Қазақстан мен Қытай шекарасында жүргізушісіз жүк көліктері жүретін болды. Яғни, енді кейбір фуралар рөлде адамсыз, автоматты түрде шекараны кесіп өтеді, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл жаңалық «Бақты» – «Покиту» өткізу бекетінде іске қосылған «Ақылды кеден» деп аталатын пилоттық жобаның аясында жүзеге асып жатыр.
Мемлекеттік кірістер комитетінің айтуынша, бұл жобаның басты мақсаты – кедендегі ұзын-сонар кезектер мен қағазбастылықты қысқартып, жүкті тез өткізу. Бұрынғыдай шекарада жүргізуші құжат толтырып, кезек күтіп тұрмайды. Енді бәрі цифрлы форматқа көшеді. Қжат онлайн, бақылау автоматты, көлік өзі жүріп өтеді.
Жоба іске қосылса: жүк айналымы жылына 10 миллион тоннаға дейін артады; кедендегі уақыт пен ақша үнемделеді; шекара маңында жаңа логистикалық хабтар ашылады; ең бастысы, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттау жеңілдейді.
Бұл жаңа жүйе Қазақстан мен Қытайдың бірлескен шешімімен қолға алынды. Жақында Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев пен Қытайдың Тачэн қаласындағы партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэй кездесіп, екіжақты меморандумға қол қойған.
Айтпақшы, бұл екі ел арасындағы бірінші жаңалық емес. Бұған дейін де жаңа теміржол дәлізі туралы келіссөздер жүрген еді. Демек, алдағы уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы мүлде жаңа деңгейге шығатын сияқты.