Жаңалықтар

Жаңа баспаналар бір жылға да шыдамады: «Болашақ» ықшам ауданында қабырғалар қақырап жатыр

Құлсары қаласының «Болашақ» ықшам ауданында былтыр су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арнап жаңадан салынып берген 100 жаңа тұрғын үйде жыл өтпей жатып ақаулар пайда бола бастады. Жергілікті халықтың айтуынша, үйлердің кейбірінің іргетасы қисайып, қабырғалары жарыла бастаған. Қазіргі кезде қар еру салдарынан кейбір үйлердің ауласы мен канализация құдықтарын да су басып кеткен. Алты баланың анасы Замира есімді тұрғын екі бөлмелі үйінде қабырғалардың жарығы көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Ол бұл жағдайға қатты уайымдайтынын жеткізді. — Қарасаңыз, қабырғадағы жарық жоғарыдан төмен түсіп, бөлмеден бөлмеге өтіп жатыр. Бұл үйді өткен жылы «Армандастар» деген компания салды. Сапасыз материал қолданды ма, білмеймін, бірақ бір жыл да толмай қабырғалары жарылып жатыр. Қазір мердігер компания уақытша басқа пәтер жалдап берді. Үйді өздері жөндеп береміз деп уәде етті. Бірақ бұл жұмыс екі айда бітеді ме, әлде одан да ұзаққа созыла ма, белгісіз. Балаларыммен далада қаламыз ба деп алаңдап отырмын, — дейді №66 үйдің тұрғыны Замира Абакова. Тағы бір тұрғын үйдің қабырғаларының арасы саусақ сиятындай ашылып, салқын тартып тұрғанын айтып шағымданды. — Өзіміздің үй апатты деп танылған соң, жаңа баспаналар заманауи үлгіде салынады ғой деп осы баспанаға қоныстанған едік. Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармады. Қараша айында көшіп келдік. Қар қалың түсті, қазір ери бастады. Еріген қар суы ауладағы төсемтастардың астына кетіп, жер шұңқырланып жатыр. Қазір үйдің қабырғасында саусақ сиятын жарықтар пайда болды, — дейді Қамқа Садықова. Жергілікті әкімдік өкілдері мен мердігер мекемелер бұған жауап ретінде үйлерді өз күштерімен жөндеп беретінін уәде еткен. — Арнайы мамандар әр үйді тексеріп, сараптама жүргізеді. Қабырғалардың не себепті жарылып жатқанын анықтаймыз. Қосымша ақпаратты кейінірек береміз, — дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов. Еске салсақ, былтыр орын алған тасқын салдарынан Атырау облысы Жылыой ауданы орталығында 2 600 үйді су басқан болатын. Оның ішінде 1 455 үй апатты деп танылып, иелеріне жаңа баспана алу үшін мемлекеттік қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры есебінен жаңа 100 үй салынып берілді.  
Барлық жаңалық