💰 Экономика

Доллар неге арзандады?

Доллар неге арзандады?

Кейінгі бір айда доллар бағамының айтарлықтай төмендеуі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ұлттық валюта күшейіп, теңге қайтадан бұрынғы деңгейіне жақындады. Сарапшылар мен халық арасында «бұл уақытша құбылыс па, әлде тұрақты үрдіс пе?» деген сұрақ жиі қойылуда, деп жазады Ozgeris.info.

1 сәуір күні түскі сағат 12:00-дегі мәлімет бойынша, Қазақстан қор биржасында (KASE) 1 доллар шамамен 474 теңгеден саудаланып жатыр. Осылайша6 теңге бір ай ішінде шамамен 25 теңгеге нығайған. Бұл – кейінгі кезеңдегі ең айқын өзгерістердің бірі. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл құбылыстың негізгі себебін ел экономикасындағы іргелі факторлармен байланыстырды. Оның айтуынша, теңгенің нығаюы кездейсоқ емес, ең алдымен мұнай бағасының өсуімен тікелей байланысты.

«Теңге нығайып жатыр. Оның себебін экономика негізімен түсіндіруге болады. Қазақстанның экспортқа шығаратын басты өнімі – мұнай қымбаттап жатыр. Экспорттық түсімнің жартысынан астамы содан тұрады. Өндіріс көлемі сол күйінде қалса, баға көтеріліп жатыр. Соған байланысты доллар бағамы да төмен болады», деді Тимур Сүлейменов.

Шынында да, наурыз айында әлемдік нарықта мұнай бағасы айтарлықтай өсті. Бұған геосаяси факторлар, соның ішінде Иран төңірегіндегі шиеленіс әсер етті. Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 120 долларға дейін жетті. Алайда кейін баға біршама төмендеп, 1 сәуірдегі жағдай бойынша шамамен 99 доллар деңгейінде қалыптасты.

Мұнай бағасының көтерілуі Қазақстан үшін маңызды фактор саналады. Себебі ел экспортынан түсетін табыстың басым бөлігі осы секторға тиесілі. Демек, мұнай қымбаттаған сайын елге шетел валютасының ағыны артып, теңгеге деген сұраныс күшейеді. Бұл өз кезегінде ұлттық валютаның нығаюына әсер етеді.

Доллар арзандаған кезде халықтың әрекеті де жиі талқыланады. Осы ретте журналистер Ұлттық банк төрағасынан «қазір доллар сатып алу керек пе?» деген сұрақ қойған. Алайда реттеуші орган инвестициялық кеңес беруден бас тартты.

«Біз валютаны сақтау-сақтамау туралы инвестициялық кеңес бере алмаймыз. Бір ғана айтарым – теңге өзінің тұрақтылығын көрсетті», деп жауап берді Сүлейменов.

Сонымен қатар Ұлттық банк теңгені қолдау үшін белгілі бір шаралар қабылдап отырғанын да жасырмайды. Мәселен, 2025 жылы ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтау мақсатында шамамен 7 млрд доллар жұмсалған. Ал биыл бұл көрсеткіш 9 млрд долларға дейін жетуі мүмкін.

Жалпы алғанда, теңгенің нығаюы – бірнеше фактордың жиынтық нәтижесі. Оның ішінде мұнай бағасының өсуі, экспорттық түсімнің артуы және валюталық нарықтағы тепе-теңдік маңызды рөл атқарады. Алайда бұл үрдістің ұзақ мерзімді тұрақтылығы сыртқы экономикалық жағдайларға тікелей байланысты екенін де ескерген жөн.

Барлық жаңалық