🤖 Digital

Адам мен алгоритм: экономикалық тартыс

Адам мен алгоритм: экономикалық тартыс

Бұрын адам атқаратын жұмысты енді алгоритм орындай бастады. Банк клиентінің сұранысын талдау, өндірістегі ақауды анықтау, мемлекеттік қызмет көрсету, тіпті дәрігерлік болжам жасау да жасанды интеллект көмегімен іске асып жатыр. Сарапшылар мұны жаңа технологиялық кезең ғана емес, экономиканың жаңа моделі деп бағалайды. Қазір біздің елде де жасанды интеллектіні құқықтық тұрғыдан реттейтін арнайы заң қабылданып, цифрлық экономикаға жаңа бағыт берілді. Бірақ ел экономикасы бұл өзгеріске қаншалықты дайын?

Әлем экономикасында жаңа бәсеке басталды. Бұрын мемлекеттердің қуаты табиғи ресурспен, өндіріс көлемімен немесе арзан жұмыс күшімен өлшенсе, бүгінде басты капиталдың бірі – дерек пен интеллектіге айналды. Жасанды интеллектіні (ЖИ) тиімді қолдана алған мемлекеттер экономикалық өнімділікті арттырып, мемлекеттік басқаруды оңтайландырып, бизнес шығынын азайтып отыр.

Сарапшылардың пайымынша, XXI ғасырдың басты байлығы мұнай немесе металл емес, ақпарат пен оны талдай алатын жүйе болады. Сондықтан әлем елдері цифрлық трансформацияны технологиялық сән ретінде емес, экономикалық қажеттілік ретінде қарастырып отыр.

Бүгінде интеллектуалды ақпараттық жүйелер экономикадағы шешім қабылдау процесін түбегейлі өзгертті. Мұндай жүйелер үлкен көлемдегі деректерді өңдеп, талдап, тәуекелді болжай алады, тіпті адамның қатысуынсыз белгілі бір шешімдер ұсынады. Оның негізінде машиналық оқыту, нейрондық желілер, табиғи тілді өңдеу және аналитикалық алгоритмдер жатыр. Бұл технологиялар өндіріс шығынын азайтып, басқару тиімділігін арттырып келеді.

Экономика үшін оның пайдасы нақты. Мәселен, бизнес құрылымдары ЖИ-ді маркетингтік талдау, тұтынушы сұранысын болжау, логистика мен қаржылық тәуекелді басқаруда пайдаланып жатыр. Банктер күмәнді транзакцияны бір сәтте анықтайды, онлайн сауда платформалары тұтынушы мінез-құлқын сараптап, жеке ұсыныс береді, өндіріс орындары жабдықтардың істен шығу қаупін алдын ала болжайды. Бұл шығынды азайтып, еңбек өнімділігін күшейтеді.

Экономистердің пікірінше, жасанды интеллект адамды толық алмастырмайды, бірақ оны тиімді қолданатын адам басқаларын алмастыруы мүмкін. Бұл тұжырым еңбек нарығындағы өзгерісті анық көрсетеді. Бір жағынан, автоматтандыру қарапайым мамандықтарға сұранысты азайтуы мүмкін. Екінші жағынан, деректер инженері, AI-әзірлеуші, киберқауіпсіздік маманы, цифрлық аналитик секілді жаңа кәсіптерге сұраныс күрт артып келеді.

Қазақстан да осы жаңа кезеңге бейімделуге кірісті. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, электронды үкімет жүйесін дамыту, мемлекеттік деректерді біріктіру бағытында бірқатар өзгеріс болды. Интеллектуалды жүйелер мемлекеттік басқаруда әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді талдау, өңір дамуын болжау, бағдарламалардың тиімділігін бағалау үшін қолданылып келеді. Білім беру саласында қашықтан оқыту платформалары мен адаптивті бағдарламалар пайда болды.

Алайда жаңа технологияның қарқыны құқықтық реттеуді де талап етті. Осы орайда Қазақстан маңызды қадам жасады. 2025 жылғы 17 қарашада Президент «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойып, ол 2026 жылдың 18 қаңтарынан бастап күшіне енді. Осылайша Қазақстан Еуропалық одақтан кейін ЖИ-ді арнайы заңмен реттеген әлемдегі екінші юрисдикция атанды. Бұл елдің цифрлық саясаттағы амбициясын көрсететін маңызды белгі ретінде бағаланып отыр.

