💰 Экономика

Инвестиция өңірлерге қалай бөлінеді?

Инвестиция өңірлерге қалай бөлінеді?

Ел экономикасына құйылған шетелдік капитал көлемі жылдан жылға артып келеді. Алайда оның игілігін барлық өңір бірдей көріп отыр ма? Бүгінде инвестицияның басым бөлігі мұнайлы облыстар мен қаржы орталықтарына шоғырланып, кейбір аймақтар сырт қалып жатыр. Сарапшылар мұның себебін инфрақұрылым, цифрландыру деңгейі және өңірлердің инвестиция тарту қабілетімен байланыстырады. Ендеше, инвестиция өңір экономикасына қалай әсер етеді және бұл теңсіздікті азайтудың жолы қандай?

Жаһандық экономикада мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі енді тек табиғи байлықпен өлшенбейді. Қазіргі кезеңде елдің технология тарту мүмкіндігі, институционалдық тұрақтылығы және капитал үшін қолайлы орта қалыптастыруы шешуші факторға айналған. Экономист, стратегиялық менеджмент теориясының негізін қалаушылардың бірі Майкл Портердің пайымынша, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі оның инновацияны, капиталды және заманауи технологияны тарту әлеуетімен тікелей байланысты. Демек, инвестиция – жай ғана қаржы ағыны емес, экономиканы жаңғыртудың басты тетігі.

Еліміз үшін бұл мәселенің салмағы тіптен бөлек. Өйткені ел экономикасының бір бөлігі әлі де шикізаттық модельге тәуелді. Сондықтан шетелдік инвестиция тарту өндірісті әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды жаңарту және өңірлердің экономикалық қуатын күшейту үшін аса маңызды.

Соңғы жылдары еліміз Орталық Азияда шетелдік инвестиция тарту бойынша көш басындағы мемлекеттердің қатарынан түскен емес. Зерттеу деректеріне сүйенсек, пандемия кезеңінен кейін инвестициялық белсенділік қайта жандана бастаған. Мәселен, 2021 жылы Қазақстанға 23,8 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 28 млрд долларға жеткен. Кейін әлемдік экономикалық тұрақсыздыққа байланысты белгілі бір құлдырау байқалғанымен, 2025 жылы инвестиция көлемі қайтадан 27,4 млрд долларға жуықтаған. Бұл халықаралық инвесторлардың ел экономикасына деген сенімі толық жоғалмағанын көрсетеді.

Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Инвестиция көлемінің өсуі барлық өңірдің бірдей дамуына кепіл емес. Қаржы ағыны көбіне мұнайлы өңірлер мен экономикалық инфрақұрылымы дамыған қалаларға бағытталып отыр. Мәселен, Атырау облысы мұнай-газ саласының әлеуеті арқылы инвестициялық белсенділігі жоғары аймақ саналады. Алматы қаржы, IT және қызмет көрсету секторлары арқылы алға шықса, Астана құрылыс пен цифрлық технология бағытында инвесторлар назарын аударып келеді. Ал Түркістан облысы тәрізді аграрлық өңірлерде инвестициялық белсенділік әлдеқайда төмен.

Сарапшылар өңірлік инвестициялық тартымдылық ең алдымен инфрақұрылымдық, институционалдық және технологиялық факторлардың жиынтығымен анықталатынын айтады. Яғни инвестор тек табиғи ресурсқа қарап шешім қабылдамайды. Ол үшін өңірдегі жол сапасы, логистика, инженерлік желілер, цифрлық қызметтердің қолжетімділігі және мемлекеттік органдармен жұмыс істеудің жеңілдігі әлдеқайда маңызды. Инвестор бюрократиялық кедергісі аз, рәсімдері ашық әрі жылдам орындалатын ортаға ұмтылады.

Бұл тұрғыдан алғанда цифрландырудың ықпалы ерекше. Бүгінде инвестиция үшін күрес бұрынғыдай тек салықтық жеңілдіктермен шектелмейді. Қазір мемлекеттер инвесторды уақыт үнемдеу, ашықтық және цифрлық сервистер арқылы тартып отыр. Қазақстанда электронды үкіметтің дамуы, мемлекеттік қызметтердің онлайн форматқа көшуі және автоматтандырылған рәсімдердің енгізілуі инвестициялық климатқа оң әсер етті. Құжат рәсімдеу мерзімінің қысқаруы, рұқсат алу тетіктерінің жеңілдеуі және ашықтықтың артуы халықаралық бизнес үшін маңызды сигнал саналады.

Зерттеуші Әйгерім Мыңбаева да өңірлердің инвестициялық мүмкіндігін күшейтуде цифрлық трансформацияның рөлі артып отырғанын атап көрсетеді. «Цифрлық инфрақұрылымы дамыған өңірлер инвестиция тартуда әлдеқайда тұрақты нәтижеге қол жеткізеді. Өйткені Smart City элементтері енгізілген, деректерді басқару жүйесі жолға қойылған және мемлекеттік қызметтері цифрланған аймақтарда бизнес жүргізу тәуекелі төмен болады», дейді сарапшы.

Мұның нақты мысалын Ақмола облысындағы Smart Aqkol жобасынан көруге болады. Мамандар бұл бастаманы өңірлік цифрландырудың тиімді үлгісі ретінде бағалайды. Ақылды бейнебақылау, коммуналдық инфрақұрылымды басқару, қауіпсіздік жүйелері және цифрлық сервистер қаланың инвестициялық имиджін жақсартуға ықпал еткен. Бұл тәжірибе басқа өңірлерге де үлгі бола алады.

Дегенмен инвестициялық саясатта шешімін күткен мәселелер аз емес. Зерттеуде жүргізілген SWOT-талдау Қазақстанның географиялық орналасуы, табиғи ресурстары және көлік дәліздері мықты артықшылық саналатынын көрсеткен. Алайда шикізатқа тәуелділік, өңірлер арасындағы теңсіздік, инфрақұрылымдық шектеулер мен әкімшілік кедергілер инвестициялық әлеуетті толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр.

Америкалық экономист Майкл Портердің теориясына сүйенсек, ұзақмерзімді экономикалық табыс ресурстың көптігімен емес, инновацияны тиімді пайдалану қабілетімен өлшенеді. Демек, Қазақстан үшін ендігі міндет – инвестицияны тек мұнайлы өңірлерге бағыттамай, агроөнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, IT, логистика және жасыл экономика бағыттарына бұру.

Сарапшылардың пайымынша, өңірлік теңсіздікті азайту үшін әр облыстың нақты экономикалық мамандануын айқындап, сол бағытқа инвестициялық пакет әзірлеу қажет. Әйтпесе бір өңір дамып, екіншісі шет қалып отырған жағдайда ішкі экономикалық дисбаланс күшейе береді. Инвестицияның шынайы нәтижесі оның көлемімен емес, елдің әр өңіріне қаншалықты мүмкіндік әкелгенімен өлшенбек.

 

Барлық жаңалық