Білім

Жаңа оқу жылы: Қымбат форма дауы, білімін дәлелдей алмаған мұғалімдер мен жасанды интеллект дәуірі 

1 қыркүйек - білім күні. Демек, жаңа оқу жылы басталды. Биыл 400 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. 4 миллионға жуық оқушы мектепке қайта оралды. Алғашқы қоңырау, құттықтаулар мен салтанатты жиындар әдеттегідей жоғары деңгейде өтті. Десе де, мерекелік көңіл күйдің артында не тұрғаны маңызды. Мысалы, білім ордалары жаңа оқу жылына дайын ба, үш аусымды мектептердің тағдыры не болды? Vектеп формасының жыры бұл мәселенің нүктесін қоя алмады. Ал біз ата-аналардың қалтасын қаққан шығындарды есептеп көреміз. Одан бөлек, оқушылардың заман талабына сай білім алуын көздейтін жасанды интеллекттің білім үрдісіне қосылуына сарапшылар қалай қарайды? Бұл болашаққа жол ашатын қадам ба, әлде мұғалімдердің жұмыссыз қалуына әкелетін қауіп пе? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жан-жақты саралап көрді.

Миллиондаған оқушы және жаңа мектептер

Биыл 4 миллион оқушы білім алуын жалғастырады. Олардың қатарында 400 мыңға жуық бірінші сынып оқушылары бар. Бүлдіршіндер үшін мектеп табалдырығын алғаш аттау — жаңа әлемге жол ашатын маңызды қадам. Олар жаңа ұстаздармен, жаңа пәндермен және жаңа білім беру талаптарымен танысады. 

1 қыркүйек қарсаңында елімізде 115 мың оқушыға арналған 83 жаңа мектеп есігін ашты. Ғимараттардың жартысынан астамы «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында салынған. Жалпы соңғы уақытта елімізде 400-ден астам жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы жүзге жуық мектеп ашылады деп күтілуде. Білім министрлігінің мәліметінше, үш ауысымды оқыту мәселесі іс жүзінде шешімін тауып келеді. Алайда ата-аналар бұл пікірге күмәнмен қарайды.

«Мен 4 мыңнан астам оқушысы бар мектептерді білемін. Онда әлі күнге дейін үш ауысыммен оқиды. Уәде берілгенімен, нақты нәтижелер байқалмайды», — дейді ата-ана.

Білім ордаларының салынуы мәселенің бір бөлігі ғана. Ең маңыздысы ондағы педагогтардың біліктілігі мен кәсіби дайындығы. Бірнеше жыл бұрын мұғалімдер тапшылығы болған. Қазіргі таңда министрлік барлық бос орындар жабылғанын және мектептерге жас мамандар келіп жатқанын хабарлады. Алайда Мәжіліс депутаттарының айтуынша, мәселе мұғалімдердің санында емес, сапасында болып отыр.

Ресми деректерге сүйенсек, педагогтердің 56 пайызы өз пәнінен тест тапсыра алмайды. Бүгінде мұғалімдер үш жылда бір рет біліктілікті арттыру курстарынан өтуі керек, алайда сарапшылар мұның жеткіліксіз екенін алға тартып отыр. 

Мектеп формасы мен ата-аналардың шығыны

Тамыз айының соңғы күндері дәстүрлі түрде «мектеп базарларының» қызған шағына айналады. Ата-аналардың айтуынша, биыл балаға мектепке қажетті заттарды дайындау шығыны өткен жылмен салыстырғанда 40–50 пайызға артқан.

«Бір балаға кем дегенде 150 мың теңге қажет. Тек мектеп киімі шамамен 75 мың теңгеге түседі. Ал кеңсе тауарлары мен аяқ киімге тағы осынша қаражат жұмсалады», — дейді оқушының анасы.

Соған қарамастан, мектеп формасының сапасы көңіл көншітпейді. Бүгінгі нарықтағы форманың 90 пайызы Қытайдан әкелінсе, тағы 15 пайызы Қырғызстаннан келеді. Бағасы арзан болғанымен, матасы мен дизайнына қатысты наразылық көп.

Жазда мектеп формасының міндеттілігі төңірегінде қызу пікірталас өрбіді. Кейбір ата-аналар оны алып тастауды талап еткен петициялар ұйымдастырды. Ал бірыңғай үлгіні жақтаушылар оның әлеуметтік маңызы бар екенін еске салады. Себебі Қазақстанда оқушылардың шамамен 20 пайызы аз қамтылған отбасында өсіп жатыр. Бірыңғай стандарт киімге байланысты алалаушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Қалай десек те, сұрақтың нүктесі биыл тағы қойылмады. 

