Қоғам

Kazakhmys Barlau өндірістің келешегін 11 жылға ұзартуды көздейді

Kazakhmys Barlau өндірістің келешегін 11 жылға ұзартуды көздейді

Kazakhmys Barlau қормен қамтамасыз ету мерзімін 11 жылға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ozgeris.info порталы.

«Kazakhmys Barlau» ЖШС заманауи технологиялар мен ғылыми тәсілдерді пайдалана отырып, «Қазақмыс» корпорациясының минералдық-шикізаттық базасын жүйелі түрде күшейтіп келеді. Компания ресурстық әлеуетті арттыру есебінен алдағы жылдары қормен қамтамасыз ету мерзімін 11 жылға дейін жеткізуді көздейді.

Компания өкілінің айтуынша, минералдық-шикізаттық базаны толықтыру ұзақ мерзімді тұрақтылықтың негізгі факторы саналады. Барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру өндірістің болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2018 жылы құрылған кәсіпорын осы уақыт ішінде мемлекеттік балансқа 7 кен орны бойынша 488,9 мың тоннадан астам мыс, 108,9 мың тонна күміс және 7,9 мың тонна алтын қорын енгізген. Алдағы кезеңде жаңа ресурстарды есептеу жоспарланып, бұл 2026–2028 жылдары тұрақты өндірістік базаны қалыптастыруға жағдай жасайды.

Компания басшылығы халықаралық әріптестік пен озық технологияларды енгізу геологиялық барлау жұмыстарын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Қазіргі уақытта кәсіпорында 500-ден астам қызметкер еңбек етеді, олардың басым бөлігін геологтар мен өндірістік мамандар құрайды. Сонымен қатар 14 бұрғылау қондырғысы тәулік бойы жұмыс істеп, барлау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.

Kazakhmys Barlau халықаралық деңгейде де ынтымақтастықты дамытып келеді. Компания Colorado School of Mines, Rio Tinto, Ivanhoe Mines және Pallas Resources ұйымдарымен әріптестік орнатқан. Сондай-ақ білім беру мекемелерімен байланыс нығайып, студенттерді тәжірибеден өткізу және жұмысқа қабылдау жүйесі жолға қойылған.

Жезқазған қаласында іске қосылған геологиялық кластер компанияның стратегиялық бастамаларының біріне айналды. Бұл жоба аясында 200-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, заманауи керн сақтау қоймасы мен оқу орталығы пайдалануға берілген. Компания мәліметінше, аталған кластер өндірістік инфрақұрылыммен қатар кадр даярлау және ғылыми әлеуетті дамытуға бағытталған маңызды бастама болып табылады.

Кешенде DMT Ancorelog технологиясы енгізіліп, 200 мың қума метр керн сақтауға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар цифрландыру бағыты да қарқынды дамуда. Starlink спутниктік технологиясын қолдану шалғай өңірлерде нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін кеңейтті.

Барлық жаңалық