2025 жылдың алғашқы алты айында елімізде 310 миллиард теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған. Бұл туралы Қаржы министрлігі мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.
Министрлікке қарасты Ішкі мемлекеттік аудит комитеті жүргізген тексеріс барысында жалпы сомасы 921 миллиард теңгеден астам қаражат қамтылып, 1699 рәсімдік заңбұзушылық анықталған.
Қаржылық заңбұзушылықтың салдарын азайту үшін қабылданған шаралар нәтижесінде 279,5 миллиард теңге мемлекетке қайтарылды немесе орнын толтыру жолымен қалпына келтірілді. Бұл қаржының бір бөлігі тікелей бюджетке қайтқан, ал қалғаны тауар жеткізу, қызмет көрсету және жұмыс орындау арқылы өтеліп, бухгалтерлік есепте көрсетілген.
Аудит аясында мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт мекемелері сияқты 5,9 мың нысан онлайн-мониторинг жүйесімен қамтылып, оларда жалпы сомасы 950 миллион теңгеден асатын заңсыз төлемдер жасалғаны белгілі болды.
Сонымен қатар аудит қызметі 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сараптама жүргізіп, бюджетке тапсырыс беру кезінде 860 миллиард теңге көлемінде қателіктер кеткенін анықтады. Енді бұл бағытта камералдық бақылау жүйесі толық енгізіліп, тиісті шаралар қабылданатын болады.
Жалпы, 2025 жылдың алты айында республикалық бюджетке 10,4 триллион теңге кіріс түсті. Бұл жоспарланған 11,3 триллион теңгенің 92,5%-ы ғана. Алайда былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кіріс 1,6 триллион теңгеге артқан.