіттердің көбі дін өкілдеріне қайтарылды. Мәселен, Бұхарадағы Магоки-Аттари мешіті 1992 жылы қайта ашылды.
Алайда урбанизация мен экономикалық мүдде кейбір діни нысандардың қайтадан ығыстырылуына себеп болуда. 2018 жылы Ташкенттегі Ходжа Ахрар мешітінің айналасы бизнес орталық салу үшін пайдаланылды. Ташкент орталығындағы бір шаршы метр жердің бағасы 2023 жылы 2000 АҚШ долларына дейін жетті, бұл 1990-жылдардағы бағадан 10 есе жоғары.
Мемориалдық нысандар да өзгеріске ұшырады. 1991 жылдан кейін Ташкенттегі Ленин ескерткіші алынып, орнына Тәуелсіздік монументі орнатылды. 2000-жылдары Тимуридтер дәуірінің тарихи нысандары Самарқандтағы Регистан кешені және басқа архитектуралық мұралар қайта қалпына келтіріліп, ұлттық болмысты дәріптеу құралына айналды.
Саяси символика мен урбанистік қысым
Бішкекте 1990-жылдардан бастап кеңестік мұрамен қоштасу белсенді жүрді. 1999 жылы Ала-Тоо алаңындағы Ленин ескерткіші басқа орынға көшіріліп, орнына 2011 жылы Манас батырдың мүсіні орнатылды. Діни нысандар қайта қалпына келтірілсе де, экономикалық қысым олардың кейбірін ығыстыруға әкелді. 2010-жылдары орталық базар маңындағы шағын мешіттің орнына сауда кешені тұрғызылды. 2000–2020 жылдары аралығында 15-ке жуық мешіт сүріліп немесе басқа нысанға айналған.
2020 жылы Бішкек тұрғындары Ата-Түрік саябағында сауда орталығының салынуына қарсы наразылық білдірді.
Ұлттық бірегейлік пен тарихи құрбандық
Душанбе қаласында соңғы онжылдықта 200-ден астам тарихи нысан, атап айтқанда мешіттер, үйлер, басқа да нысандар әкімшілік ғимараттарды және жолдарды кеңейту мақсатында бұзылған. 2011 жылы қала орталығында Исмаил Самани мүсіні (24 метр) орнатылып, ұлттық-парсы болмысты жаңғырту талпынысы көрініс тапты.
Алайда мұндай өзгерістердің көпшілігі саяси мақсаттармен үйлеседі. Тарихи нысандарды сақтау емес, жаңа мемориалдық кеңістіктер құру маңыздырақ көрінуде. Бұл жағдай, әсіресе Тәжікстан мен Қырғызстандағы бюджет тапшылығы аясында мәдени мұраны қорғауға кедергі келтіреді.
Орталық Азия қалалары өткен мен бүгіннің, тарих пен экономикалық мүдде тараптарының күресуін бастан кешіруде. Зауыттар, мешіттер, базарлар бірін-бірі алмастырып, жаңа шындыққа икемделуге мәжбүр. Сарапшылардың айтуынша, мұндай өзгерістер көбіне тарихи және мәдени келбеттің жойылуына алып келеді. Мысалы 2023 жылы Орталық Азияда 5000-ға жуық мәдени мұра нысаны тіркелген, оның 20%-ы жойылу қаупінде тұр.