Блогер Әділетхан Молдахан 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматы қаласы Полиция департаменті көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.
Соттың қаулысымен бұрын тонау қылмысын жасаған күдіктіге қатысты 10 тәулік мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді, - деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Әділетхан Молдахан азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерге маманданған заңгер. Оның Instagram парақшасына 1 миллионнан астам адам жазылған.
Ол бұған дейін заңгер әлеуметтік желіде Әл‑Фараби даңғылы бойында болған жол апатына қатысты видео жариялап, үш адам қаза тапқан оқиғаға құқық қорғау органы қызметкері қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген.