Қоғам

Карлаг туралы айтуға неге қорқамыз? Қасірет пен қайсарлық тоғысқан фильм алғаш рет әлем сахнасына шығады

Карлаг туралы айтуға неге қорқамыз? Қасірет пен қайсарлық тоғысқан фильм алғаш рет әлем сахнасына шығады

Кеңес Одағының саяси қылмысы бойынша жазаға тартылған мыңдаған адамы осындай еңбекпен түзету лагерьлеріне қамалды. Қазақстан даласындағы КарЛАГ қақпасы арғы беттен келген сансыз адамның үміті мен қайғысын тоғыстырды. Енді сол тарих алғаш рет үлкен экранға шығып, бүкіл әлемге айтылмақ. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты тарихи шындыққа негіздеп саралап көрді. 

Жат жер, қасірет пен қайсарлық, сыналған үміт. Алайда, дәл сол ортада да адамдық өшкен жоқ. 

Халықаралық кино кеңістігіндегі жаңа туынды

Қазақстан мен Испанияның бірлескен жобасы жақында көрермендерге ұсынылады. Тарихи драма «Бітім» (La tregua / The Truce) 2025 жылғы қыркүйекте Сан-Себастьян қаласында өтетін «А» санатындағы беделді кинофестивальдің ресми бағдарламасына енді. 

Фильмді танымал «Бумажный дом» сериалының режиссёры Мигель Анхель Вивас түсірген. Басты рөлдерді Арон Пипер, Мигель Эрран, Сергей Уфимцев, Дина Тасболатова, Алтынай Нөгербек және Фараби Аққозов сомдайды.

Картинаның Қазақстандағы премьерасы 2025 жылғы 30 қазанда қазақ және орыс тілдерінде өтеді. 2025 жылғы 10 қазаннан бастап фильм Еуропалық одақ елдерінде көрсетіліп, кейін Netflix платформасында қолжетімді болады.

Фильмге негіз болған тарихи шындық. Фильм оқиғасы 1937–1945 жылдары Қазақстанда, әлемнің түкпір-түкпірінен келген тұтқындар ұсталған ҚарЛАГ-та өрбиді. Дәл осы жерге испан республикашысы Тельмо Рейес (30 жаста) пен КСРО-ға қарсы соғысқан Испанияның Көк дивизиясының солдаты Сальгадо (28 жаста) түседі. Бөтен жерде бітіспес жаулар жолығады.

Лагерьге түскен соң, олар жергілікті өмірге бейімделуге тырысады. Фильмнің тағы бір кейіпкері – қазақ филологы, мұғалім Ораз Сәкенов (45 жаста), қазақ зиялыларының өкілі. Бұл – өткен дәуірдің қазақстандық патриоттарынан жинақталған бейне. Кітапқұмар, білімді Ораз тұтқындарға ақыл-кеңес беріп, олардың өмірін жеңілдетудің жолдарын іздейді. Лагерьде Сальгадо қазақ қызы Айсұлумен (26 жаста) танысады. Араларында романтикалы сезімдер пайда болады, алайда Айсұлуға отансүйгіштік борышы мен жүрек қалауынан таңдау жасау оңайға соқпайды. Қазақ халқының мейірімі мен төзімділігі арқасында миллиондаған адамдар Қазақстанды екінші Отаны деп таныды. Фильм өткеннің азабын жеңілдеткен халықтар достығы туралы және оны бүгінгі күні сақтап қалудың маңызын баяндайды.

Карлаг шындығы

Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1931 жылы құрылған және КСРО-дағы ең ірі лагерьлердің бірі саналады. Сарапшылардың бағалауынша, әр кезеңде мұнда 60–70 мыңға дейін адам ұсталып, лагерь арқылы 700–800 мыңға жуық тұтқын өткен. КарЛАГ-та ерлермен бірге әйелдер мен балалар да болған. Музей материалдары бойынша, 1941–1944 жылдары лагерьде 900-ден астам бала қаза тапқан. 

