Нұрай Серікбайды айуандықпен өлтірді деген күдікті психикалық орталыққа жатқызылды. Бұл туралы марқұмның жақындары мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты 31 арнаға сілтеме жасап.
Олар сап-сау адамның аяқасты жынды болып қалуы жазадан сытылып кетудің амалы деп топшылайды. Сондықтан медициналық анықтама берген дәрігерлерді тексеру керек деп отыр.
«Біріншісі Шымкентте қаралған болатын, справкада психикалық ауытқуы байқалған деп жазып берген. Біз оған сенбей, Алматыға сараптама талап еттік, ол жаққа барды күдікті, ол жақта да осындай справка берді. Енді бұл жерде симуляцияның максималды белгілері көрініп тұр. Өйткені қылмыскер кәдімгі ортада өмір сүріп жүрген адам, кәдімгі сау адам. Естігенім бойынша қазір қылмыскер Шымкент қаласында емес. Ол Талғардағы психикалық емдеу орталығында», дейді Нұрай Серікбайдың ағасы.
Әзірге құзырлы орган өкілдері бұл жайтқа қатысты ресми ақпарат таратқан жоқ.
Еске салайық, қаңтар айында Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатігездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғанын марқұмның туыстары түсінбей отыр.