Энергияға сұраныс жыл сайын артып келеді. Технология дамыған сайын электр қуатына тәуелділік күшейді. Бірақ адамзаттың негізгі энергия көзі әлі де мұнай, көмір және газ болып отыр. Бұл жағдай климатқа ғана емес, экономикалық қауіпсіздікке де әсер етеді. Еліміз үшін жасыл энергетикаға көшу экологиялық міндет қана емес, келешектегі экономикалық тұрақтылықтың да маңызды шартына айналды.
Қазіргі әлемді энергиясыз елестету мүмкін емес. Өндіріс те, көлік те, цифрлық технология да, күнделікті тұрмыс та электр қуатына тәуелді. Адамзат неғұрлым көп тұтынған сайын, энергияға деген сұраныс та соғұрлым артып келеді. ENERDATA дерегіне сүйенсек, 2024 жылы әлемдік энергия тұтыну құрылымында қазба отынның үлесі 81 пайызға жеткен. Оның ішінде мұнай мен көмірдің әрқайсысы 29 пайыздан, табиғи газ 23 пайызды құраған.
Бұл көрсеткіш бір нәрсені анық аңғартады: адамзат жасыл экономика туралы көп айтқанымен, әлемдік энергетика әлі де көмірсутекке тәуелді. Соңғы екі ғасырда мұнай, көмір және газ өнеркәсіптің дамуына, ғылыми-техникалық ілгерілеуге, халық тұрмысының жақсаруына ықпал етті. Бірақ оның өтеуі де ауыр болып шықты. Қазба отыннан бөлінетін парниктік газдар климаттың өзгеруін жеделдетіп, жаһандық жылыну мәселесін ушықтырды.
Осы себепті 1992 жылы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы қабылданып, 2015 жылы Париж келісіміне қол қойылды. Бұл құжаттар жаһандық температура өсімін 2 градус деңгейінде шектеуді, мүмкін болса 1,5 градус шегінен асырмауды көздейді. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым дерегіне қарағанда, парниктік газдар шығарындыларының негізгі бөлігі отын-энергетика секторына тиесілі. Демек, климат мәселесін энергетикалық саясаттан бөліп қарау мүмкін емес.
Еліміз де бұл үдерістен тыс қала алмайды. Елде жасыл энергетиканы қалыптастыру ісі 2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң қабылданғаннан кейін жүйелі сипат алды. 2013 жылы «Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы» бекітіліп, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 10 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу межесі белгіленді.

Зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның жасыл энергетикаға бет бұруы тек климаттық міндеттемелерден туындап отырған жоқ. Мұның экономикалық астары да терең. Елдің басты табыс көздерінің бірі саналатын мұнай қоры шексіз емес. «Көмірсутекке сүйенген экономика белгілі бір кезеңде табыс әкелгенімен, ұзақмерзімді болашақта мұндай тәуелділік тәуекелге айналады», дейді сарапшылар.
Бұл пікірдің негізі бар. Ұлттық компания деректері бойынша, 2014-2022 жылдар аралығында барлау ұңғымаларын бұрғылау көрсеткішінде төмендеу байқалған. Егер мұнай өндіру орташа жылдық 105 млн тонна деңгейінде сақталса, қолда бар ресурс алдағы 25-30 жылда едәуір сарқылуы мүмкін деген болжам айтылады. Сондықтан энергетиканы әртараптандыру Қазақстан үшін экологиялық таңдау ғана емес, экономикалық қажеттілік.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы жүргізген зерттеуде Қазақстан көмірқышқыл газы шығарындыларының ЖІӨ бірлігіне шаққандағы көлемі бойынша 52 елдің ішінде алдыңғы орындардың бірінде тұрғаны көрсетілген. Бұл ел экономикасында энергияны көп қажет ететін салалардың үлесі жоғары екенін аңғартады. Яғни жасыл энергетикаға көшу ауа сапасын жақсартумен қатар, өндірістің тиімділігін арттыруға да ықпал етуі тиіс.
Соған қарамастан, соңғы жылдары оң динамика бар. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы дерегіне сәйкес, жаңартылатын энергия көздерінің жалпы энергия тұтынудағы үлесі 6,2 пайызға жеткен. 2015 жылы бұл көрсеткіш 0,6 пайыз ғана еді. Демек, он жылға жуық уақытта өсім 10 есеге артқан. Бұл жасыл энергетика саласында нақты ілгерілеу бар екенін көрсетеді.