Негізінде, Карлаг аумағы қазақ­тың атамекені, ал немістер, орыс­тар мен украиндар бұл жерге 1906-1910 жылдары қоныс аударды. Айтатын болсақ, 80 мың тұрғыны бар 4 мың қазақ киіз үйі, 1 200 неміс, орыс, украин үйлері болды. 1930-1931 жылдары халықты зор­лап көшіру басталды. Ол үшін НКВД-нің әскері пайдаланылды. Немістер мен орыстар, украиндар негізінен Қарағанды облысының Тельман, Осакаров және Нұра аудандарына қоныс аударды. Қа­зақтардың тағдыры ерекше қай­ғылы болды: лагерьлерге берілген жердің солтүстік бөлігіндегі ха­лықтың көпшілігі Қарағандыға, оған таяу жерлерге көшті. Мұның бәрі байлар мен кулактарды тәркі­леп, олардың мыңдаған малын талан-таражға салумен тұтас келді. Тәркіленген малдың біразы «Ги­гант» кеңшарында арнайы ұйым­дастырылған «Востокмясо» деген ұйымға берілді. Жергілікті халық көшірілгеннен кейін бос қалған жерлерді тұтқындардың сан мың­даған топтары мекендеді. Олар ла­герьдің бүкіл аумағына орналас­тырылды: теміржол, өздеріне ба­рак, мал қора, күзеттегі жауын­гер­лерге казарма, бастықтарға тұрғын үйлер салды. Құрылысқа көбінесе ескі үйлердің материалдары пай­даланылды, «бейіттердің саман кірпіштерін пайдалануға тыйым салынды», алайда ол тыйым кейде сақталған жоқ. Бейіттердің бұзылу фактісі Қарағанды облысының Жа­ңарқа ауданында кездесті. Бұл тура­лы аудандық партия коми­теті­нің бірінші хатшысы Ж.Сү­лей­ме­нов Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Галайдинге ар­наулы хат жолдады. Хатта былай делінген: «Ау­дан аумағында Карлаг бөлім­шелерін салу кезінде Ортау, Алабас, Жайдақсу шатқалдарында Карлаг қызметкерлері қазақтың атақты адам­дарының бейітін бұз­ды. Атақ­ты Жидебай Сыздықтың және бас­қа да кісілердің бейіттері бұ­зыл­ды, мал қораға айнал­дырылды».  

Францияның жер көлемімен тең болды

1931 жылы 19 желтоқсанда ОГПУ – ҚазИТЛАГ-қа қараған «Ги­гант» совхозының негізінде құ­рылған лагерьдің орталығы Қа­рағанды облысының Долинка ауы­лында орналасты. Карлагтың құрамына әкімшілік-шаруа­шы­лық, бақылау-жоспарлау, есепке алу, мәдени-тәрбие бөлімшелері және қаржы, сауда, кадрлар, көлік және саяси тұрғыдан бақылау­шы­лар, жедел-чекистік бөлімдері енді. Қазақстанның орталығында орналасқан Қарлаг солтүстігі мен оңтүстігіне шейін 300 шақырым, шығысынан батысына шейін 200 шақырым ұлан-ғайыр жерді алып жатты. Ақмола және Балқаш бө­лімшелерін қосып есептегенде, Карлагтың ауқымы Францияның жер көлемімен теңеcеді. Онда 29 бөлімше мен 192 түрме салынды. Қарағанды лагері ауқымына, құ­рылымдық жүйесінің күрделілігіне қарай «мемлекет ішіндегі мем­ле­кет», ал азаптау құралының күш­тілігі жағынан «Даладағы тамұқ» деген атқа ие болды. Республи­ка­лық және облыстық партия, кеңес органдары лагерь қызметіне еш­қандай ықпал ете алмады. Оның өзіндік шынайы өкіметі, қару-жарағы, көлік-құралдары, пош­та­сы мен телеграфы болды. Лагерьдің негізгі мақсаты – социализм құру­дың сталиндік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тұтқындардың тегін еңбегін жаппай пайдалану еді. Сондықтан түрлі шаруашылық нысандары мен фермалар жұмыс істеп тұрды. Ашылған сәтте оған 47 ұлт өкілінен 2 567 жазасын өтеу­ші қамалды. 1937-1938 жылдары мұн­да 43 мың жазасын өтеуші болды. Орталық кеңсе (қазіргі музей) тікелей Мәскеуге ғана бағынды. Яғни, әскерилердің кез келген әре­кеті жоғарғы биліктің рұқсаты­мен ғана жүзеге асты. Бұған соттау, жазалау, өлтіру, еңбекке аралас­ты­ру, қинау, мойындату кірді. 1933-1935 жылдары жазалау мерзімі тағайындалған адамдарды Долин­каның маңайындағы төрт қорымға апарып, он-он бес адамнан атып отырған. 1939 жылы НКВД-ның 42 лагерінің ішінде Қарлаг тұтқын­дардың саны жағынан КСРО-да тоғызыншы орын алған. КСРО НКВД лагерьлерінің Бас басқар­масына қарасты қапастар мен түр­мелерде жалпы саны 4 мил­лионға жуық сотталғандар отырса, олар­дың 1-1,5 миллионнан астамы Қар­­лагтан өткен. Жалпы, ГУЛАГ-тың құрамында 61 лагерь болса, Қарлаг соның ең ірілерінің бірі болды.  

