Сұхбат

«Жасанды интеллект дәуірі мен қымбатшылықпен күрес»: Биылғы Жолдау несімен ерекше?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Сарапшылардың пікірінше, бұл Жолдау алдыңғыларынан айтарлықтай ерекшеленеді. Биыл Президент ең алдымен экономикалық даму мәселелеріне тоқталды. Экономиканы цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, инфляцияны ауыздықтау, инвестиция тарту және жаңа Smart City жобасы сияқты бастамалар басты назарда болды. Осы тақырыптарды талқылау үшін Ozgeris.info тілшісі қаржы маманы Айбар Олжаевпен сұхбаттасты. 

- Айбар мырза, биылғы Жолдау былтырғыдан несімен ерекшеленді деп ойлайсыз? Президент қандай идеяларға, жаңашылдықтарға басымдық берді?

Биылғы жолдаудың негізгі тақырыбы – экономиканы цифрландыру және оны жасанды интеллекттің басқаруына беру. Бұл өте дер кезінде көтерілген бастама деп есептеймін. Қазір ЖИ чиптер мен технологиялық жарыс дәуірі жүріп жатыр. Әсіресе Қытай, АҚШ, Еуроодақ, Жапония, Канада елдері технологиялық лидерлікті сақтап қалу үшін өзара бәсекеге түсті. Қазақстан мұның бәріне сырттай қарап отыра алмайды. Бізде де технология дамып жатыр, өз космотехнологиямыз бар, цифрландыруға бет алдық. Бірақ мұның бәрін жоғалтпай, келесі кезеңге өтуіміз керек. Ол, әрине, ЖИ дәуірі. Әйтпесе қалғанының барлығы мәнін жояды. Сондықтан бір қадам алға басу қажет. Президент осыған айрықша тоқталды, бірақ көпшілік мұны терең түсіне қоймады.

Егер біз экономикамызды жасанды интеллект реестріне енгізсек, онда өнімсіз жұмыспен айналысып жүрген көптеген адам босап, процестер жылдам әрі тиімді бола түседі. Өйткені қазіргі ең әлсіз тұсымыз, идеядан іске көшу кезеңінің өте баяу жүруі. Мемлекеттің бюрократиялық аппаратын жеңу қиын, ал ЖИ осыған балама дұрыс шешім бола алады. Нәтижесінде экономикамыздың сапасы түбегейлі өзгереді. Президенттің ойы да осыған саяды.

– Сіз жақында қымбатшылық пен инфляция жайлы жазған едіңіз. Бұл тақырыпты Президент те Жолдауда қозғады. Сіздің ойыңызша, жағдайды тұрақтандыруға қандай нақты шаралар көмектесе алады?

2020 жылғы пандемиядан бері қымбатшылық ата жауымызға айналды. Бес жыл бойы сонымен алысып келеміз. Жолдауда Мемлекет басшысы экономиканың жетістіктерін жоққа шығармай, халық табысын жеп жатқан жоғары инфляция туралы ашық әрі қатқыл айтты. Расында да, бізде экономиканың төрт негізгі параметрінің үшеуі жақсы дамып жатса, төртіншісі – инфляцияда сүрініп тұрмыз. Өмірлік мысал айтайын. Алматыда тұрамын, күнде түскі асты №12 қалалық емхананың асханасында ішемін. Бұрын палау, винегрет пен каркаде алғанда 1820 теңге төлейтінмін. Өткен аптада ол 1920 теңгеге қымбаттап кетті. Бұл бір аптада палау мен винегреттің инфляциясы 5,5% болды деген сөз.

Қазір қымбатшылықтың үш негізгі тірегі бар: тарифтер, тамақ және бензин. Ал келесі жылы оған төртінші фактор қосылады – жаппай енгізілетін қосылған құн салығы (ҚҚС).

Қымбатшылықтан құтыла аламыз ба деген сұраққа жауап берейін. Тарифтер бойынша бағаны ұстап тұру мүмкін емес. Коммуналдық желілерді толық жаңаламайынша, 5-6 жыл шыдауға тура келеді. Бірақ тарифтен түскен ақшаның мақсатты жұмсалуын микроскоппен бақылап отыру керек. Бензин бойынша нарық өзі реттейді. Дефицитті азайту үшін BYD сияқты Қытайдың арзан көліктерін көптеп баж салығынсыз әкеліп, такси мен сервистік көліктерді түгел электромобильдерге көшіру қажет. Ал азық-түлік бойынша өзіміз өндірісті күшейтіп, барлық тамақты ішкі өндірістен қамтамасыз еткеніміз жөн. Мемлекет басшысы ШОС саммитінде Қытайдың инвестициялық қорларын Қазақстанға ашып, 15 миллиард долларға нақты келісімдер жасады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Егер инвестицияны жаңа энергетика мен агросекторға бағыттасақ, екі жылдан кейін қымбатшылықты тоқтатуға болады.

