💰 Экономика

12 мың бала Ұлттық қор тізімнен шығарылды

12 мың бала Ұлттық қор тізімнен шығарылды

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 12 мыңға жуық бала төлем алу құқығынан айырылды. Бұл шешім олардың азаматтығын ауыстыруына байланысты қабылданған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, 2024 жылы тізімнен 3 148 адам, ал 2025 жылы 8 757 бала шығарылған, деп жазады Ozgeris.info.

Бағдарламадан шығарылған қатысушылардың шоттарынан шамамен 2,4 млн доллар кері қайтарылған. Оның ішінде 2024 жылы – 325,4 мың доллар, ал 2025 жылы – 2,1 млн доллар есептен шығарылған. Алайда бұл қаражат жоғалып кеткен жоқ. Қордың түсіндіруінше, қайтарылған қаражат бағдарламада қалған балалар арасында қайта бөлінген.

«Бір қатысушыға тиесілі төлем мөлшері есепті жылдың соңындағы балалардың жалпы санына қарай есептеледі. Сондықтан тізімнен шығарылған қатысушылардың қаражаты қалған балалардың үлесіне қосылады», деп түсіндірді БЖЗҚ.

Бағдарламаға қатысушылар тек азаматтық ауыстыруына байланысты ғана емес, өзге де себептермен тізімнен шығарылуы мүмкін. Мәселен, жеке деректердегі қателік немесе қатысушының қайтыс болуы да негіз бола алады. Дегенмен, қайтыс болған балаға тиесілі қаражат мемлекетке қайтарылмайды. Ол заңнамаға сәйкес мұрагерлеріне беріледі.

«Мұрагерлер бұл қаражатты алу үшін БЖЗҚ-ға жүгініп, уәкілетті банктердің бірінен долларлық шот ашуы қажет. Бұл қаражатты кез келген мақсатқа шектеусіз пайдалануға болады», делінген қор ақпаратында.

Айта кетейік, 2024 жылы іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» жобасына биыл үш жыл толды. Осы уақыт ішінде шамамен 7 миллион бала қамтылып, олардың шоттарына жалпы 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылған. Бұл қаражат Ұлттық қордың инвестициялық табысынан бөлінеді.

 

Барлық жаңалық