Лагерьдегі балалар

Қарлагта ересектермен бірге «халық жауларының» балалары да мерзімдерін өтеді. Жаңа туған балаларды аналарынан тартып алып, балалар комбинаттарына тапсырды. Оның да вахтасы, қақ­пасы бар. Барактары және тікенек сымдары кәдімгі түрмеден еш айыр­машылығы жоқ болатын. «Қар­лагта» осындай жеті мекеме орналасты. Долинкада 4 жасқа дейінгі балаларға арналған «Ма­моч­кин дом», қазақшалағанда, «Анашымның үйі» атты арнаулы мекеме жұмыс істеген. Кейіннен ата-анасы толық ақталған Люд­мила Константинова: «3-4 жастағы сәбилердің ойында не қалады дейсіз? Бірақ бәрібір жадыңа өшпестей болып таңбаланатын айрықша сәттер болады екен. Мы­салы, біздерді топтап орманға се­руенге шығаратыны есімде. Жер­ден кесіртке немесе қоңыз сияқты бірнәрсе көрсек, жалма-жан ауыз­ға салып, акулаша жұта сала­тын­быз. Аштықтан бұралған соң солай еткен шығармыз деп ойлаймын қазір. Бізге су берілмейтін, өйткені іш ауруы асқынып тұрды. Өзімнің де өлім аузынан қайтқанымды білемін» дейді. Долинканың бір шеті сол сәбилердің қорымына ұласады. Көп ұзамай жермен-жексен болып тегістеліп кеткен қорымның ауқы­мын анықтау мүмкін емес. «Қолда бар анықтамалық құ­жаттарға қарағанда, 1943 жылы ғана 450 бала бір мезгілде өкпе қабынуынан қырылып қалған», – дейді Долинка мұражайының мең­герушісі Марина Кушникова. Мұ­рағат деректері бойынша, мұн­дай үйлерде балалар өлімі өте жоғары еді. Мәселен, 1941-1944 жылдары 924 бала, ал 1950-1952 жылдары 1 130 сәби опат болған. Қарағанды об­лысы Абай ауданы Жартас кен­тінің аумағындағы ар­на­йы мо­лада Қарлаг тұтқындары – әйелдер мен балалардың мүрделері жер­ленген.     

Авторлар мен сарапшылардың пікірлері

Режиссёр Мигель Анхель Вивас фильм туралы былай дейді:

«Бұл – адамдар арасындағы жұбаныш туралы фильм… Біз қараңғылықтан жарыққа өтеміз. Бітім орнаған сәтте фильм де өзгереді, біз жарық ашып, көрермен соңында көзіне жас алады деп сенеміз».

Қазақ тарапынан бас продюсер Ерлан Бекхожин жобаның миссиясын былай сипаттайды:

«Бұл оқиға арқылы әлем Қазақстанды тек қасіретті тарихы бар ел ретінде емес, адамға деген құрмет пен қонақжайлық дәстүрі ежелден қалыптасқан жер ретінде көруі маңызды. Фильм ойлануға, диалог пен келісімнің мүмкін екеніне сенуге шақырады».

Испандық продюсерлер де:

«Идеология адамдар арасындағы түсіністікке кедергі болмауы керек», – деген ұстанымды алға тартады.

Фильмнің негізгі идеясы – қазақ халқының қонақжайлығы мен кеңпейілділігін көрсету. Қазақстан сол жылдары миллиондаған адамға екінші отан болып, жомарттық пен төзімділіктің символына айналды. «Бітім» осы құндылықтарды қазіргі көрерменге жеткізуді көздейді. 

«Бітім» туындысы бүкіл әлемнің ортақ тарихына арналған картина. Ол өткеннің ауыр сабақтарын ұмытпауға, адамдықтың шынайы мәнін тануға және халықтар арасындағы түсіністік пен достықты сақтауға үндейді. 

Адамды қанау мен қинаудың ортасы болған Карлаг тарихы әлі толығымен зерттеліп болған жоқ. Азап пен тозақтың арасында болған тұтқындарды еске алу – парыз. 

Барлық жаңалық