Қоғам

Ата-анасы төлемеген несие балаға зиянын тигізе ме?

Ата-анасы төлемеген несие балаға зиянын тигізе ме?

Қазақстанда ата-ананың несиесі кешіктірілген жағдайда кәмелетке толмаған баланың банк картасы да бұғатталатыны қоғамда қызу талқыланып жүр. Бұл қаншалықты заңды деген сауалға Naryk.kz редакциясы ресми түрде жүгініп, Ұлттық банктен түсініктеме алды, деп жазады Ozgeris.info Naryk.kz-ке сілтеме жасап.

 

Ұлттық банктің жауабында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 17-бабы негізге алынғаны көрсетілген. Аталған бапқа сәйкес, азаматтың өз әрекеттерімен азаматтық құқықтарға ие болу және оны жүзеге асыру, өзіне міндет жүктеу және оны орындау қабілеті 18 жасқа толғанда ғана толық көлемде пайда болады. Яғни, кәмелетке толмаған бала толыққанды азаматтық әрекет қабілеттілігіне ие емес.

 

Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес, төлем картасы эмитент пен клиент арасында жасалатын шарт негізінде беріледі. Алдын ала төленген карталарды қоспағанда, төлем картасы клиенттің банк шотына қол жеткізу құралы болып саналады. Бір шарт аясында жеке тұлғаға бірнеше қосымша төлем картасын шығаруға рұқсат етіледі. Бір банк шотына әртүрлі төлем жүйелерінің бірнеше картасы тіркелуі мүмкін. Ұлттық банк бұл мәселеге нақты тоқталған: 

 

«Қосымша төлем карталары банкпен шарт жасасқан клиенттің банк шотына шығарылады. Клиенттің кәмелетке толмаған балалары қосымша карталарды пайдаланған жағдайда да банк шотының иесі банкпен шарт жасасқан клиент, яғни, ата-ана болып қала береді».

 

Азаматтық заңнамаға сәйкес, балалардың өз бетінше жасай алатын мәмілелері шектеулі. Сондықтан балаға берілетін карта оның атына рәсімделгенімен, жеке шот ашылмайды. Ол ата-анасының шотына тіркелген қосымша карта арқылы сол шоттағы қаражатты пайдаланады.

 

Егер ата-ананың өтелмеген берешегі болса, банк шотына шектеу қойылады. Мұндай жағдайда ата-ананың негізгі карталары арқылы да, кәмелетке толмаған баланың қосымша картасы арқылы да шығыс операцияларын жүргізу мүмкіндігі шектеледі. Себебі шот иесі ата-ана болып табылады.

 

Сонымен бірге мерзімі өткен қарызды өндіріп алу кезінде белгілі бір қорғаныс тетіктері қарастырылған. Банктің төлем талабы жеке тұлғаның ағымдағы шотындағы қаражаттың 50 пайызынан аспайтын мөлшерде орындалады. Сондай-ақ банк жеке тұлғаның бір банктегі ағымдағы шотында кемінде күнкөріс минимумының екі еселенген мөлшерін сақтауға міндетті. 2026 жылы бұл сома 101 702 теңгені құрайды.

 

Егер шотта осы ең төменгі қалдық сақталса және басқа да шектеулер болмаса, ата-ананың шотындағы қолжетімді қаражат шегінде баланың картасымен шығыс операцияларын жасауға мүмкіндік бар.

 

 

Барлық жаңалық