Заң нені өзгертеді? Құжат ЖИ қолдануда заңдылық, ашықтық, түсіндірілетін шешім қабылдау, адамның құқығы мен қауіпсіздігін қорғау қағидаларын бекітеді. Сонымен қатар адамның мінез-құлқын жасырын манипуляциялайтын, азаматтардың әлеуметтік рейтингін жасайтын немесе адамның эмоциясын келісімсіз анықтайтын жүйелерге тыйым салынған. Сарапшылар мұны «технологиялық прогресс пен азаматтық құқық арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған қадам» деп бағалайды.

Дегенмен мәселенің екінші жағы бар. ЖИ дамуы жаңа қауіптерді де күшейтіп отыр. Ең алдымен, киберқауіпсіздік мәселесі өткір. OECD мәліметінше, ұйымдардың 40 пайыздан астамы ЖИ жүйелеріне қатысты кибершабуыл немесе ақпараттық қауіпсіздік оқиғасына тап болған. Дерек көбейген сайын тәуекел де ұлғаяды. Сондықтан цифрлық экономикадағы басты капитал сенімге айналып отыр: азамат өз дерегінің қорғалғанына сенуі қажет. Саяси ғылым­дар док­то­ры Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша киберқауіпсіздікті 100 пайыз қамтамасыз ету мүмкін емес.

 «Ша­буылдар­дан абсолютті қорғаныс кибермер­дің күрделілігіне және­ оның өзгеру қабіле­тіне байла­нысты мүмкін емес. Дегенмен бұ­ған ұмтылу керек. Өйтке­ні кибер­қа­уіп­­сіз­дік – ақпараттық қоғам­ды дамы­ту­дың қажетті шар­­ты. Интернет – жұмыс орны ғана емес,­ өміріміздің бөлшегі. Он­лайн-кеңістікте өзіңді қор­ғау – үйің­­ді қорғаумен тең. Ки­бер­ша­буыл алды­мен қаржы қор­ла­ры мен ақпараттарына жа­са­ла­ды. Қаржы туралы ақпарат – ки­­бер­қылмыскерлердің басты ны­саны. Компьютердегі қауіпсіз­дік мемлекеттік қауіпсіздіктен бас­тап коммерциялық сектор­дағы мәселелерге дейінгі тіз­бек­ті жүйені қамтиды», дейді Г. Сұлтанбаева.

Екінші үлкен мәселе – кадр тапшылығы. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы ең күрделі түйін технология емес, адам ресурсы болуы мүмкін. Қазір елде жасанды интеллектімен жұмыс істейтін жоғары білікті инженерлер, алгоритм жасаушылар, деректер сарапшылары жетіспейді. Егер кадр мәселесі шешілмесе, Қазақстан шетелдік платформалардың тұтынушысы болып қалу қаупі бар.

«Кадр бәрін шешеді» деген пікірдің салмағы осында. Сондықтан университеттердегі AI бағдарламаларын күшейту, мектептегі цифрлық сауаттылықты арттыру және инженерлік білімге басымдық беру өзекті мәселеге айналып отыр.

Болашақта интеллектуалды ақпараттық жүйелер мемлекеттік басқарудан бастап медицина, қаржы, өнеркәсіп және білім беру саласына дейін толық енуі мүмкін. Сарапшылар «алдағы он жылда жасанды интеллект электр қуаты немесе интернет секілді базалық инфрақұрылымға айналады» деген болжам айтады. Демек, оны игерген мемлекет экономикалық артықшылыққа ие болады.

Қазақстан үшін де таңдау айқын. Ел шикізатқа тәуелді модельден біртіндеп білім мен технологияға негізделген экономикаға бет бұруы керек. Бұл ретте жасанды интеллект жай ғана цифрлық құрал емес, жаңа экономикалық өсімнің драйверіне айналуы ықтимал.

Сайып келгенде, жасанды интеллект төңірегіндегі жарыс енді басталды. Бір мемлекеттер оны ұлттық басымдыққа айналдырып үлгерді, енді бірі бейімделу кезеңінде. Қазақстан алғашқы қадамдарын жасады: заң қабылданды, тұжырымдамалар әзірленді, цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр. Бірақ басты сұрақ сол күйі тұр: ел жаңа технологияны тұтынушы болып қала ма, әлде оны жасайтын экономикаға айнала ма? Жауап осы онжылдықта белгілі болмақ.

 

Барлық жаңалық