Иранда соғыс басталды. Әскери соққылар алғашқы минуттарда елдің жоғары саяси және қауіпсіздік басшылығына бағытталды. Жоғарғы көшбасшы Аятолла Хаменеи қаза тауып, 40 күндік аза жарияланды. Қаза тапқандар қатарында Қорғаныс министрі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы және басқа да жетекші тұлғалар бар екені белгілі болды. Бұл жайт бізге қалай әсер етпек? Мамандар жауабынан білейік, деп жазадыOzgeris.info.
Сталин де, Гитлер де бұлай жасамаған...
Таяу Шығыстағы соңғы оқиғалар дипломатиялық қарсы тұру шеңберінен шығып кетті. АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы нысандарға соққы жасады. Бұған жауап ретінде Иран Израильге және өңірдегі америкалық әскери қатысуға байланысты нысандарға соққы берді. Қазір әскери эскалация кезеңін көріп отырмыз. Бірақ оның әрі қарай қалай өрбитіні тараптардың саяси шешімдеріне байланысты. Мұндай жағдайда нарықтар дипломаттардан бұрын әрекет етеді.
Бұл жай ғана кезекті қақтығыс емес. Бұл соғыстың басталу логикасы, тәсілі және салдары жағынан мүлде жаңа кезең екенін көрсететін оқиға. Экономист Алмас Чукин бұл жағдайға эмоциясыз, география мен экономикалық мүдде тұрғысынан қарау керек дейді. Айтуынша, Иран Орталық Азия үшін ең алдымен стратегиялық географиялық ел.
«Мен 90 жылдардың соңынан бері айтып келемін, географиялық тұрғыдан Орталық Азия үшін ең маңызды ел Иран. Көпшілік Ресей мен Қытайды айтады. Бірақ картаға қарау керек. Біздің аймақ теңізге тікелей шыға алмайды. Өзбекстан тіпті екі рет құрлықпен қоршалған. Ал Иран біз үшін Батыс бағыттағы теңізге шығатын нақты мүмкіндік. Түрікменстан темір жолының Иранмен түйіскен жерінен Парсы шығанағына дейін 1200-1500 км ғана. Бұл Астанадан Алматыға дейінгі арақашықтықпен шамалас. Осы жолды еңсерсең, сен ірі порттарға жетесің. Мұнайды да, астықты да, кез келген жүкті де әлемдік нарыққа шығара аласың. Ол жерден Роттердамға дейін теңізбен 3-4 апта. Ал қазіргідей Ресей арқылы Новороссийскке дейін апарып, Қара теңіз, Босфор, Жерорта теңізі арқылы өткізудің қиындығын ұмытасың», дейді Алмас Чукин.

Оның айтуынша, темір жол арқылы Иранмен Еуропаға дейінгі қашықтық шамамен 3500 км. Бұл Алматыдан Мәскеуге дейінгі жолдан сәл ғана ұзын. Егер Иранда билік өзгеріп, Батысқа ашық немесе кемінде жау емес саясат ұстанатын режім қалыптасса, санкциялар алынуы мүмкін.
«Санкциялар алынатын болса, бұл Орталық Азия үшін жаңа экономикалық шындық болады. Қазір бізді Каспий теңізі тұйықтап тұрғандай. Ал құрлық дәлізі толық іске қосылса, көне сауда жолдары қайта жанданады. 80 млн халқы бар, ресурсы мол, жас еңбек күші бар елмен тікелей байланыс ашылады. Бұл инвестиция үшін де, транзит үшін де үлкен мүмкіндік. Өркениет Ніл бойында басталды. Кейін теңіз жағалауымен Месопотамияға жетті. Қазіргі Иран, Ирак, Тигр мен Евфрат аңғары. Одан кейін Сырдария мен Амудария алқаптарына тарады. Бұл дәліз пирамидалардан да көне. Мыңдаған жылдық тарихы бар. Бүгін біз сол тарихи кеңістіктің ортасында отырмыз. Мен бұл соғысқа моральдық баға бермеймін. Мен нәтижеге қараймын. Біз соғыстың жаңа формасын көрдік. Соғыс басталды және ол жаппай бомбалаудан емес, бірден басшылықты жоюдан басталды. Бұл бұрынғы соғыс логикасын түбегейлі өзгертеді», дейді экономист.
