🤖 Digital

Әуежайдағы жүкті жасанды интеллект тексереді

Әуежайдағы жүкті жасанды интеллект тексереді

Енді еліміздің әуежайларында жүк құжаттарын өңдеуге жасанды интеллект енгізіледі. Бұл жаңашылдық жүк рәсімдеу уақытын бірнеше есе қысқартып, қағазбастылықты азайтуға мүмкіндік береді. Бұған дейін қолмен толтырылатын және жарты сағатқа дейін уақыт алатын рәсімдер енді бірнеше секунд ішінде орындалуы мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.

Үкімет отырысында бұл туралы TransInfoTech компаниясының бас директоры Мәлік Бердіғалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық International Air Transport Association ұйымының e-Freight стандарты аясында жүк авиациясын толық цифрландыруға кіріскен.

Қазірдің өзінде бірыңғай e-Freight платформасына Қазақстандағы 17 әуежай мен 56 әуе тасымалдаушысы қосылған. Жүйе арқылы Азаматтық авиация комитеті, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүк ағынын онлайн бақылап, талдау жүргізе алады.

«Жобаның маңызды бөлігі – құжат айналымын толық электронды форматқа көшіру. Қазір коммерциялық құжаттарды өңдеу кезінде деректерді енгізу процесі жасанды интеллект арқылы автоматтандырылады. Бұл рәсімдеу уақытын 30 минуттан бірнеше секундқа дейін қысқартады. Сонымен қатар жүйе адами қателікті азайтып, логистиканың тиімділігін арттырады», дейді М.Бердіғалиев.

Жоба аясында Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау жүйесімен интеграция толық аяқталған. Соның нәтижесінде ішкі жүк тасымалы электронды әуе жүкқұжаттары арқылы жүзеге аса бастаған. Қазір дәл осындай жұмыс халықаралық бағыттарда да жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, KEDEN кедендік рәсімдеу жүйесімен интеграция аяқталуға жақын. Бұл жүйе арқылы жүк туралы алдын ала мәліметтер мен оның елге келгені жөніндегі ақпарат электронды форматта рәсімделеді. Келесі маңызды қадам – электронды әуе жүкқұжаттарын кедендік декларациялау жүйесінде толыққанды құжат ретінде заңды түрде мойындату.

«Келесі кезең – электронды әуе жүкқұжаттарын кедендік декларациялау жүйесінде толыққанды құжат ретінде тану. Бұл үшін Қаржы министрлігінің қолдауы қажет. Соның нәтижесінде авиациялық жүктерді толық қағазсыз әрі автоматтандырылған кедендік рәсімдеуге жол ашылады. Бұл халықаралық логистиканы жылдамдатып, Қазақстанның өңірлік транзиттік хаб ретіндегі бәсекеге қабілетін арттырады», деді компания басшысы.

Негізінен әлемдік логистика саласы қазір жасанды интеллект пен автоматтандыруға жаппай көшіп жатыр. Өйткені жүк айналымының көлемі артқан сайын құжатты қолмен рәсімдеу уақыт жоғалтып қана қоймай, қателік тәуекелін де көбейтеді. Ал цифрлық жүйелер жүктің қозғалысын нақты бақылап, шекарадан өткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Бізге де бұл бағыттың маңызы ерекше. Себебі ел Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі транзиттік дәліздердің бірінде орналасқан. Сондықтан әуе логистикасын жедел әрі тиімді ету уақыт күттірмейтін талап.

 

Барлық жаңалық