Жаңа пәндер және цифрлық сауаттылық

Биылғы оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына бірқатар жаңа пәндер енгізілді. Оқушылардың сабақ кестесінде жеке қауіпсіздікке арналған сабақтар пайда болды. Атап айтқанда, бастауыш сыныпта қарапайым ережелер оқытылса, жоғары сыныптарда буллинг және қаржылық сауаттылық туралы тақырыптар қарастырылады.

Басты бағыттардың бірі — цифрлық сауаттылық болып отыр. Бастауыш сыныптан бастап балалар жасанды интеллект негіздерімен танысатын болады. Жоғары сыныптарда олар информатика мен қолданбалы пәндер арқылы білімдерін жалғастырады. Ата-аналардың пікірі әрқилы.

«Мен мектептерге жасанды интеллект енгізуге қарсымын. Әрине, оның пайдалы тұстары бар, бірақ балалар ең алдымен өздері ойланып үйренуі тиіс. Бір батырманы басып дайын жауап алуды білім деп айтуға болмайды», - дейді ата-аналардың бірі.

Сарапшылар болса, цифрлық технологияларсыз қазіргі мектеп заман ағымынан қалып қоюы мүмкін екенін айтады.  Мысалы, Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Рашит Белгібаев жасанды интеллекттің мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Жасанды интеллект оқытуды дараландыруға көмектеседі. Мұғалім әрқашан барлық оқушыға бейімделе алмайды. Ал жасанды интеллект білімдегі олқылықты толықтырып, әр баланың жеке қабілетін ашуға ықпал ете алады», — дейді.

TLap Technologies компаниясының өкілі Қанат Ахатов та бұл пікірді қолдап отыр. 

«Біз жасанды интеллектіні тек көмекші құрал ретінде қолданамыз. Ол мұғалімді алмастырмайды. Басты міндетіміз, контентті сүзгіден өткізіп, балаларды қажетсіз ақпараттан қорғау», - дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, академиялық адалдық мәселесі өзекті болып қала береді. 

«Жұмыстың кем дегенде 70 пайызын оқушы өзі орындауы тиіс, қалған бөлігінде жасанды интеллект қолдау көрсетуі мүмкін. Ол көшірме болмауы керек, керісінше мұғалім мен оқушы арасындағы талқылауға негіз болуы қажет», - деп есептейді маман. 

Рашит Белгібаевтың пікірінше, жасанды интеллект ұстаздарды алмастырады деген жаңсақ пікір. 

«Жасанды интеллект мұғалімді алмастыра алмайды. Ол оқушыны құшақтап, моральдық қолдау көрсете алмайды. Сондықтан біздің міндетіміз тек үйлесімді жүйе қалыптастыру. Жасанды интеллект жай көмекші, ал ұстаз дегеніміз құндылықтарды жеткізуші тәлімгер болып қала береді», - дейді маман. 

Сонымен қатар, ауыл мектептерінің технологияға тең қолжетімділігі мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл бағытта Starlink спутниктік интернетінің енгізілуі оң нәтиже беруде дейді мамандар. 

«Жасанды интеллектке аса жылдам интернет қажет емес, тұрақты байланыс жеткілікті. Сондықтан бұл мәселе біртіндеп өзектілігін жоя бастады», - деп атап өтті Ахатов.

Білім берудің болашағы

Қазақстан Еуразия кеңістігінде цифрлық хабқа айналуды мақсат тұтып отыр. Осы бағытта ұлттық тілдік модельдер жасалып, суперкомпьютерлер мен деректер орталықтары іске қосылуда. 2025 жылдың қазан айында Астанада Tumo шығармашылық технологиялар орталығы ашылмақ. Бұл 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған тегін алаң болады. Мұнда балалар жасанды интеллект, робототехника, 3D-модельдеу, анимация және ойын жасау сияқты заманауи бағыттарды меңгеруге мүмкіндік алады. 

Қорытындылай келе, Қазақстандағы білім беру жүйесі үлкен өзгерістер кезеңіне қадам басты. Алда әлі де шешуді қажет ететін мәселелер бар. Дегенмен қазірдің өзінде бірқатар маңызды қадамдар жасалуда дейді сарапшылар. Атап айтқанда, жаңа мектептер салынып жатыр, жаңа пәндер заман талабына сай енгізілуде, этикалық стандарттар да қалыптасуда. Сондай-ақ болашақ ғалымдарға арналған жаңа алаңдар ашылуда. 

Еліміздің болашағы адам мен машинаның үйлесімді ықпалдастығында жатыр. Жасанды интеллект сенімді көмекші құралына айналса да, ол ешқашан ұстазды және тірі қарым-қатынасты алмастыра алмайтынын ұмытпаған жөн. 

Барлық жаңалық