Ол бір телекомментатордың сөзін еске алады. Соққы неге таңғы 8-10-дарда жасалды деген сұрақ туындаған. Кейін белгілі болғандай, дәл сол уақытта Аятолла Хаменеи 40 шақты жоғары лауазымды тұлғамен кеңес өткізуге жиналған. Уақыт өзгертілген. Соның салдарынан жоғарғы басшылық жойылған. Ежелден бері билеуші билеушіге тікелей қол сұқпайды деген үнсіз қағида болды. Екі әскер соғысады, бірақ билеушілерге әдейі шабуыл жасалмайды. Сталин де, Гитлер де бір бірінің резиденциясын нысанаға алған жоқ. Қазір бұл шектеу жойылды. Оның пікірінше, қатаң бір орталыққа бағынатын режимдер сырттай мықты көрінгенімен, ішкі құрылымы әлсіз.

Алмас Чукин Венесуэла мысалын да келтіреді. Экономист соғыстың мақсаттары да өзгергенін айтады.
«Бір кезде президентті әскери тікұшақпен алып кетіп, сотқа жеткізгенін көрдік. Біраз уақыт өткен соң АҚШ министрі Венесуэлаға барып, Chevron жұмыс істеп жатқан кен орнына барды. Делси Родригеспен бірге жүрді. Санкциялар ішінара алынып жатыр. Саяси тұтқындар босатылды. Бұрынғы көшбасшы туралы ешкім сөз қозғамайды. Доллар келіп жатыр. Демек, жүйе жаңа жағдайға бейімделе алады. Ежелгі заманда басты құндылық жер болды. Қазір жоғары технологиялы елді басып алудың экономикалық мәні жоқ. Сен тек қиранды инфрақұрылым аласың. Оны қалпына келтіруге орасан қаржы кетеді. Пайда жоқ. ХХ ғасырда қақтығыстар идеологиялық сипат алды. Кейін режим ауыстыру соғыстары көбейді. Бірақ сырттан әкеліп орнатқан көшбасшы қоғамға сай келмеуі мүмкін. Қазіргі прагматикалық логика басқа. Егер бір адам жүйеге кедергі болса, соны нүктелік түрде алып тастау. Ал елдің өзі әрі қарай жолын өзі анықтайды», дейді Алмас Чукин.
Ирандағы соғыс аймақтық оқиға болып көрінгенімен, оның салдары кең болуы мүмкін. Санкциялар тағдыры, көлік дәліздері, транзиттік бағыттар, энергетикалық жобалар қайта қаралуы ықтимал. Орталық Азия үшін бұл тек сыртқы жаңалық емес. Бұл болашақ экономикалық мүмкіндіктер мен геосаяси бағыттың өзгеруі туралы мәселе.

Әлемдік энергия қақпасы қауіп аймағында
Парсы шығанағы мен Оман шығанағын жалғап жатқан Ормуз бұғазы – бүгінде әлемдегі ең маңызды энергетикалық қақпалардың бірі. Тар теңіз дәлізі болғанымен, оның маңызы орасан. Қазір бұл аймақ соғыс жүріп жатқан қауіпті нүктеге айналды. Әрбір әскери шиеленіс мұнай бағасына, газ жеткізіліміне және жаһандық инфляцияға тікелей әсер етуі мүмкін. Мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов Ормуз бұғазының рөлін былай сипаттайды:
«Ормуз бұғазы – әлемдегі ең маңызды “энергетикалық қақпалардың” бірі. Бұл – Парсы шығанағы мен Оман шығанағы арасындағы тар теңіз дәлізі. Солтүстігінде – Иран, оңтүстігінде – Біріккен Араб Әмірліктері мен Оман орналасқан. Осы бұғаз арқылы тәулігіне шамамен 20 млн баррель мұнай және мұнай өнімдері өтеді. Бұл – әлемдік тұтынудың шамамен 20%-ы. Сонымен бірге әлемдегі сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің 25%-ына дейінгі бөлігі осы бағытпен тасымалданады. Әсіресе Катар мен Біріккен Араб Әмірліктерінің газы осы теңіз жолына тәуелді. Негізгі экспорттаушылар қатарында Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Ирак, Кувейт, Иран және Катар бар. Яғни әлемдік энергия нарығындағы шешуші елдердің басым бөлігі Ормуз бұғазына тәуелді», дейді сарапшы.
