Жаңалықтар

Қарағандыда жасөспірім 8 жасар қызды қағып өлтірді

Қарағандыда жасөспірім 8 жасар қызды қағып өлтірді

Қарағандыда 8 жасар қызды қағып өлтірген кәмелетке толмаған жүргізушінің ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Полицияның мәліметінше, оқиға 9 мамыр күні болған. 

"9 мамыр күні Қарағанды қаласының Көкпекті станциясында 17 жастағы жүргізуші "Эндуро" маркалы мотоциклді басқарып келе жатып, жаяу жүргінші – 8 жастағы қыз баланы қағып кеткен. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан қыз оқиға орнында көз жұмды", – делінген Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарламасында. 

Полиция мәліметінше, жүргізушінің өзі де түрлі жарақат алып, ауруханаға жатқызылған.

Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасына қатысты адам өліміне әкеп соққан, басқару құқығы жоқ адамға көлік құралын басқаруға рұқсат беру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция кәмелетке толмағандардың көлік құралдарын басқаруына жол беруге болмайтынын еске салып, ата-аналарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Барлық жаңалық