Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында металл бөшке жарылып, жанармай құю бекетінің қызметкері ауыр күйік алды. Бұл туралы Ozgeris.info Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға 10 наурыз күні жанармай құю станциясының аумағында тіркелген. Алдын ала мәліметке сәйкес, жұмыс барысында көлемі 200 литрлік ыдыс жарылып, салдарынан қызметкердің беті мен денесінің жоғарғы бөлігі күйіп қалған. Қазір ол ем қабылдап, оңалту курсынан өтуде.
Зардап шеккен азаматтың жақындары оқиғаға қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін деп болжап, істі жан-жақты тергеуді талап етуде.
Төтенше жағдайлар департаменті бұл жағдай бойынша шақырту түспегенін және өрт тіркелмегенін мәлімдеді.
«Өрт фактісі болған жоқ. Анықтаушылар полицияның шақыруымен ауруханаға барды. Зардап шеккен азаматқа өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып жұмыс істегені үшін ескерту жасалды», – деп хабарлады ведомство.
Еңбек инспекциясының мәліметінше, зардап шеккен адам ресми еңбек келісімінсіз жұмыс істеген. Ал болжамды жұмыс беруші еңбек қатынастары болғанын жоққа шығаруда.
Қазіргі уақытта қосымша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жасырын еңбек қатынастарының болуы да қарастырылуда. Материалдар компания тіркелген Алматы қаласына жолданып, әрі қарай қаралатын болады.