Жаңалықтар

Тежеу қашықтығын ұзартып, тайғанау қаупін арттырады: 1 маусымнан бастап жүргізушілерге не үшін айыппұл салынады?

Тежеу қашықтығын ұзартып, тайғанау қаупін арттырады: 1 маусымнан бастап жүргізушілерге не үшін айыппұл салынады?

Қазақстандық жүргізушілер үшін маусымның алғашқы күнінен бастап жаңа шектеулер күшіне енеді. Жаз мезгілінің басталуымен бірге қысқы дөңгелектерді пайдалануға ресми түрде тыйым салынады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Тәртіп бұзған азаматтарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 5-бөлігі бойынша шара қолданылады. Техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарға сай келмейтін көлікті тізгіндегені немесе пайдалануға тыйым салатын ақаулары болғаны үшін алғашқы рет 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл 21625 теңгені құрайды. Егер жүргізуші осы қатені екінші мәрте қайталаса, жаза айтарлықтай ауырлайды. Мұндай жағдайда айыппұл көлемі 20 айлық есептік көрсеткішке немесе 86500 теңгеге жетеді.

Еуразиялық экономикалық одақ аумағында "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" арнайы техникалық регламент жұмыс істейді. Осы құжаттың 5.5-тармағында жазғы үш айда, яғни маусым, шілде және тамыз мезгілдерінде шегеленген дөңгелектермен жүруге үзілді-кесілді тыйым салынған. Осылайша, жаз мезгілінде көлікке шип тағу заңнан тыс әрекет болып танылады. Сонымен қатар аталған құжатта дөңгелек протекторларының тереңдігіне де нақты талап қойылған. Жеңіл автокөліктер үшін бұл көрсеткіш 1,6 миллиметрден кем болмауы шарт. Көлік құралы өндірушінің құжаттамасына сәйкес жабдықталуы тиіс. Әрбір дөңгелек ұсынылған өлшемдерге және көліктің ең жоғары жылдамдығына сай келуі немесе одан асып түсуі керек.

Қазақстан аумағында жазғы дөңгелектерді наурыз айынан қараша айына дейін пайдалануға рұқсат берілген. Алайда мамандар ауа райы күрт суытпай тұрып дөңгелектерді алдын ала ауыстыруға кеңес береді. Себебі төмен температурада жазғы резинаның жолмен ілінісу қуаты төмендейді. Қысқы дөңгелектерді ыстық күнде пайдалану да дәл осындай қауіп төндіреді. Жылы мезгілде қысқы резина тез тозады. Оның тым иілгіш қасиеті ыстық асфальтта қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Әсіресе, қысқы "липучка" дөңгелектері жазғы уақытта көлікті басқаруды қиындатады. Бұл жағдай көліктің тайғанау қаупін арттырып, тежелу қашықтығын ұзартады.

Барлық жаңалық