Экономиканың төресі – мінез-құлық экономикасы. 2017 жылы Ричард Талер осы бағытты зерттегені үшін Нобель сыйлығын алды. Біз ұзақ жылдар бойы қымбатшылыққа үйреніп қалғандықтан, «баға бәрібір көтеріледі, теңге бәрібір құлдырайды» деген қоғамдық шартты рефлекс қалыптасты. Ал зерттеулер көрсеткендей, егер экономикалық негіз болмаса да, халықтың инфляцияға деген күтуі жоғары болса, инфляция өз-өзінен пайда болады. Мысал ретінде морковча сататын кәріс апаны айтайын. Ол 30 жыл бойы сауда жасады. 90-жылдары баға шынымен де күрт өсіп тұрды, аренда қымбаттады, рэкетирлер қысым көрсетті. Сол кезде апа өнімін жыл сайын 50%-ға қымбаттатып келді. Соған үйреніп қалды. Соңғы бес жылда аренданың да, сәбіздің де бағасы жылына 5%-дан артық көтерілген жоқ. Бірақ апа инерциямен өнімін тағы 45%-ға артық қымбаттата берді. Сатып алушылар да соған үйреніп, ала берді. Сөйтіп, ешқандай негізсіз «морковча инфляциясы» пайда болды. Қазақстандағы инфляция да дәл сондай: жартысы нақты экономикалық факторларға байланысты, жартысы қоғамның психологиялық әдетінен туындайды.

– Президент Қазақстанда крипторезервтерді құруды тапсырды. Ол үшін Ұлттық банк базасында цифрлық активтердің мемлекеттік қоры қалыптастырылуы қажет. Болашақта электронды валютаны жаңа инновациялық қалаларда кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Криптоактивтерді резерв ретінде қолдану идеясын қалай бағалайсыз?

Крипторезерв тақырыбы Ұлттық банкте баяғыдан қаралып келе жатыр. Екі ұғымды ажырата білу керек. Біріншісі – цифрлық теңге. Бұл криптовалюта емес, блокчейн технологиясы арқылы жасалған мемлекеттік теңге. Оның артықшылығы – ақша қозғалысын бақылау мүмкіндігі. Қайда кетті, кім алды, мақсатына сай жұмсалды ма – барлығы қадағаланады. Бұл бағыт бізде жақсы дамып жатыр. Екіншісі – крипторезерв. Яғни әлемдегі белгілі бір көлемдегі биткойнді ұлттық қорда ұстап отыру. Бұл – сыртқы нарықтағы инвестициялық саясаттың бір бөлігі. Егер ертең криптовалюта дамып кетсе немесе керісінше құлдыраса, Қазақстан да шетте қалмайды. Сол үшін біз кемінде бір резервке ие болуымыз керек. Бұл шешімді өте дұрыс деп санаймын. АҚШ та осыған келе жатыр.

– Ұлттық жоба болып саналатын Alatau City қаласына Үкіметке тікелей бағынатын арнайы мәртебе берілмек. Бұл қала алғашқы толыққанды цифрлық Smart City болып, онда тауарлар мен қызметтерді, соның ішінде криптовалюта арқылы төлеу мүмкіндігі қарастырылады. Тоқаев Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Цифрлы Smart City бастамасы туралы не айтасыз? Оның әлеуметтік-экономикалық әсері қандай болуы мүмкін?

Бұл – Чунцин мен Шэньчжэнь моделіне ұқсас тәжірибе. Ақылды қала, ұшатын такси, дронмен жеткізу сынды технологияларды тестілеуден өткізетін өзіміздің сынақ алаңымыз болады. Бұл қалада IT мамандары мен инженерлер өмір сүреді. Белгілі бір эксперименталды қала болады. Осы жоспарларымызды Алматы немесе Астана қалаларында жүзеге асыра алмаймыз, сондықтан Алатау осындай мүмкіндік береді.  

Алатау City бізге ең алдымен инновациялық-экономикалық жағынан керек. Себебі алдыңғы уақытта қабылданатын барлық шешімдерді осы жақта алдымен сынақтан өтікізіп, бақылап, кейін басқа өңірлерге де енгізе аламыз. Экономикалық әсері өте жағымды болады. Жалпы ішкі өнімімізде белілі  бір инновациялық тауарларды шығаратын кластерге айналатын алаңға айналуы мүмкін. Басын бастап алсақ, ертең инвесторлар қызығып келе бастайды. Мысалы, еркін экономикалық аймақ болса, ертең кез келген қаладан визасыз келе алатын болса адамдар. Мүмкін, біз өзіміздің аэротакси алаңын құрамыз, мүмкін дрондар арқылы қызмет шығарамыз. Ертең жастардың барлығы баратын орта болатыны сөзсіз. Қазір әлеуметтік экономикалық маңызы туралы сандар келтіре алмаймыз, десе де, болашаққа жасалған батыл қадам деп айтуға болады. 

Барлық жаңалық