Сарапшылар Қазақстанның бұл бағыттағы басты артықшылығы ретінде заңнамалық негіздің ерте қалыптасқанын атайды. «Орталық Азияда жаңартылатын энергия көздерін қолдау тетіктерін алғаш жүйелеген елдердің бірі Қазақстан болды», деген пікір орынды. 2009 жылғы заң, 2013 жылғы жасыл экономика тұжырымдамасы, Экологиялық кодекс және 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары салаға институционалдық негіз қалап берді.
Тағы бір маңызды артықшылық – табиғи әлеует. Қазақстанның кең даласы күн және жел энергетикасын дамытуға қолайлы. Ел аумағының едәуір бөлігін шөл, шөлейт және дала аймақтары алып жатыр. Оңтүстік өңірлерде күн сәулесі мол, ал бірқатар аймақтарда желдің орташа жылдамдығы электр энергиясын өндіруге жеткілікті.

Инвестициялық мүмкіндік те аз емес. Жасыл энергетикаға халықаралық қаржы институттары, шетелдік компаниялар және жеке сектор қызығушылық танытып отыр. TotalEnergies, Masdar, China Power International Holding секілді компаниялар, сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстандағы жасыл жобаларға қаржы құйып келеді. Бұл бір жағынан жаңа технология әкелсе, екінші жағынан елдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңартуға мүмкіндік ашады.
Алайда тәуекел де жоқ емес. Ең алдымен, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымы ескірген. Көптеген электр желісі мен энергия тасымалдау жүйелері кеңестік кезеңнен қалған. Жаңартылатын энергия көздерін біртұтас энергетикалық жүйеге қосу оңай емес. Себебі күн мен жел энергиясы тұрақты өндірілмейді. Күн энергиясы тек жарық уақытта алынса, желдің жылдамдығы маусымға және ауа райына тәуелді. Бұл энергияны сақтау, теңгеру және тарату жүйесіне үлкен салмақ түсіреді.
Кадр мәселесі де өзекті. Қазақстанда жаңартылатын энергия саласына маман даярлайтын жоғары оқу орындары бар. Бірақ зерттеу авторлары басқарушы және инженерлік кадрлар тапшылығы әлі де сезілетінін айтады. Әсіресе жобаны жоспарлау, станцияны пайдалану, техникалық қызмет көрсету және қаржылық модельдеу бағытында тәжірибелі мамандар қажет.
Тағы бір қауіп – шетелдік технологияға тәуелділік. Қазір жасыл энергетика жобаларының көпшілігі сыртқы инвестиция мен импорттық жабдыққа сүйенеді. Бұл бастапқы кезеңде тиімді көрінгенімен, ұзақмерзімді кезеңде тәуекел туғызады. Егер халықаралық нарықта баға өссе, жеткізу тізбегі үзілсе немесе санкциялық қысым күшейсе, отандық жобалардың жүзеге асуы баяулауы мүмкін.
Сарапшылар бұл тұрғыда «Қазақстан жасыл энергетиканы дамытуда тек тұтынушы емес, өндіруші елге айналуы керек» деген ой айтады. Яғни күн панельдері, жел турбиналарының бөлшектері, сақтау жүйелері мен цифрлық басқару құралдарының бір бөлігін ел ішінде өндіру маңызды. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, технологиялық тәуелділікті азайтады.
Баға мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс. Кей деректер бойынша, жаңартылатын энергия көздерінен алынатын электр қуатының өзіндік құны дәстүрлі энергиямен салыстырғанда жоғары болуы мүмкін. Бұл тарифке әсер етуі ықтимал. Сондықтан жасыл энергетикаға көшу әлеуметтік саясатпен қатар жүруі қажет. Халыққа салмақ салмайтын, бизнеске түсінікті, мемлекет үшін тиімді модель керек.
Қазақстанның алдында екі міндет тұр. Біріншісі – көмірсутекке тәуелділікті біртіндеп азайту. Екіншісі – жасыл энергетикаға көшуді асығыс науқанға айналдырмай, жүйелі түрде жүргізу. Ол үшін заң, инвестиция, инфрақұрылым, кадр және отандық өндіріс бір бағытта жұмыс істеуі қажет.
Бағамдай келе, Қазақстанның жасыл энергетикаға көшу әлеуеті жоғары. Елде табиғи мүмкіндік бар, заңнамалық негіз қалыптасқан, халықаралық серіктестер қызығушылық танытып отыр. Бірақ бұл мүмкіндікті толық пайдалану үшін ішкі әлсіз тұстарды жою қажет. Ескірген желілер жаңармаса, кадр тапшылығы шешілмесе, отандық технологиялық база қалыптаспаса, жасыл энергетика сыртқы қаржыға тәуелді сала болып қалуы мүмкін.