Сарапшы балама бағыттардың шектеулі екенін атап өтеді. Балама бағыттар өте шектеулі. Мұнайдың бір бөлігін құбыр арқылы бағыттауға болады. Мысалы, Сауд Арабиясындағы East-West құбыры немесе ADNOC компаниясының Фуджейра бағыты бар. Бірақ сұйытылған табиғи газ негізінен теңіз логистикасына тәуелді. Ол толықтай Ормуз арқылы өтеді. Қазір танкерлерге арналған сақтандыру төлемдері көтерілген. Дегенмен жаппай маршруттан бас тарту байқалмайды. Мұнай мен газ ағыны сақталып отыр. Соған қарамастан нарықтар тәуекелді бірден сезінді. Бір күн ішінде Brent маркалы мұнай бағасы 73 доллардан асты. Абзал Нарымбетов қазіргі тәуекелдерді нақтылап көрсетеді:
«Қазір тәуекелдің басты нүктесі – тіпті жергілікті сипаттағы оқиғалардың өзі. Дрон шабуылдары, миналар немесе танкерлерге жасалған соққылар нарықтан уақытша 1-3 млн баррель мұнайды алып тастауы мүмкін. Егер жағдай ушықса, бұғаз ішінара жабылса, 10-15 млн баррельге дейін қысқару қаупі бар. Толық жабылу ықтималдығы төмен болғанымен, жүйелік сценарий ретінде 20 млн баррельге дейінгі көлем нарықтан шығып, Brent бағасы 100 доллардан асуы мүмкін. Негізгі соққы алдымен Азияға тиеді. Одан кейін жаһандық инфляцияға әсер етеді».

Тәуекел қай тұста?
Экономист Руслан Сұлтанов Ормуз бұғазының рөліне назар аударады.
«Мұнда тәулігіне шамамен 20 млн баррель мұнай және мұнай өнімдері өтеді. Бұл әлемдік тұтынудың шамамен 20%-ы және теңіз арқылы тасымалданатын мұнай саудасының төрттен бірінен астамы. Сонымен қатар сұйытылған табиғи газдың елеулі бөлігі, оның ішінде Катар экспортының басым бөлігі осы бағытпен өтеді. Яғни Ормуз – әлемдік энергетиканың тар тұсы. Мұндағы кез келген тұрақсыздық бірден бағаға әсер етеді», дейді сарапшы.
Р.Сұлтанов сақтандыру нарығын жасырын триггер деп атайды. Әскери фаза басталғаннан кейін Ормуз арқылы өтетін транзитке әскери сақтандыру сыйақысы шамамен 50%-ға өсті. Әскери тәуекелдің базалық мөлшерлемесі кеменің құнының шамамен 0,25%-ы. Құны 100 млн доллар болатын танкер үшін бұл бір өткелге 250 мың доллар деген сөз. Эскалация жағдайында сыйақы бірнеше есе өсуі мүмкін, ал жекелеген рейстер экономикалық тұрғыдан сақтандыруға келмейтін деңгейге жетуі ықтимал. Сондықтан кейде нарық қозғалысты физикалық түрде тоқтатудан бұрын өзі тежейді..
«Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің айналма құбырлары тәулігіне шамамен 3 млн баррель өткізе алады. Ал Ормуз арқылы 20 млн баррель өтеді. Бұл ағынды толық алмастыру мүмкін емес. Импорттаушыларға келсек, ең сезімтал аймақ – Азия. Жапония мұнай импортының шамамен 70-75%-ын осы бұғаз арқылы алады. Сыртқы жеткізілімге жоғары тәуелділік оның энергетикалық теңгерімін осал етеді. Оңтүстік Корея шамамен 60% мұнайды осы бағытпен алады. Үндістан мұнай импортының 50%-ын және газдың елеулі бөлігін Парсы шығанағынан алады. Мұндай жағдайда рупияға қысым, инфляцияның жеделдеуі және ЖІӨ өсімін қайта қарау ықтимал. Қытай көлем бойынша ең ірі импорттаушы. Бағалау бойынша өңірден келетін жеткізілімнің 55-60%-ы Ормуз арқылы өтеді. Дегенмен Қытайдың құбырлар мен балама жеткізушілер арқылы әртараптандыруы тікелей операциялық тәуекелді азайтады», дейді Руслан Сұлтанов.
Экспорттаушылар үшін де жағдай күрделі. Сауд Арабиясы осы бағыт арқылы тәулігіне шамамен 5-6 млн баррель экспорттайды. East-West құбыры ішінара айналып өтуді қамтамасыз етеді, бірақ бұғазды толық алмастырмайды. Ирак пен Кувейт іс жүзінде толық тәуелді. Біріккен Араб Әмірліктерінде Фуджейра бағыты бар, бұл осалдықты азайтады. Катардың сұйытылған табиғи газы толықтай Ормуз арқылы өтеді. Егер жеткізілім тоқтаса, Азия мен Еуропада газ бағасы күрт өсуі мүмкін. Экономист ықтимал сценарийлерді де бөліп көрсетеді:
«Бірінші сценарий – шектеулі эскалация. Бұғаз ашық қалады. Сақтандыру сыйақысы өседі, бірақ қозғалыс жалғасады. Brent бағасына тәуекел үстемесі қосылады. Құбылмалылық артады, алайда жаһандық өсім бұзылмайды. Goldman Sachs бағалауынша, стресс сценарий мынадай. Егер Ормуз арқылы өтетін ағын бір айға жартылай қысқарып, кейін тағы шамамен бір жыл бойы 10% төмен деңгейде қалса, Brent орта есеппен шамамен 95 доллар деңгейінде болуы мүмкін, ал шарықтау шегінде шамамен 110 долларға жетуі ықтимал. Екінші сценарий – қысқа мерзімді ішінара қысқару. Егер ағын 30-50% төмендесе және бұл бірнеше аптаға созылса, баға 100 доллардан жоғары көтерілуі мүмкін. Инфляциялық күтулер күшейеді. Орталық банктер қатаң ұстанымға көшуі ықтимал. Үшінші сценарий – ұзақ мерзімді шектеу. Егер ағын айлар бойы қысқарса, бұл жаһандық ұсынысқа теріс соққы болады. Әлемдік экономиканың синхронды баяулау ықтималдығы артады. Қор нарықтарында түзету жүруі мүмкін. Дамушы елдердің валюталарына қысым күшейеді», дейді сарапшы.
Қазақстан үшін ықпал екіжақты болуы ықтимал. Мұнай бағасының жоғары болуы әдетте ағымдағы шот көрсеткіштерін жақсартады. 2022 жылы мұнай бағасының өсуі профицитпен қатар жүрді. Егер баға 100 доллардан жоғары тұрақты сақталса, экспорттық түсім мен төлем балансы күтулерінің есебінен теңгенің нығаю ықтималдығы артады. Бірақ сонымен бірге жаһандық инфляция өседі, капитал ағындарының құбылмалылығы күшейеді және инвестициялық шешімдердегі белгісіздік ұлғаяды. Сондықтан Қазақстан үшін әсер екіұшты болуы мүмкін. Қысқа мерзімді жақсару, бірақ жаһандық тұрақсыздықтың өсуі.