Жақын жылдары еңбек нарығы түбегейлі өзгеруі мүмкін. Жасанды интеллектінің дамуы кеңседе қағаз қарап, есеп жүргізетін мамандардың орнын біртіндеп ығыстырып жатыр. Ал қолымен нақты жұмыс істейтін техникалық мамандардың қадірі керісінше арта түспек. Бұл туралы «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин NEF 2026 форумында айтты, деп жазады Ozgeris.info.
Оның сөзінше, алдағы екі-үш жылда компания кеңсе қызметкерлерінің санын айтарлықтай қысқартып, көптеген үдерісті жасанды интеллект арқылы автоматтандырмақ. Бүгінде «Қазақтелеком» құрылымында кеңседе жұмыс істейтін қызметкерлер мен техникалық мамандардың саны теңесіп кеткен. Компанияда 8 мың адам техникалық бағытта еңбек етсе, тағы 8 мың қызметкер кеңседе жұмыс істейді. Алайда енді кеңсе қызметтерінің едәуір бөлігі қысқарады.
«Қазақтелекомда» техникалық қызметкерлер мен кеңседе отыратын қызметкер саны бірдей. Сол кеңседегі 8 мың адамның саны қатты қысқарады. Мен мұны бәріне, тіпті Президентке дейін айттым. Алдағы екі-үш жылда ол жерде 8 мыңның орнына 3 мың адам ғана қалады. Біз, айтишниктер, кеңсе жұмысын қалай алмастыру керегін білеміз. Қазір сол үшін жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізіледі», деді Б.Мусин.
Компания басшысы бұрын қоғамда кеңседе жұмыс істеу бедел саналғанын, ал техникалық мамандықтарға төмен көзқарас болғанын айтады. Алайда қазір жағдай өзгеріп жатыр. Оның пікірінше, болашақта нақты кәсіп меңгерген, қолымен жұмыс істейтін адамдардың табысы да, сұранысы да артады.
«Бұрын жақсы оқымасаң, сантехник боласың, жол жөндеуші боласың деп қорқытатын. Қазір жағдай өзгерді. Керісінше, қолымен жұмыс істейтін адамдардың миллионер болуға мүмкіндігі көбірек. Себебі дәл сол адамдар істің қыр-сырын біледі. Басқарушы да солардың арасынан шығады. Жиырма-отыз адамнан құралған бригаданың ішінде көшбасшы болатын бригадирлер пайда болады. Болашақтың нағыз табысты адамдары – солар», дейді ол.
Бағдат Мусин техникалық мамандардың орнын қазіргі технология толық баса алмайтынын да атап өтті. Оның айтуынша, кабель жүргізу, оптикалық желіні жөндеу, ақауды тауып қалпына келтіру секілді жұмыстар әлі де адам еңбегін қажет етеді.
«Техниканы жақсы білетін 8 мың маман толықтай қалады. Себебі олар нақты құндылық қалыптастырады. Қолымен жұмыс істейтін адамның орнын басу қиын. Мысалы, робот кәріз құдығына түсіп, кабельдің қай жерден үзілгенін тауып, оптиканы жалғап бере алмайды. Қазірше мұндай мүмкіндік жоқ», деді компания басшысы.
Жасанды интеллектінің дамуы еңбек нарығын жаңа бағытқа бұрып жатыр. Бұрын құжат толтыру, есеп жасау, ақпарат өңдеу секілді жұмыстарды адамдар атқарса, енді мұның біразын алгоритмдер мен нейрожүйелер орындай алады. Ал инженер, дәнекерлеуші, электр маманы, байланыс технигі секілді нақты кәсіп иелеріне сұраныс арта түспек.
Қазір әлемде «blue-collar revival» деген ұғым жиі айтылады. Бұл – қол еңбегіне негізделген мамандықтардың қайта бағалана бастауы. АҚШ пен Еуропада соңғы жылдары техникалық мамандардың жалақысы өсіп, кәсіптік білімге қызығушылық артқан. Себебі жасанды интеллект кеңсе қызметінің бір бөлігін алмастырғанымен, нақты физикалық еңбекті толық атқара алмай отыр.